ШҚО-да чемпиондарды қарсы алды (видео)
Тайланд елінің Паттайя қаласында мәресіне жеткен есу слаломынан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы доданың басты фавориті саналатын Қытай елімен терезесі тең өнер көрсетіп, қоржынды жүлдеге толтырды.
Бір жұмаға созылған байрақты бәсекеде еліміздің құрамасы 50-ге жуық медаль жеңіп алып, рейтингтің жоғары жағынан көрінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бір қызығы, құрлықтық додада ел құрамасы сапында сынға түскен 19 шығысқазақстандық спортшының түгелдей дерлігінің қанжығасы майланды. Бүгін Тай елінен олжалы оралған жерлестерімізді бір топ жанкүйер «Өскемен-1» теміржол стансасынан күтіп алып, чемпиондарға айрықша қошемет көрсетті.
Сары құрлық мықтыларының бәсекесінде бір өзі бірнеше медаль жеңіп алған спортшыларымыз да бар. Соның бірі – Қуаныш Еренғайыпов. Қуаныш үшін бұл жетінші Азия біріншілігі екен. Алайда бұған дейінгі бірде-бір додада жерлесіміз Тайландтағыдай нәтиже көрсетпеген екен. Мұны спортшының өзі де мойындап отыр.
Белгілі болғандай, Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Азия чемпионатына бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалыпты. Мұны бапкерлік құрам мүшелерінен білдік.
Фото: Анна Степанова