Екпеден қашу - жұқпалы ауруға жол ашу
Фото: kamgov.ru
Қаншама адамды жалмаған шешек сияқты дерт атаулының бәрі де жұқпалы ауруларға қарсы вакцина табылып, екпе егілген соң ғана жойылған.
Шығыс Қазақстан облысының штаттан тыс бас инфекционисті екпенің маңызын бір мысалмен түсіндіріп берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
- Біздің медицинамыз толықтай аурудың алдын алуға бағытталған. Мен медициналық институтта оқып жүрген кезімде, жұқпалы аурулар ауруханасына баруға қорқатынмын. Себебі, ол кезде ауруханада бауыр циррозымен ауырып жатқан балалар өте көп болды. Олар жұқпалы жедел вирусты гепатит В ауруын жұқтырудан соң, аурулары асқынып, бауыр циррозы ауруына шалдыққандар болатын. 1994-1995- жылдары жедел вирусты гепатит В жұқпалы ауруына вакцина салу басталғаннан кейін гепатит В ауруы мүлдем жойылды. Қазір балаларға туылғаннан кейін бірнеше сағаттан соң жедел вирусты гепатит В ға қарсы екпе салынады. Бүгінгі күні облыс бойынша бізде бірде- бір жедел вирусты гепатит В ауруы тіркелмеген. Міне, осыдан-ақ екпенің маңыздылығын, қаншалықты қажет екенін ұғуға болады, – дейді ШҚО-ның штаттан тыс бас инфекционисті Назигүл Сапарғалиева.
Инфекционист мамандардың айтуынша, қызылша жұқпалы ауруына қарсы екпе алған адамдар онымен мүлде ауырмайды деп айтуға келмейді. Бірақ оларда ауру екпе алмағандарға қарағанда жеңіл, асқынусыз өтеді. Сонымен қатар вакцина алғандарда жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы өте сирек кездеседі екен.
Жанаргүл Мұқатай