ШҚО-да екі тау-кен байыту комбинатын салу жоспарда бар
Шығыс Қазақстаннан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына 1,1 триллион теңгеге 42 жоба енгізілді. Оның ішінде 77 млрд теңгеге жоспарланған сегіз жобасы биыл жүзеге асырылды.
Бүгін Өскеменде өтіп жатқан халықпен есептік кездесуінде ШҚО әкімі Ермек Көшербаев екі тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Олардың бірі жылдық қуаты 25 млн тонна мыс кенін өңдейтін кәсіпорын болса, екіншісі - 452 млрд теңгеге жылына 29 мың тоннаға дейін сподумен концентраты мен литий карбонатын өндіретін комбинат.
Сондай-ақ облыстағы инвестиция көлемінің 45% үлесіне ие Өскеменде үш жоба жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, тамақ өнімдерін өндіретін көпфункционалды кешен, катодты алтын өндіретін гидрометаллургиялық зауыт және GDP жүйесі бойынша сауда-өндірістік кешенінің құрылыстары.
Сондай-ақ АЖТ (ДСП) өндіретін зауытты қайта жаңарту және құю өндірісін жаңғырту көзделіп отыр.