KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Молдағұлова көшесінде дүркіреген той өтті - Өскемен

24.03.2024, 15:30 224 Айна Ескенқызы

Өскемендегі Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындары биыл Наурыз мейрамын  алғаш рет кең көлемде тойлап жатыр.

Алыстан естілген күмбірлеген домбыраның үні, бала-шағаның шаттыққа толы күлкісі, ұйымдастырушылардың  саңқылдаған дауысы осы жақта бір тойдың болатынынан хабардар еткендей. Шараны Өскемен қалалық әкімдігінің аумақтық басқару орталығы №6 филиалы мен көшенің белсенді тұрғындары ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Шағын ауданымыз құрылғалы он үш жыл болды, он тоғыз үйіміз бар. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы көше болғандықтан, Наурыз мейрамын тойлауды жөн көрдік, он үш жылда тұңғыш рет ұйымдастырдық. Біздің бастамамыз тұрғындардың қызу қолдауының нәтижесіндде бүгінгідей ұлан-асыр тойға ұласты, - дейді аумақтық басқару орталығы №6 филиалының директоры Мадияр Қалиев.

Мерекеге келгендерге ақ жаулықты әжелеріміз шашуын шашып, ақсақалды қариялар батасын берді.

- Наурыз - бүкіл адамзаттың мейрамы, жаңару мейрамы. Биыл Президентіміз мейрамды ерекше өткізу туралы айтты. Бүгін, міне, тұрғындардың ауызбіршілігінің арқасында көшемізде керемет той болып жатыр. Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болсын. Барлықтарыңызға амандық, бақыт тілеймін. Әз-Наурыз құтты болсын! - деп батасын берді шағын ауданның ақсақалы Жылқыбай Сейсенғазы.

Оқалы шапан-камзолдарын киген тұрғындар тойдың ажарын аша түсті. Бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, мәре-сәре. Ортаға тігілген екі ақшаңқан киіз үйде дастархан жайылып, ақ бауырсақ пен құрт-майы төгіліп,  келушілер қоспа-жент, қазы-қарта сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты. Мейрамның басты тағамы – Наурыз көже ұсынылды.

Наурызды тойлауға сексен алты жастағы Гүл Рахметова әже де келіпті. 

- Өмірімде талай Наурыз мерекесін көрдім. Сонау бала кезімнен, сол бес-алты жасымнан есімде, қалай тойлағанымыз. Үлкендер сүрленген еттің сорпасына бидай түйіп салатын, құрт-айранын молдау құятын. Наурыз көжені қазір де пісірем, ақсақалым екеуміз тоғыз баланы оқытып, жеткіздік. Әрқайсысы бір-бір отау болып отыр, бала-шағам, немере-шөберелерім қасымда. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – дейді 86 жастағы Гүл Рахметова әжеміз.

Мереке барысында өнерпаз тұрғындар өз өнерлерін ортаға салып, тойдың көрігін қыздыра түсті. «Мирас» домбырашылар тобы екі жыл бұрын құрылыпты.

- Мерекеге қатты дайындалдық, өйткені тамам елдің алдында өнер көрсету оңай емес. Біз көрермендерге «Еркесылқым» мен «Адай» күйлерін тарту еттік. Мейрам тамаша өтіп жатыр, - дейді “Мирас” домбырашылар тобының күйшісі Ерасыл. 

Мерекеде жиналғандар арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, қой көтеру сияқты ұлттық ойындарға қатысып, бақ сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілер әзірлеген сыйлықтар табыс етілді.

- Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Қардың тоңы сөгіліп, бүгін ерекше жарқырап күн шығып тұр. Халық өте көңілді, тұрғындарды мейрамдарымен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілеймін. Ел іргесі тыныш, жұртымыз аман болғай! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! - деді тұрғындардың бірі Бақытгүл Молдашева.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив