KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Дені сау баланы қалай өсіруге болады? – Невропатолог кеңес берді

9.10.2024, 15:00 130 Айна Ескенқызы

Фатима Акижанова отыз жылдан астам уақыт бойы кішкентай пациенттерді емдейді, олардың әрқайсысына орталық және перифериялық жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін аурулармен күресуде көмектесуге тырысады. Фатима Кабидулдиновна балалар невропатологы тек дәрігер ғана емес, сонымен қатар психолог екенін айтады. Өз тәжірибесінде дәрігер нәрестелердегі неврологиялық ауытқушылықтардан бастап жасөспірімдердегі мигреньге  дейінгі әртүрлі аурулармен жиі кездеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

– Жақында қабылдауға  басы жиі ауыратын 13 жасар баланың анасы келді. Мигрень диагнозы  анықталған жағдайда біз баланың ата-анасымен ашық сұхбаттасуға тырысамыз. Баланы қоршаған ортада бас ауруына не себепші болатынын түсініп, осы факторларды оның өмірінен алып тастауға тырысу керек. Шынында да, балалардағы мигреньді емдеуде әдеттегі өмір салтын өзгерту шаралары өте маңызды, – дейді невропатолог.

Фатима Кабидулдиновнаның ата-аналарға арналған жалпы кеңестерінің қатарында ұйқы режимін сақтау, компьютерлік  және белсенді ойындарды ұйқыға бір сағат қалғанда доғару, ұйқы алдында сабақ оқымау сияқты кеңестер бар. Сондай-ақ, ол ата-аналарға баламен қарым-қатынаста позитивті болуға кеңес береді. Жасөспірімдерді сурет салу немесе жеке күнделіктерді толтыру арқылы жағымсыз ойлардан арылуға үйрету керек. Дәрігер белсенді түрде дене шынықтырумен айналысуға және  диетаны ұстауға кеңес береді – шоколад, ірімшіктер, ащы дәмдеуіштер, фаст-фуд, консерванттар  және  тағамдар мен сусындардағы бояғыштар приступ тудыруы мүмкін.

Бүлдіршіндердің ата-аналарынан жиі түстетін өтініштердің тағы бірі –тілдің кеш шығуы.

– Бұл өте маңызды проблема және соңғы жылдары гаджеттер шыққаннан бері пайда болды, ал ата-аналар кішкентайларға оны көңіл көтеретін құрал ретінде ұстата салады. Аналар маған  баласының  әлі сөйлемейтініне шағымданады, мен олардан «ал сіз балаңызбен сөйлесесіз бе?» деп сұраймын. Тіпті нәрестемен  де сөйлесу керек, әсіресе ұйықтар алдында сөйлескен жақсы. Ата-аналардың тағы бір қателігі – нәресте жатқан жерде теледидардың жұмыс істеп тұруы. Мен  үстел ойындарын сатып алуға және балалармен ойнауға жиі кеңес беремін. Бала суретті тауып, оның атауын айтқан кезде ол үшін бұл тамаша сөйлеу жаттығуы болады, – дейді Өскемен қаласындағы  №1 емхананың невропатолог-дәрігері Фатима Акижанова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында хабарлағандай, Фатима Акижанова  ұзақ жылғы тәжірибесіне қарамай, медицина саласында болып жатқан заманауи әдістер мен тәсілдерді меңгеруден жалықпайды. Бүгінгі таңда балалар арасында аутизм спектрінің бұзылуы белең алып барады. 2020 жылы неврология мамандығы бойынша және "Аутизм спектрі бұзылуының және аутизмнің ерте диагностикасы" циклі бойынша біліктілігін ұштады. 2021 жылы "Балалардағы аутизм белгілерін ерте анықтау мәселелері. Диагностикалық скрининг" бойынша білімін жетілдірді.

Білікті маман ата-аналарға арналған білім беру іс-шараларына белсенді қатысады, оларға балалардың жүйке жүйесіне салмақ түсірмеу және баланың денсаулығын күту негіздерін үйретеді. Осылайша, оның емханадағы жұмысы тек емдеумен шектелмей, дені сау ұрпақты қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналып отыр.

Фото: ШҚО ДСБ баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу