KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
476.81 528.4 5.21

Рекордшы Мамажанова Парижде ел намысын қорғайды

Фото: olympic.kz

15.07.2024, 20:00 117 Айна Ескенқызы

Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшылардың тағы біреуі – марафоншы Жанна Мамажанова. Ұзақ қашықтыққа жүгіруден дүбірлі жарыстарда көк туымызды биікте желбіретіп жүрген желаяқ қыз 1994 жылы Семейде дүниеге келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Марафоншы Мамажанова 2017 жылдан бастап жеңіл атлетикадан ел құрамасының сапында өнер көрсетеді. Ол ұлттық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы, ірі халықаралық додалардың жүлдегері, марафонға жүгіруден Қазақстан рекордын жазған, сондай-ақ Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Оның халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы бар.

Жанна Өскемен мен Алматы қалаларында жеңіл атлетикамен айналысты, тәжірибелі жаттықтырушы Борис Жгирден тәлім алған.

Желаяқ жерлесіміз алғашқы елеулі жетістіктеріне 2010 жылы қол жеткізген. Сол жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында 10 шақырымға жүгіруде жеңіске жетті. Одан кейінгі жылдары да 10 шақырымға жүгіруде алдына жан салмай, сан мәрте топ жарды. 2020 жылы Токио Олимпиадасына жолдама беретін нормативті (2:29:30)  2:29:01 уақытта артығымен орындап, жаһандық додада еліміздің намысын қорғады.

Жанна  Мамажанованың ең жарқын жетістіктерінің бірі – Қазақстан рекордын жаңартуы. Нидерландының Роттердам қаласында өткен дәстүрлі халықаралық марафонда ол 42 шақырым 195 метрді екі сағат 26 минут 54 секундта жүгіріп өтті. Осы жылдамдығының арқасында ол Роддердам марафонының қола медалін жеңіп алумен қатар осы қашықтықта Қазақстанның рекордын жаңартты. Бұл қашықтықтағы осыған дейінгі ел рекорды аты аңызға айналған алматылық Зоя Ивановаға тиесілі болатын. Әйгілі жеңілатлет мұндай нәтижеге 1987 жылы 15 қарашада Токиода қол жеткізген. Ол рекордты 35 жыл бойы ешкім бұза алмай келген еді.

Роттердамдағы марафонда біздің Жаннадан эфиопиялық Хавен Хаилу (2:22:01) мен нидерландтық Нинке Бринкман (2:22:51) ғана жылдамырақ жүгіргенін айта кеткен абзал.

Төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының жеңімпазы болу – спортты серік еткен әр спортшының арманы. Ендеше төртжылдық бәсекесіне осымен екінші рет қатысқалы отырған жерлесімізге сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілекші болайық. Жаннаның жұлдызы жарқырайтынына біз сенеміз.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив