Зейнеткерлер де кәсіп бастай алады – «Ауыл аманаты» жобасы туралы маңызды мәлімет (видео)
Арнайы құрылған жұмыс тобы «Ауыл аманаты» жобасы аясында Катонқарағай ауданының халқымен кездесу өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Жиында мамандар аудан халқын кәсіпкерлік негіздерімен таныстырып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы табысты арттырудың жолдарын түсіндірді. Жергілікті тұрғындарды ойда жүрген бизнес-идеяларын, стартап-жобаларын жүзеге асырудан тартынбай, белсенді түрде жобаға қатысуға шақырды. Өз кезегінде, ауыл халқы несие алу және мүлікті кепілге қою шарттары туралы толығырақ білгісі келіп, көптеген сұрақтар қойды.
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылғы АЕК мөлшерімен (3932 теңге) жеке кәсіпкерлерге 9,8 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ал ауыл шаруашылығы кооперативін құрғандар үшін бұл көрсеткіш 31,4 млн теңгеге дейін жетеді. Қазіргі таңда облыста табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда Катонқарағай ауданында туристік-рекреациялық кешен құру жоспарланған. Яғни аудандағы туристік нысандар бір аумақта шоғырланып, түрлі бағытта қызмет көрсететін болады.
Катонқарағайлықтардың басты мәселелері қатарында наубайхананы кеңейту, жұмысшылар алу, кондитерлік өнім шығару, қымыз өндірісін дамыту, қонақүй салу, ауыл шаруашылығы техникасын алу және мал өсіру мәселелері бар. Сонымен қатар жеке кәсіппен айналысқысы келетіндер арасында зейнеткерлер де бар. Солардың бірі – аудандық ауруханада 43 жыл қызмет еткен, бүгінде зейнетке шыққан Күләй Қаирдолдина. Ол еңбек демалысына шықса да, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаумен айналысуды жалғастыруда. Осы мақсатта арнайы тігін машинасын сатып алғысы келеді және жалға алатын орын қажет екенін айтады. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасына қатысуды жөн көрген.
Айта кетейік, елімізде осыдан үш жыл бұрын іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқының әл-ауқатын көтеріп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта облысқа қарасты аудандарды аралап жүрген жұмыс тобының құрамында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басшысының орынбасары Исатай Ансат, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Жадыра Ерланова, «OSKEMEN-ATAMEKEN» микроқаржы ұйымы ЖШС басшысы Татьяна Кошурникова бар. Мамандар бұған дейін Алтай және Үлкен Нарын аудандарында халықпен кездескен. Енді жоспарға сәйкес, Шемонаиха, Глубокое, Ұлан, Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай және Самар аудандарына барып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жалғастырады.
Арайлым Орсаринова
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай