KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Шығыста өткен велобәйгеде Алматы қаласының командасы топ жарды

19.08.2024, 16:22 137 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде осымен 54-ші рет ұйымдастырылған «Қазақстан оқушысы» көпкүндік веложарысы мәресіне жетті. Шығыс Қазақстан облысы 25 мәрте қабылдаған велобәйгенің биылғысында Алматы қаласының Almaty Cycling Team командасы топ жарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жалпы, бұл жолғы жарыста Қазақстанның 10 облысы мен қаласынан жиналған 80-нен астам оқушы бақ сынағанын айту керек. Додаға 2006-2007 жылдары туған және одан кіші ұлдар қатысқан. Сондай жас шабандоздың бірі – шымкенттік Марлен Райымбеков.

– Жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көріндік. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Жалпы, Шығыс Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл жақтың табиғаты өте ұнады. Трассалары да сан алуан екен. Негізі, мұндай жарыстар біз сияқты жас велошабандоздарға өте қажет деп санаймын. Өйткені, бұл жарыс – шеберлікті шыңдау үшін тамаша мүмкіндік, – дейді Марлен Райымбеков.

 Биылғы велобәйге облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен өткенін айтқан жөн. Ұйымдастырушылар келер жылғы 55-ші, мерейтойлық жарысты да біздің облыста өткізіп, оның ауқымын кеңейтуге мүдделі. Белгілі болғандай, 2025 жылы жалауын желбірететін «Қазақстан оқушысы» велокөпкүндігі халықаралық дәрежеге ие болып, оған алыс-жақын шетелдің спортшылары қатысады деп күтілуде.

– Алдымызға «Қазақстан оқушысы» жарысының мәртебесін өсіру мақсатын қойып отырмыз. Білемсіздер ме, 54 жылдық тарихы бар велобәйгеге 300-ден астам спортшы қатысқан кездер де болған Дәл осы жарыстан Александр Винокуров сияқты атақты велошабандоздарымыз алғашқы қадамдарын бастаған. Сондықтан, жарыстың кезіндегі ауқымы мен мән-мәртебесін қайтарғымыз келеді. Және бұл бағытта нақты қадамдар да жасайтын боламыз, – деген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов алдағы бәсекелерді бір емес, бірнеше жас санаты бойынша ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Тура бір аптаға созылған веложарыстың қорытындыларына келсек, бұл жолғы бәсекеде, жоғарыда жазғанымыздай, Алматы қаласының Almaty Cycling Team командасы тұғыр биігінен көрінсе, жүлделі екінші орынға Солтүстік Қазақстан облысының командасы табан тіреді. Ал үздік үштікті Шымкент қаласының құрамасы түйіндеді. Өкінішке қарай, былтырғы жарыста жеңімпаз атанған Шығыс Қазақстан облысының командасы бұл жолы бесінші орынды місе тұтты. Бұл жолы біздің спортшылар тек бірнеше кезеңде үздіктер қатарынан көрінгенін айту керек.

Осы ретте, биылғы жарыс алты кезеңнен тұрғанын да тілге тиек еткен жөн. Арасында топтық та, жекелей де сындар болды. Ең ұзақ қашықтық 90 шақырымды құрады. Сондай-ақ қатысушыларды 25, 50 және 80 шақырымдық кезеңдер де еңсерді. Жарыс негізінен Глубокое мен Ұлан аудандарының, сонымен қатар Өскемен қаласының жолдарымен өтті.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы додада үздіктер қатарынан көрінген спортшыларға естелік кубоктар, дипломдар мен медальдардан бөлек, ақшалай сыйлықтар да табыс етілді. Сонымен бірге мұндай марапатқа жекелей аталымдарда топ жарған велошабандоздар да ие болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу