Әскерге баруға деген қызығушылықтың төмендеу себептері
Фото: smi24.kz
Кейінгі жылдары жастар арасында «әскерге барудың қажеті жоқ» деген пікір жиі айтылуда. Олар әскерге бару арқылы оқу, мансап, өзге мүмкіндіктерден құр қаламыз деп алаңдайды. Кейбір ата-аналар да балаларын әскерден алыста ұстауға тырысады. Мұның басты себебі – қазіргі әскерге деген сенімнің төмендеуі. Әскердегі әлімжеттік, сарбаздардың бейбіт күнде қайтыс болуы сынды оқиғалар қоғамда теріс көзқарас қалыптастыруда.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мамандарының айтуынша, бозбалалардың сарбаз атанудан қашуының басты себебі әскери қатал тәртіптен қорыққандықтан. Еркін өскен бала қатал тәртіпті басынан өткергеннен гөрі әскери кафедрада оқығанды мақұл көреді.
Ал мамандар болса бәріне жастарды кінәлай беру орынсыз екенін айтады. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында әскердегі әлімжеттік, қылмыс жайлы жиі жарияланады. Мұның бәрін көрген ата-ана баласын әскерге жібергісі келмейді.
Тағы бір себеп, қазір жастардың арасында әскери өмірді насихаттау, ұлдарды жастайынан ерлікке жігерлендіру жағы кемшін түсіп жатыр, мойындау керек. Тек әскердегі әлімжеттік пен қатал тәртіпті естіген бозбалалар әрине бұл мәселеге асқан сақтықпен қарайды. Ал құзырлы орындар әскердегі қайғылы жағдайлардың, яғни суицидтің себебін отбасындағы тәрбиенің нашарлығынан деп түсіндіреді. Қалай десек те қазір қоғамда әскер туралы теріс пікір қалыптасқанын жасыра алмаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Жолдауында әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталды.
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда кейінгі бір жылда әскердегі әлімжеттік жағдайлар әлдеқайда азайған. Әрине, жекелеген оқиғалар ішінара кездеседі, дегенмен азайды. Қазір сол сирек болса да кездесіп қалатын келеңсіз жайттерді түбегейлі жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде казармалардың көбісінің ішіне де, сыртына да бейнебақылау құрылғылары қойылған. Әскердегі тәртіп ең алдымен командирлердің және тәрбиеші сардарлардың білімі мен дайындығына байланысты. Әскери қолбасшылардан бастап, кіші командирлердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына дейінгі барлық құрылымның басты міндеті – әскердегі тәртіпті қадағалау.
Аға буын өкілдерінен «әскери өмір ер азаматтың мінезін шыңдап, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады» деген пікірді жиі естиміз. Кеңес заманында әскери борышын өтегендер қазіргі армия «балабақша болып кетті. Біз екі жыл ел тыныштығын қорғасақ, қазір бір жыл ғана. Жақындарымыздан хат-хабарды айлап күтетін едік. Ал бүгінде сарбаздар ата-аналарымен ұялы телефон арқылы үнемі байланыста» дегенді де айтып жатады. Бұл пікірмен келіспеуге болмас, дегенмен қазір заман бөлек, уақыттың талабы да басқа. Ендеше жас сарбаздар технологияның игілігін пайдаланып жатса несі айып?
Маманның айтуынша, қазір әскерге барғандарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Мәселен, несиелік демалыс. Яғни, сарбаз Отан алдындағы борышын өтеген уақытта несие төлемім кейінге қалдыру қарастырылған. ҰБТ нәтижесін есепке алмай, әңгімелесу арқылы екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу және әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз қабылдану сияқты мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ әскер қатарына шақырту бойынша да өзгерістер бар. Қазір әскери сала да сандық жүйеге көшірілгендіктен 18 жасқа толған азаматтың үйіне әскерге шақырту қағазы жіберілмейді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін толық әлеуметтік жеңілдектер иеленуге құқылы. Әскердегі қызмет – бұл тек борыш өтеу ғана емес, сонымен қатар мансаптың өсуі мен жеке жетістіктерге жету мүмкіндігі. Әскери қызметшілерге қолжетімді негізгі артықшылықтар мен жеңілдіктерге тоқталайық.
- Мемлекеттік қамтамасыз ету: Барлық әскери қызметшілер толық мемлекеттік қамтамасыз етумен, оның ішінде ақшалай төлемдермен, киім-кешекпен, медициналық қызметпен қамтылған.
- Тұрғын үй жағдайлары: Әскери қызметшілерге қызметтік баспана беріледі немесе тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу үшін ай сайынғы төлемдер қарастырылған. Мысалы, бір адамға төлемдер 50 000 теңге, ал бес адамнан тұратын отбасыға 250 000 теңге.
- Демалыс және өтемақылар: Әрбір әскери қызметші жыл сайынғы екі лауазымдық айлық көлеміндегі төлемдермен демалысқа құқылы.
- Мансаптық өсу: Армияда мансаптық өсу мүмкіндіктері бар — бөлімше командирінен бастап Қарулы Күштердің Бас сержантына дейін.
- Біліктілікті арттыру: Әскери қызметшілер кезең-кезеңімен біліктілігін арттырып, бұл жалақы деңгейіне әсер етеді.
- Зейнетақы: Зейнетке шығу 45 жастан бастап, соңғы қызмет атқарған лауазым бойынша ақшалай төлемдердің 50% көлемінде жүзеге асырылады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны арттыруды көздейтін жаңа төлем жүйесі күшіне енеді:
офицерлер үшін 20,3%-ға және қатардағы сарбаздар мен сержанттар үшін 33,9%-ға бірінші кезеңде;
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап офицерлер үшін 23%-ға және қатардағы сарбаздар мен сержанттар үшін 10%-ға екінші кезеңде.
Әлеуметтік жеңілдіктер:
Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына қоғамдық көлікте тегін жүру, жылына бір рет демалысқа тегін сапар;
- Коммуналдық қызметтердің 50% төленуі;
- Өрістегі төлемдер және басқа да бонустар.
Қызметке қабылдау шарттары: 32 жас 6 айға дейінгі әскерге шақырушыларға армияда қызмет ету мүмкіндігі беріледі. Қызметке кіру үшін жеке куәліктің, әскери билеттің, дипломның және өмірбаян көшірмелерін қоса алғанда бірнеше құжаттар қажет.
Сегіз жылдан кем емес қызмет еткен әскери қызметшілер жоғары білім алу үшін оқу шығындарының 50%-ын өтейтін өтемақы алуға құқылы.