ШҚО-да оқушы қызды қорлағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
depositphotos.com
Шығыс Қазақстан облысында оқушы қызды тізерлетіп кешірім сұратып жатқан видео тарады. Қазіргі уақытта полицейлер осыған қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға Зайсан ауданында болған. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда көрінгендей, оқушы қызға бір топ қыз әлімжеттік көрсеткен. Оған бейәдеп сөздер айтып, жерге тізерлетіп кешірім сұратқан.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ведомство дерегінше, полицейлер бала тәрбиесіне байланысты өз міндеттерін орындамағаны үшін күдіктілердің ата-аналарын жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті шараларды қабылдады.