Бүгін Өскеменде 600 орындық жаңа мектеп ашылды (видео)
Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні Өскемендегі Нұрлы жол шағын ауданында ірге көтерген жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Қазақ тілінде білім беретін оқу ордасының лентасын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қаңтарбаев қиды.
Жаңа мектеп 600 балаға арналған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін болғандықтан жиыны 1200 баланы қамтуға әлеуетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған №50-ші білім мекемесінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда инклюзия кабинеті, асхана, спорт залы, дәрігер кабинеті, үш шеберхана, радиоорталық, сенсорлық бөлме, ата-аналарды қолдау орталығы, мұрағат, кітапхана, роботты техника кабинеті және зертханасы, акт залы, психологиялық қызмет және логопед кабинеті бар.
Мектеп басшылығының айтуынша, жаңа білім ордасында барлығы 24 сынып оқиды. Оның сегізі бастауыш болса, 10-ы орта буын, төртеуі жоғары буын сыныптары. Бұдан бөлек екі мектепалды даярлық сыныбы бар. Нұрлы жол шағын ауданында жаңа білім беру ұйымының ашылуы балаларды тұрғылықты жері бойынша қабылдаумен қатар педагогтарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр.
– Өзім осы ауданда тұрамын. Бұл күнді көптен күттік. Құрылыс барысын күнде көріп жүрдік. Үлкен жұмыс атқарылды, қаншама еңбек, қаншама тер төгілді. Облыстың, қаланың басшылығы көп күш салды. Бұл мектеп Өскемендегі ең заманауи, маңдайалды білім ордаларының бірі болады деп ойлаймын. Бүгін ұлым жаңа мектептің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барып жатыр. Бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты, жолы ашық болсын, – деді Нұрлы жол шағын ауданының тұрғыны Дарын Нұрсапаров.
Жалпы, 2024-2025 оқу жылында облыста 344 мектеп жұмыс істейді. Бұл білім ордаларында 97756 бала оқиды, оның 9824-і бірінші сыныпқа барды.
Жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 12 мың мұғалім қызметкер кіріседі. Педагогтардың бәрі белгіленген мерзімде курстық даярлықтан өткен, оның ішінде 606-сы біліктілік санатын арттырды.
Өскемен қаласының Нұрлы жол шағын ауданындағы аталмы мектептен бөлек Зайсан қаласында 300 орындық, Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық білім мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін қолданысқа берілуге тиіс.
«Жайлы мектеп» жобасымен 2023 жылдан бері 3000 орындық жеті мектептің құрылысы жалғасуда. Олар: Өскеменде 1500 орындық үш мектеп, Риддерде 600 орындық бір мектеп, Шемонаиха ауданында 300 орындық бір және Глубокое ауданында 600 орындық екі мектеп.
Алты білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 1265,8 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде төрт мектепте жөндеу аяқталды, екеуінде жыл соңына дейін тиянақталады.
Сондай-ақ 81 білім беру нысанына ағымдағы жөндеу жүргізуге 1,8 млрд теңге бөлінді.
Биыл 549,3 млн теңгеге 45 пәндік кабинет сатып алу жоспарланған, оның 33-і жеткізілсе, қалғаны жыл соңына дейін жеткізілмек. 2025-2029 жылдар аралығында жаңа модификациядағы тағы 210 кабинет сатып алу көзделген.
Облыста барлығы 344 (100%) мектеп интернет желісіне қосылған. 2023 жылы Starlink спутнигі арқылы интернет жылдамдығын арттыру үшін 170 мектептің тізімі анықталды. Биылғы мамыр айынан бастап жабдықтар орнатылып жатыр. Бүгінде 170 Starlink спутниктік интернет жинағының 144-і орнатылған.
Облыста бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жөніндегі Президент тапсырмасы ойдағыдай орындалуда. Одан бөлек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқушылары да тегін тамақпен қамтамасыз етілген. 2024 жылы 53 мың оқушыны ыстық тамақпен қамтуға 4,6 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ 4,6 мың баланы мектепке күнделікті тасымалдау үшін 126 автобус қызмет көрсетеді.
Білім беру ұйымдары 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, 170 мекемеде турникет қойылса, 413-інде дабыл жүйесі орнатылған, 198-і Жедел басқару орталығына қосылған, 127 мектепте мамандандырылған күзетпен келісімшарт жасалған.
Облыстағы білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету орталықтандырылған жүйемен жүзеге асырылады. Оқулықтар сатып алуға 450 млн теңге бөлінді. Қазір оқушылардың барлығы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілген.
Биылғы Жалпыға бірдей білім беру қоры 4,4 млрд теңге болса, оның 915,9 млн теңгесі 21,1 мың оқушыға мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға бөлінді. Жалпыға бірдей білім беру аясында 21067 балаға ата-аналардың карточкалық шотына ақша аудару арқылы 914,4 млн теңгеге материалдық және қаржылай көмек көрсетілді. Бір балаға берілетін көмек мөлшері – 43 407 теңге.
Фото: Аяужан Утеулинова