KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 6 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

ШҚО-да жол саласында елуге жуық әйел еңбек етеді

9.03.2024, 13:00 173 Назерке Каримова

Жол тазарту қызметі – қиын жұмыстардың бірі.

Бірақ нәзік жандар қиындығына қарамастан бұл қызметті де меңгеріп алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Шығыста бұл салада 47 әйел тер төгіп жүр.

   

35 жылдық тәжірибесі бар Манар Ордабаева – «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалы бөлімдерінің бірінің бас маманы. Бірақ ол кеңседе отыратын қызметкер емес. Осы қызметке дейін Манар Айтқазықызы нысандарда шебер болып тер төккен. Айлап іссапармен кетіп, жол салған күндері әлі есінде. Қарбалас жұмыспен жаздың қалай өткені білінбей қалса, қыста да тыным таппайтын. Тас жолдарды тазартып, қыс бойы күтіп ұстау, одан қалса қыста қар құрсауында қалған көліктерді құтқару операциялары бар. Ақтүтек боранды күндері өз жандарын шүберекке түйіп, өзгенің өмірін құтқаруға мәжбүр. Ал қазір оның міндеті – нысандардағы жүріп жатқан жұмысқа бақылау жүргізу. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңіл болғанымен, жауапкершілігі кем емес. Өйткені салынған жол сапасы үшін өзі жауап береді.

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының Өскемен қалалық филиалында Айнұр Кеңесханова зертханашы болып істейді. Оның жол саласында қызметте жүргеніне 17 жыл. Автокөліктік инфрақұрылым құрылысын бүге-шігесіне дейін жақсы біледі. Зертханада асфальтбетонның құрамын жіті қарап: асфальтбетон құрамындағы құм, битум мен қиыршық тасты әр грамына дейін тексереді. Тас жолдың сынамасын алып, жол өзегі қаншалықты нормаға сай, көп тонналық асфальт өндірісін мақұлдауға бола ма, әлде қабылдамау – барлығы Айнұр Кеңесханқызының қолында. Өйткені жол құрылысында жауапсыздықпен қарауға болмайды.

 

Ал Глубокое ауданының Берёзовка ауылындағы Татьяна Владимирова жол ісіне жаңадан келген маман. «КАЖсервисте» 7 жылға жуық жұмыс істеп жүр.

Айта кеткен жөн, бұл ұйымның республикалық маңызы бар жолды күтіп ұстауға жауап беретін шығысықазақстандық филиалындағы қызметкерлердің көбі нәзік жандар – 35.

Мәселен, Татьяна Өскемен – Шемонаиха тас жолында жұмыс істейді. Жазда олар шұңқырларды жөндейді, жол белгілерінің жай-күйін бақылайды, қоршауларды, автопавильондарды бояйды, көліктерге кедергі келтірмеу үшін қоқыстарды жинайды. Ал қыста тас жолды қардан тазартуға көмектеседі. Техника жете алмаған жерге қолдарына күрек, сүймен алып мамандар жіберіледі. Қазір өңірде су тасқынына дайындық басталды, Татьянаның жұмысы тағы да еселене түсті. Бригадамен бірге су арналарын тазартады.

Осылайша шығыстағы арулар ерлермен қатар жол салып, автокөліктердің жүрісіне ыңғайды жағдай жасап, пайдаланылатын құрылыс материалдарын сынақтан өткізеді. Сонымен қатар, қар құрсауында қалғандарды құтқаруға да атсалысады.

 

Осы орайда көкпектілік 66-ға келсе де бабында жүрген – жол қызметкері Гүлдарай Мұхамадиева жайлы айтпай кетуге болмайды.

Абайдың елінде бар саналы ғұмырының 47 жылын жол саласына арнаған Гүлдарай Мұхамедиева – «темір көлік» тізгіндейтін шығыстың шынары. 

«Омбы-Майқапшайғай» автожолының 942-1103 шақырым учаскесіндегі «Қалбатау-Бұғаз» арқылы өтетін жүргізушілер мен жолаушыларға Гүлдарай ханым жақсы таныс. Себебі алты ай қыстағы бұрқасында жол ашатын да, ала жаздай жолды күтіп-ұстайтын да осы кісі.

Еңбек жолында мыңдаған шақырым жолдың жағдайын тиісті деңгейде сақтап, мыңдаған адамды қар құрсауынан құтқарған.

Көліктің кез келген түрі: камаз дейсіз бе, шнекоротер, автогрейдер дейсіз бе барлық техниканың құлағында ойнайды. Жасым келді демейді, бүгінге дейін жолда бір адамдай еңбек етіп, көлік тізгіндейді. Бір қызығы, осы 47 жылдың ішінде жол ережесін мүлдем бұзбаған, бірде-бір айыппұл арқаламаған.

Көпбалалы отбасында бес ұлдан кейін дүние есігін ашқан қыз әлбетте ер мінезді болып өседі. Қыз әкеге жақын емес пе, кішкентайынан әкесінің қасында жүріп, техниканы меңгереді. Техникаға деген сол балалық махаббат күні бүгінге дейін күшін жоймаған.

Дегенмен, жолшы болу әйел адам үшін оңай еместігін мойындайды. Өйткені, үйде – аяулы ана, ал, түзде - білікті маман болу әсте жеңіл емес. Сөйтсе де, қайсар жан Гүлдарай Мұхамедиева жұмысымен қатар балаларын жеткізіп, бау-бақшасын егіп, мал ұстап үлгеруде. Бүгінде үш қызғалдақ қыздары бойжетіп, ел дамуы үшін еңбек етіп жүр. Кіші қызы теміржолшы. Сүйікті немерелерінің асыл әжесі әлі де құдай күш-қуат берсе, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру үшін аянбай еңбек ете беремін дейді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив