Ахмер ауылында емхана салынады (видео)
Бүгін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар №49 орта мектебінде Ахмер ауылының тұрғындарымен кездесіп, саяжай учаскелерінде қордаланып қалған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қала маңындағы барлық саяжай учаскелері сияқты мұнда да негізгі мәселелер – жол жөндеу, жарықтандыру, үздіксіз электр қуатымен қамту, жолаушылар тасымалы және балабақша салу мәселесі.
Шаһар басшысы Жақсылық Омардың айтуынша, соңғы бес жылда Ахмер ауылында жаңа мектеп салынды және жеті көшенің жолына асфальт төселіп, жарықтандырылды. Атқарылған жұмыстар да, алдағы уақытқа жоспарланып отырған шаруалар да аз емес. Соның бірі – емхана салу.
Ахмер ауылы – жыл сайын тұрғын үй саны өсіп, дамып келе жатқан үлкен ықшамаудан. Қаладағы өзге шағын аудандармен салыстырғанда, Ахмер ауылында халық саны көп болғандықтан, емхана қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Тұрғындарға да сын-ескертпе айтылды. Мәселен, көктем кезіндегі қарғын судың алдын алу мақсатындағы арықтарға кейбір тұрғындар күл-қоқыс толтырып тастайды. Ал бұл жағдай үйлердің аулаларын су басу қаупін төндіреді. Сондықтан әр азамат өз ауылына, көшесіне аяушылықпен қарап, тазалық мәдениетін сақтау қажеттілігі ескертілді.
Жұртшылықпен кездесуге қала әкімімен бірге келген әр саланың бөлім басшылары тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстарды жазып алып, алдағы уақытта аталған мәселелер кезең-кезеңмен шешілетіндігін айтты.