Қазақстанда жылына 500 мың бала лагерьде демалады
2023 жылы еліміздегі жазғы лагерьлерде жарты миллионға жуық бала демалады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев мәлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Колледждерді сенімді басқаруға беру және жазғы лагерьлердің желісін оларды санаторийлер, турбазалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан ашу арқылы кеңейту, жұмыс істемейтін лагерьлерді қалпына келтіру мәселелеріне қатысты тиісті жобалар әзірленіп жатыр. Білім министрлігі осы жобалардың көмегімен 2023 жылы еліміздегі балалар лагерлерінің санын 236-дан бір мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Онда жазғы маусымда 500 мыңға жуық бала демалатын болады, – деді ол баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктері арқылы мектептегі тамақтану мәселесі де шешілуде.
– Мысалы, дәл қазір Шығыс Қазақстан облысында мұндай 43 жоба, ал Солтүстік Қазақстан облысы мен Түркістан қаласында сәйкесінше 31 және 22 жоба бар, – деп атап өтті М.Такиев.