KZ
Өскемен
+20°
гроза с небольшим дождём жел 4 м/с, В
476.27 515.47 5.41

Өскеменнің іргесіндегі «Дарын» лагері жаңғыртылатын болады

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
3.07.2024, 15:07 122 Ержан Әбіш

ШҚО оқушылары жазғы каникулдарын қызықты әрі тиімді өткізуде. Мәселен, Өскеменнің іргесіндегі «Дарын» лагеріне Шығыс Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарынан оқушылар келеді. Жөндеуден кейін мұнда демалатын балалардың саны арта түспек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл облыстағы 93 514 оқушы (99,9 пайыз) демалыспен қамтылады. Өңірдегі 12 лагерьде осы жазда 8575 бала демалады.

– Қазір лагерьде екінші лекпен 7 мен 15 жас аралығындағы 350 бала демалып жатыр. Биыл 689 бала «Қазақстан халқына» қорының қаржысы есебінен лагерьде демалады. Олардың қатарында оқу үздіктері, олимпиадалардың, конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары мен лауреаттары бар. Өткен жылмен салыстырғанда балалар саны екі есеге жуық өсті, – дейді лагерьдің басшысы Серік Алпышев.

Мұнда бесреттік тамақтану режимі қарастырылған. Медициналық корпус жұмыс істейді. Дәрігер мен медбике лагерьде тәулік бойы тұрады. Аумақ толығымен қоршалған, балалардың қауіпсіздігін мамандандырылған күзет бақылайды, бейнебақылау камералары орнатылған. Тәрбиешілер мен тәлімгерлер корпуста балалармен бірге тұрады.

ШҚО білім басқармасының мәліметінше, биыл мұнда 1700-ден астам бала демалады.

Облыстың қалалары мен аудандарынан мүмкіндігінше көп оқушылар демалуы үшін және жағдай барынша ыңғайлы болуы үшін лагерьді жаңарту қажет. Ол келесі жылы басталады деп күтілуде. Лагерьді аралау барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жобалау-сметалық құжаттаманы қазірден бастап әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ мұнда аспалы жол салу мүмкіндігі қарастырылады.

Аталмыш лагерьде тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, роботты техника, ителлектум, әдеби клуб, рафтинг, алмасты мозаика мен сабын қайнату сияқты түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек роллердром, бассейн, АРТ-студия, джампинг студиясы, вокалды-аспапты студия, психологиялық сергу бөлмесі де бар. Спорт алаңында балалар футбол мен воллейбол, баскетбол ойнайды. Сондай-ақ домбыра шертуді, асық ойнауды да меңгереді.

   

Лагерьде балалардың тіл үйренуіне де баса назар аударылған. Олар күнделікті өзара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеп, сөздік қорларын молайтуда.

– Президентіміз айтқандай, келешек ұрпақ үш тілді де жетік меңгерулері керек. Ана тілімізді, орыс және ағылшын тілдерін білу аса маңызды. Мемлекет тарапынан жас жеткіншектердің сапалы білім мен тәрбие алулары үшін барлық жағдай жасала береді. Сіздерден тек бос уақыттарыңызды пайдалы өткізіп, алға қойған мақсаттарыңызға ұмтылу талап етіледі, – деді лагерьдің жай-күйімен танысып, балалармен емен-жарқын әңгімелескен облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы жауапты сала мамандарына лагерьдегі балалардың білімімен, тәлім-тәрбиесімен қатар, олардың күнделікті қауіпсіздігіне, сапалы тамақтануына да ерекше көңіл бөлуді қадап тапсырды.

– Мен бұл лагерьге алғаш рет келіп отырмын. Маған демалыс ерекше ұнайды. Таңертеңгі сағат 8-ден күн батқанға шекті бір сәтке де бос отырмаймыз. Түрлі қызықты ойындар ойнаймыз. Әсіресе, рафтпен таулы Үлбі өзенімен жүзу ұмытылмас әсер сыйлады. Айналадағы табиғат та керемет екен. Жетекшілеріміз де әрқайсымызға жіті көңіл бөліп, жан-жақты дамуымыз үшін бар білгендерін үйретіп отырады, – дейді Тарбағатай ауданы Шолақорда ауылынан келген 7 сынып оқушысы Айзере Кәукенова. 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив