Бақытын бала тәрбиесінен тапқан ерлі-зайыптылар – Өскемен (видео)
Баян және Алтыбай Байсариновтар – саналы ғұмырының 78 жылын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздар. Ерлі-зайыптылардың отасқанына биыл 60 жыл толды.
Ұрпағымен өсіп-өніп, немере, шөбере сүйіп отырған қос қарияны гауһар тойларымен ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерейлі жандар Марқакөл ауданының Батбақбұлақ ауылында дүниеге келген. Алтыбай Байсарыұлы 1938 жылы туған. Алексеевка орта мектебін тәмамдаған соң 1955 жылы Аблакетка кентіндегі ауылшаруашылық техникумында механик мамандығын меңгереді. Техникумнан кейін үш жыл әскери борышын өтеп келген оны 1961 жылы мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі қызметіне қабылдайды. Мектепте істеп жүріп Өскемендегі педагогикалық институттың физика-математика факультетін сырттай оқып алады.
Алтыбай Байсарыұлы 41 жыл өмірін бала оқытуға арнаса, оның 30 жылында мектеп директоры қызметін атқарған.
Баян Қамзанқызы – Өскемендегі педагогика институтының түлегі, 37 жыл бойы тарих пәнінен сабақ берген. Ерлі-зайыптылар өмір бойы бір мектепте қызмет істеген, еңбек демалысында да жұп жазбай жүреді екен.
Аяулы ұстаздардың төрт баласы да, немерелері де жоғары білім алған. Үлкен қызы Зайсанда аудандық білім бөлімінде әдіскер, екінші қызы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатында аға оқытушы, тағы бір қызы облыстық қазынашылық департаментінде бөлім басшысы болып істейді. Серік есімді кенже баласы инженер-энергетик, Өскемен ЖЭО-да бөлім басшысы. Оның ұлы да әкесінің жолын қуып, энергетик мамандығын таңдапты. Диана есімді немересі музыка мектебін домбыра классы бойынша үздік тәмамдаған. Домбыраның құлағында ойнайды.