Мәжіліс депутаттары еліміздің медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды
Парламент Мәжілісінде өткен үкіметтік сағатта Міндетті медициналық сақтандыру қорының қызметі талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Үкіметтік сағатта депутаттар қоғамда кеңінен таралған пікірлермен үндесетін түрлі сын-ескертпелер айтты. Мысалы, CEOWORLD мәліметтері бойынша 2024 жылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесі әлемдегі 110 елдің ішінде 78-ші орынға тұрақтаған. ТМД елдері арасында Қазақстан соңынан екінші болып, тек Түрікменстанды ғана артқа тастапты.
Сонымен қатар өткен жылы Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен Жоғары аудиторлық палата жүргізген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және аймақтық филиалдарының қызметінің тиімділігін тексеру» зерттеуінің қорытындысы жарияланды.
Тексеру барысында есептілік, қаражаттың жұмсалуы және басқа да көптеген бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, «бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету тарифі бойынша қаржыландыру фактісі анықталды, ол бойынша төлемдер бекітілген халық санына қарай жүргізіледі, бірақ медициналық қызметтер фактісінде көрсетілмеген» деп айтылды.
Жиын соңында қандай да бір нақты шешімдер қабылданбады, яғни үкіметтік сағатта медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге бағытталған нақты, қолданбалы шешімдер қабылданбады.
Андрей Дудник
Фото автордікі