Тозығы жеткен инфрақұрылым: ШҚО-да коммуналдық қызмет ақысының қымбаттау себептері аталды
Фото: ӨКҚ
1 ақпаннан бастап Өскеменде жылумен жабдықтау тарифтерін арттыру жоспарлануда. Негізгі себептер инфрақұрылымды жаңартуға инвестиция салу қажеттілігіне, жұмысшылардың жалақысының өсуіне және отынның қымбаттауына байланысты. Бұл туралы бүгін брифингте өңірдің энергетика саласының өкілдері айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәселен, келесі айда "Шығыс жылу" АҚ деректері бойынша тарифтер үйге ортақ есепке алу аспаптарының (ҮОЕА) болуы немесе болмауына байланысты болады және мынадай түрде өзгереді: ҮОЕА болса – 1 Гкал үшін 3 992,19 теңге; ҮОЕА болмаса – 1 Гкал үшін 5 669,7 теңге; авариялық немесе ескі үйлерде – 1 Гкал үшін 4 724,75 теңге.
Бюджеттік ұйымдар үшін: ҮОЕА болса – 1 Гкал үшін 24 475,66 теңге; ҮОЕА болмаса – 1 Гкал үшін 38 593,52 теңге.
Басқа тұтынушылар үшін: ҮОЕА болса – 1 Гкал үшін 12 892,56 теңге; ҮОЕА болмаса – 1 Гкал үшін 17 376,61 теңге.
Тарифтердің мөлшері әзірге ҚҚС-сыз көрсетілген және сонымен қатар жылытылатын үй-жайлардың ауданына байланысты болады, 100 м2-ден кем және 100-ден 200 м2-ге дейін және одан жоғары деген есеппен. Қала бойынша орташа тариф 7%-ға артып, 7 903,96 теңгені (+512,27 теңге) құрайды.
Тұтынушылар үшін жылыту үшін орташа төлемді айына 789 теңгеден 1658 теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Бұл шаралар болашаққа инвестиция салуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және ШҚО тұрғындары үшін тұрақты әрі үздіксіз жылумен жабдықтау жүйесін құруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы Табиғи монополиялар департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мусинованың айтуынша, облыс орталығында жылумен жабдықтау құнының артуы негізделген және бірқатар факторларға байланысты.
Ел Президентінің 2022 жылғы "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлдеген қоғам" Жолдауына сәйкес, негізгі міндеттер экономиканы ынталандыру және әлеуметтік мәселелерді шешу болуға тиіс. Президент елдегі электр желілері, жылу желілері және су желілері сияқты көптеген коммуналдық желілердің қатты тозғанын атап өтті. Атап айтқанда, электр желілерінің үштен екісіне жуығы, жылу желілерінің 57%-ы және су желілерінің жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді. Президент бұл тарифтер ұзақ уақыт бойы өзгермегендіктен, апаттар мен түрлі төтенше жағдайларға әкеліп соқтырғанын атап өтті.
Осындай күрделі мәселені шешу үшін "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тарифтік саясатын енгізу ұсынылды.
Оның айтуынша, "Өскемен ЖЭО" және "Шығыс Жылу" компаниялары күрделі жөндеуге қосымша инвестициялар тарту мақсатында тарифтерді көтеруге өтінім берген. Өскеменде жабдықтар мен жылу желілерін қалпына келтіруге 4,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда, бұл инфрақұрылымның тозуын азайтуға көмектеседі.
Бүгінгі таңда қалада жылу өндіретін ең ірі ұйым – 1948 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан "Өскемен ЖЭО" ЖШС. Жылу орталығының техникалық директоры Нұрлан Ахметжановтың айтуынша, станцияның негізгі жабдықтарының тозуы 67,6% құрайды. 2024 жылы станцияда 10 технологиялық бұзушылық тіркелді, ал алдыңғы жылдары олардың саны 13 болған.
Өткен жылдың соңында "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тарифтік саясатын іске асыру шеңберінде кәсіпорын жабдықтардың тозуын азайтуға және сенімділікті арттыруға бағытталған іс-шараларды қамтитын инвестициялық бағдарламаны өзгертуге өтінім берді.
ШҚО энергетика басқармасының мәліметінше, 1956 жылы пайдалануға берілген "Согра ЖЭО" ЖШС-да жабдықтың тозуы – 61,9% деңгейінде. "Шығыс Жылу" АҚ балансында 8 қазандық және 454,8 км жылу желілері бар. Жылу көздері жабдықтарының тозуы 69,2%, ал жылу желілерінің тозуы 63,9% құрайды (2022 жылы – тиісінше 67,3% және 64,8%, 2023 жылы – 68,1%).
Қалада жұмыс істейтін қазандықтардың ішінде тозу деңгейі 98% болатын №9 қазандық ерекше назар аударуға лайық. Ол 1960 жылы салынған. Салыстыру үшін, 2022 жылы пайдалануға берілген №8 қазандықтың тозуы небәрі 12% құрайды.
Инвестициялық бағдарламаның негізгі кезеңдерінің бірі – жылу желілерінің 14 учаскесін жөндеу және Жаңа Ахмер ауылындағы №5 қазандықты жаңғырту. Бұл шаралар жылу энергиясы мен көмірдің жоғалуын едәуір азайтуға, сондай-ақ бүкіл жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Аз қамтылған отбасылар үшін коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй көмегі қарастырылған.
Сонымен қатар кадрлардың ктеуі мен жалақы деңгейінің жеткіліксіздігіне байланысты кәсіпорындар білікті мамандарды ұстап қалу үшін қызметкерлердің жалақысын көбейтуі керек. Тарифтердің жоғарылауының арқасында жылумен жабдықтаушы ұйымдар қызметкерлерінің орташа жалақысы 47 842 теңгеге артып, 306 520 теңгені құрайды деп күтілуде.
Сондай-ақ "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы шеңберінде тарифтік мөлшерлемені ұлғайту есебінен облыс орталығында 6,3 км жылу желілерін жөндеуге қосымша 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл желілердің тозуын азайтып қана қоймай, коммуналдық қызметтерді үздіксіз және сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Ержан Әбіш