KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
497.89 525.12 5

Ұланда ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге көңіл бөлініп отыр

23.04.2024, 16:48 258 Айжанат Бақытқызы

Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы Сағыр ауылында  «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, ісіне адал, саналы ұрпақ тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлініп отыр.

Осы орайда 55 жылдық тарихы бар А.Пушкин атындағы орта мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған аудандық семинар өтті. Шараға аудандағы 30 мектептің сынып жетекшілері, негізінен жас мамандар қатысты.

Мектеп директоры Айгүл Сагиеваның бастамасымен биыл алғаш рет өткен  іс-шара әдеттегі жиындар сияқты бір сарынды баяндама оқу түрінде емес, ерекше форматта ұйымдастырылыпты.

Білім ордасының кіреберісінен бастап ұлттық нақышта безендірілген. Шараның шымылдығын мектеп оқушылары ер-жігіттің күш-жігерін, төзімділігі мен батылдығын, ептілігі мен ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын көкпар тарту ойыны көрінісімен ашты. Ары қарай ұлттық ат спорты ойындарының бірі – «Қыз қуумен» жалғасты.

Тәжірибелі ұстаздар өткізген «Әжелер сөзі – тәрбие көзі», «Бір шәугім шай»,  «Үйде құт болса, қазына керек емес», «Тұлға қалыптастыруда ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие беру» тақырыбындағы ашық сабақтар қазақ қызының бойындағы әдептілік, ептілік, инабаттылық сияқты қасиеттерін қалыптастырып, ерте кезден еңбексүйгіштікті, қонақжайлық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге  арналды. Ашық сабақ үстінде әжелер немерелеріне үлкен бауырсақ пен шиыртпақ бауырсақты әзірлеп, пісіру жолын, ұршық иіру, ши тоқу, киіз басу әдістерін көрсетті.

Мектеп басшысының айтуынша, «Тоғыз айға тоғыз іс-шара» тұжырымдамасы шеңберінде мектепте «Әжелер клубы», «Аталар клубы», «Әкелер клубы» мен «Жеңгелер клубы» жұмыс істейді. Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылардың береке-бірлігінің арқасында осы клубтардың іс-шаралары ай сайын жүйелі түрде өтіп отырады.

Бұдан бөлек мектептегі ән, би, тоғызқұмалақ, шахмат, спорт, садақ ату үйірмелері жақсы жұмыс істейді. Республикалық, облыстық деңгейде ғылыми жобалар қорғап жүрген, сондай-ақ «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алған балалар да аз емес. Атап айтқанда, Нұрсұлтан  Тоқтаубай, Іңкәр Расолла, Қадылбек Бердібек –  «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алған оқушылар.

Жалпы қазақтың ұлттық ойын түрлері адамды жауынгерлік рухқа тәрбиелейді. Әсіресе, садақ ату – қазақтың қанына сіңген өнер. Садақ ату үйірмесінің жетекшісі Ерлан Дүсіповтің айтуынша, балалардың мергендікті меңгеруге деген қызығушылықтары жоғары. Ашылғанына бір жылдай ғана болса да, шәкірттерінің көбі садақ атуды тез меңгеріп, аттың құлағында ойнайды. Жуықта Қызылтас тауында өтетін туристік шарада өнерлерін көрсетуге қызу дайындалып жүр.

– Жас ұрпақты толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Жас мамандардың басын қосқан бүгінгі шара жоғары деңгейде өтті. Сынып жетекшілері осы тәжірибені алып, өз мектептерінде де ұйымдастырса құба-құп. Қазіргі заманда мұғалімдер осындай креативті, жаңашыл болуы керек. Мектепте атқарылып жатқан көптеген жүмыстар мен жетістіктердің куәсі болдық. Ол үшін мектеп ұжымы мен басшысына алғыс айтамыз, – деген Ұлан ауданы білім бөлімінің әдіскері Гаухар Ерсайынқызы білім ордасының үздік ұстаздарын Алғыс хаттармен марапаттады.

Мектепті аралау кезінде байқағанымыз, маңында жаңа футбол алаңы салыныпты. Оған 11 млн теңгенің демеушілігін жасаған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Әсем Мамутова. Бұдан бөлек білім ордасына ноутбуктар, кітаптар, спорт жабдықтары мен тир мылтықтарын әперген.

Ал әр жылдағы мектеп түлектері алтын ұяларын ұмытпай, білім ордасына аквариум, заманауи тақта мен проектор, стенд, кілем, мектепалды даярлық тобына арналған шкафтар мен шахмат кабинетін ашып берген.

– Былтыр мектеп бітіргендеріне алды 5 жыл, арты 50 жыл болған түлектер жиналды. Олар өздері отырған парталарын, мұғалімдерін көріп, кезінде асыр салып алаңсыз ойнаған спорт залдарына кірді. Білім ошағынан түлеп ұшқандарына 45-50 жыл болса да бала сияқты мәре-сәре болып, сағыныса қауышты. Марқұм болған ұстаздарын еске алып, алтын ұя-мектебіне демеушілік көмектерін көрсетті, – дейді мектеп басшысы Айгүл Сагиева.

Шара соңында семинарға қатысушылар қолөнер бұйымдарының көрмесі мен мектеп музейіне саяхат жасады. Мектепте атадан қалған мұраға ұқыпты қарауға да үлкен мән берілген. Мұражай қызметкері Азамат Мұқажановтың айтуынша, мұнда көне ғасырлардағы құнды жәдігерлермен қатар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бұйымдар да қойылыпты. Солардың қатарында кеңес әскері мен неміс әскерінің каскалары, қойын кітапшасы мен бір уыс топыраққа  көзім түсті.

«Бұл – кеңес әскері алып келген неміс жерінің топырағы» деп түсіндірді Азамат Мұқажанов. Жәдігерлерді мектеп мұражайына тапсырған Сағыр ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Макар Демешко.

Еліміздің болашағы – балаларға білім беріп қана қоймай, халық қазынасына айналған ұлттық құндылықтармен сусындатып отырған берекелі мектеп ұжымының алдағы жұмысына да сәттілік тіледік.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу