KZ
Өскемен
+24°
небольшая облачность жел 2 м/с, СБ
443.44 480.51 4.88

Анжелика Игорьевна: Қазақ халқына алғыс айтамын

29.02.2024, 18:00 112 Қызырбек Дүргінбайұлы

Қазақтың жері байтақ, елі кең, жұрты жомарт. Қай уақытта да жер бетіндегі барлық адамзатқа құшағы ашық болған. Сондықтан да болар бүгінгі таңда көптеген ұлт өкілдері ұлтымызбен бірге ұйысып, берекелі де мерекелі өмір сүріп келеді. Сол бір дархан көңілдерінің арқасында халқымыз жыл сайын 1 наурызда алғысқа бөленеді.  

Бүгінгі таңда кейбір өзге ұлт өкілдері қазақтың тілін меңгеріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын үйренуді үрдіске айналдырған. Үйреніп қана қоймай, өзгеге дәріптеп жүргендер де бар. Солардың бірі – ұстаз, тренер, қазақтың келіні Анжелика Шабданбекова,  деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Анжелика Игорьевна –  Ұлан ауданына қарасты Р.Марсеков атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Сөйле» тілдесу үйірмесінің тренері. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Анжелика Ресейде дүниеге келген.

Ол өзгелерге: «Әкем - орыс, шешем - украин, өзім қазақпын», – деп қалжыңдайды екен.

– Мен Ресей Федерациясының Кемер облысына қарасты Топки қаласында дүниеге келгенмін. Отбасында алты бала, яғни бес қыз, бір ұл тәрбиеленіп өстік. Ағам мен сіңілім де қазақша таза сөйлейді. Ағам қазақ қызына үйленді, мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Көп адам менен қазақ тілін қалай үйренгенімді сұрайды, шынын айтсам, ол менің есімде жоқ. Ойын баласы болып жүріп, сөйлеу тілін үйреніп кеттім. Ал тереңірек меңгеру үшін біраз қиындықтар болды, бірақ мен бәрібір қазақ тілін жақсы меңгеріп алдым. Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінде өтетін көптеген сайыстарға, байқауларға қатыстым. Жүлделі орындар алған соң ынта-жігерім тіптен оянды. Соның арқасында қазақтың салт-дәстүрін, қазақ тілін жақсы меңгердім. Ақыры қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақ отбасының бір мүшесіне айналып отырмын. Қазір жаным қазақ, тілім қазақ. Қазақстанда тұратын кез келген адам қазақ тілін білуі керек. Білуге міндетті деп те ойлаймын. Бұл менің негізгі ұстанымым. Мен қазақ тілін өзім үйреніп қана қоймай, қазір өзгеге үйретіп жүрмін. «Сөйле» тілдесу үйірмесінде тренермін. Қосымша клубтар да аштым, – дейді Анжелика Шабданбекова.

Анжеликаның қазақ халқына деген көңілі ақ, алғысы зор. Біз бұған дейін Анжелика Шабданбекованың «Ана» туралы салған әнін бір байқауда естіп, көсіле сөйлегеніне тамсанған болатынбыз. Әркез қазақ халқына ризашылық білдіріп жүретін Анжелика Алғыс айту күні қарсаңында да жұртқа тілегін жолдауды ұмыт қалдырмады.

– Ең бірінші, Аллаға және маған өмір сыйлаған анама, өмір бойы жалғыз асырап, мәпелеп өсіргені, қатемді кешіргені үшін алғысым шексіз. Жан жарыма алғыс, үнемі қасымнан табылатыны үшін. Отбасыма, жақындарыма бар болғандары үшін алғыс айтамын. Ата-енеме мың алғыс. Қызымды қарап, көп жетістіктерге жетуіме үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазақ халқына мың алғыс! Көңілдеріңіз нұрға, өмірлеріңіз ән мен жырға толы болсын! – дейді Анжелика Шабданбекова.

Иә, қазақтың байтақ жері мен дархан елі үшін кім-кімнің болсын алғыс айтуы заңдылық. Әрдайым алғыс арқалаған еліміздің егемендігі баянды болсын!

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив