KZ
Өскемен
-6°
туман жел 1 м/с, С
498.55 524.28 4.75

Тұрғындар не себепті екпеден бас тартады?

Фото: izvestiy-kamen.ru

16.02.2024, 23:30 154 Айна Ескенқызы

Былтыр облыстағы нысаналы топқа жататын балалардың 95 пайызына профилактикалық екпе салынды. Дегенмен осы уақыт аралығында екпеден бас тартқан 116 жағдай белгілі болды.

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиевтің мәлімдеуінше, ел ішінде екпеден бас тартатындар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Сондықтан екпеден бас тарту жағдайлары есепке алынып, себептеріне талдау жүргізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бұл адамдардың 65 пайызы өздерінің түсінігі бойынша екпеден бас тартса, қалғандары екпеге күмәнмен қарайтынын, алғашқы баласына салғызған кезде теріс реакция болғандығын айтып келісім бермеген. Сондай-ақ әлеуметтік желілелердегі теріс ақпараттың салдарынан, діни көзқарасына қайшы келгендіктен бас тартқандар да бар, – деп түсіндірді департамент басшысы.

Бас тартқандардың көбі Өскеменде (41 жағдай) тіркелген. Одан бөлек Күршім (22), Глубокое (22), Алтай, Зайсан аудандарында, Риддер қаласында да қарсы болғандар бар.

Департамент басшысының ақпаратына сүйенсек, 6 жасқа дейінгі нысаналы топқа жататын балалардың әртүрлі ауруларға қарсы егілу  көрсетшісі – 89,9–98,2% . 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, кейінгі 150 жылда әлем халқының өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайды, оның 25 жылына екпенің арқасында қол жеткізілді. Елімізде иммундау мәселесі денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып саналады. Вакцина салудың арқасында дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, індеттік паротит, қызылша, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез, гемофильді жұқпа сияқты инфекциялармен сырқаттану деңгейі айтарлықтай төмендеді. Кейінгі 15 жылда профилактикалық екпе салу күнтізбесі аурулардың тізбесін кеңейту есебінен біраз өзгеріске ұшырады, аралас екпелер енгізіліп жатыр.  Сол себепті ата-аналар, ересектер профилактикалық егудің маңызын түсінуге тиіс, - деп қорытындылады Қанат Тұрдиев.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу