Жеке бастың қадір-қасиеті қалай қорғалады?
шартты сурет
Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Сондықтан елімізде әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар және ешкiмнің өзі үшін заңмен көзделген соттылығы оның келісімінсіз өзгертiлмейді. Мемлекет заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әркімнің сот төрелігiне қол жеткізуін және оған келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.
Адамның жеке басының абыройы мен қадiр-қасиетi құрметтелуге тиіс. Қылмыстық iсті жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысатын адамның абыройына нұқсат келтіретін немесе қадiр-қасиетiн кетіретін шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынады. Жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сол сияқты адам құпия санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi осы кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi. Сонымен қатар адамға қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтеледі.
Жеке басқа қол сұғуға тыйым салынады. Еліміздің Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұстауға, күзетпен қамауға алуға немесе басқа жолдармен бас бостандығынан айыруға болмайды.
Адамда күзетпен ұстау үшін немесе үйқамаққа алу үшін соттың санкциясы қажет және ол адамға сотқа шағым түсіру құқығы беріледі.
Соттың санкциясынсыз 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға жол берілетін тікелей көзделген жағдайлардан бөлек, адамды соттың санкциясынсыз 48 сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмағандарды 24 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға рұқсат етілген. Одан артық қамауға алуға болмайды.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi.
Кез келген адам ұсталған жағдайда оны қамауға алудың негiздерi, оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.
Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау органы әкімшілігі, медициналық ұйым заңсыз ұстап алған немесе күзетпен ұстап отырған, медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған адамды заңда немесе үкiмде көрсетілген мерзiмнен артық ұстай алмайды. Ол адам дереу босатылуға тиіс.
Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсын азаптауға, оларға қатыгездік көрсетуге, адамгершiлiкке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер істеуге, жаза қолдануға болмайды.
Ешкiмдi де адам өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке басқа қолсұғылмаушылықты бұзатын процестік әрекеттер кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана адамның, не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жүргiзiлуi мүмкiн.
Адамды, қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұсталғанд адамды күзетпен ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
Адамға бас бостандығынан заңсыз айыру, оны өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайларда ұстау, оған қатыгез қарым-қатынас жасау салдарынан келтiрiлген зиян кодексте көзделген тәртiппен өтеледі.
Қылмыстық құқықбұзушылыққа жол бермей, бейбіт заманда, бостандықта өмір сүру бақытынан ешкім айырылмасын және заң мен сот алдында адамдардың бәрі тең екенін естен шығармайық.
А.Омарова
Өскемен қаласының мамандандырылған
тергеу сотының бас маман-
сот отырысының хатшысы