ШҚО-да биыл 82 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр
Фото: Аяужан Утеулинова
Былтыр Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы, ауылдар, моно және шағын қалалардағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемі 1,5 есеге артып, 19 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ақпараты бойынша, аталмыш қаражат есебінен Өскеменде «Сәтпаев даңғылы – Жібек жолы көшесі» көлік айрығының құрылысы, сондай-ақ, Ертістің сол жағалауындағы нөсер кәрізінің құрылысы сияқты ірі жобалар жүзеге асты. Бұған қоса, шаһардағы Абай мен Шәкәрім даңғылдарының тұсында жол мен инфрақұрылым құрылысы аяқталуда.
Белгілі болғандай, облыстағы ауылдарды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Мәселен, 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 50 тірек және серіктес ауылдарда 9,7 миллиард теңгеге 82 жобаны іске асыру жоспарланыпты.