Төрт түлікке қолайлы жайылымдар мен астық алқаптарының үйлесімі
Бүгінгі күні аймақтағы 9556 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, оның ішінде 8638 шаруа қожалығы, 724 заңды тұлға, 194 жеке кәсіпкерлік ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, септігін тигізіп келеді. Облыстың ауыл шаруашылығы, балық, орман шаруашылығы саласында 38 186 адам еңбек етіп жатыр. Жылдың төрт мезгілінде тынбай тер төгіп, отбасын, ауыл-аймағын, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, отандық өнімді әлемдік нарыққа шығарып жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі ерен, өлшеусіз.
Самардағы «ЛИК» қожалығы
Күні кеше ғана Астанада өткен, мұқым елден мал баққан шаруа мен жер емген диқан жиналған Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Самар ауданындағы Михаил Лопаткиннің «ЛИК» шаруа қожалығының механизаторы Иван Блинков Мемлекет басшысының қолынан медаль алып, мерейі өсіп қайтты.
Самар ауылындағы «ЛИК» ШҚ 1997 жылдан бастап егіншілікпен, майлы, дәнді дақылдар, элиталы тұқым өсірумен айналысып келе жатқан ірі шаруашылықтардың бірі. Бүгінде қожалықта 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр.
Шаруашылық егіншілікке инновациялық бастамаларды, биотехнологияларды енгізе отырып, астықтың түсімін молайтып қанай қоймай, жердің құнарлылығын, өнімнің сапасын арттыруда. Егіске қажетті заманауи техникалармен жарақтандырылған бұл шаруашылықта еңбек өнімділігі де жоғары болып отыр. Биылғы күзгі жиын -терінді өзге аудандардың диқаншыларымен бірге «ЛИК» қожалығы да табысты аяқтап шықты. Толағай табыстың артында мемлекеттік марапатқа ие болған Иван Блинков сияқты шаруашылықтың майталман механизаторларының, диқаншыларының еселі еңбегі тұр.
Шаруашылықтардың егіндігінде, Қазақстанда, өз жерімізде өсіріліп жатқан астықтың маңызы қашан да жоғары. Әлемдік нарықта бидай өсіруші, экспорттаушы басты елдің бірі болып отырған біздің елде, облыстарда егін шаруашылығының әлеуеті жылдан -жылға артып келеді. БҰҰ азық –түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректері бойынша еліміз ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі жағынан әлемде 6-орынға ие. Егіндік алқаптары ұлғайып келе жатқан техникасы қуатты, еккені өнімді, есебі мығым шығыстың диқаншылары биыл көздеген межеден көрінді.
Биыл облыста астықтың орташа өнімділігі 22 ц /га (былтыр 13,4 центнер) құрады. Кейбір аудандардың диқандары өнімділікті орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары алды. Мысалы, Глубокое ауданындағы «Виситаев Р. Д.» қожалығында бидай өнімділігі 45 ц/га-дан жоғары болып отыр. Бұл ауданда орташа өнімділік шамамен гектарынан 25 центнерді құраған болатын.
Алтай ауданындағы «Санур-Агро» ЖШС де астық шамамен 41 центнерден жиналды. Бұл аймақтағы орташа өнімділік гектарынан 27 центнерден айналды.
Элиталық тұқым шаруашылығы бойынша рекордшы және көшбасшы болып отырған Глубокое ауданының «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС нің элиталық бидай сорттарының өнімділігі гектарынан 40 центнерге жеткенін де айта кету ләзім.
Алтайдың, Барқытбел, Тарбағатай мен Сауыр-Сайқанның жазиралы даласына ата -бабалармыз ежелден тоған салып, арықпен су шығарып тары еккен, бидайды да баптап, өсірген.
Ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізу арқылы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін еселей түсу көзделініп отырған бүгінгі күні облыстың егін шаруашылықтарына егістікті, шабындықтарды суғарудың тиімді тәсілдерін енгізуге ерекше мән берілуде.
Астанада «Су Bereke » атауымен шығарылып жатқан жаңбырлатқыш машиналар өндірісі енді бізде - Өскемендегі «Өркен КШТ» индустриалдық аймағында ашылмақ. Осы жобаға жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп отыр. Қазір астаналық зауыт облыстағы «Ертіс» ӘКК мен бірлесіп осында «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС құрған. Индустриалдық аймаққа қажетті инфрақұрылымдар тартылып біткенше зауыттың бастапқы өндірісі Казачье ауылында іске қосылмақ. Былтырдан бері Ұлан ауданының Привольное ауылындағы «Багратион» шаруа қожалығының егістігі Астанадағы осы «АDАМ» КТ зауытының жаңбырлатқыш машинасымен суарылып жатыр. Биыл шаруа қожалығы осы өндірушіден тағы да тоғыз машина сатып алуға тапсырыс берген. Жалпы алғанда облыстағы 8000 гектар алқапқа осы машина қойылған.
Қазақстандық фермерлердің қажеттілігін ескере отырып әзірленген отандық жаңбырлатқыштар кез-келген көлемдегі егістікті суару тиімділігін арттырып, қуаңшылыққа, су тапшылығына қарамастан түсімді бірнеше есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
2024 жылы осындай жаңбырлатып, тамшылатып суғару технологияларын енгізу, минералды тыңайтқыштар, элиталық тұқым сатып алу сияқты түрлі мемлекеттік субсидияландыру бағдарламалары бойынша облыстың ауыл шаруашылығы саласына 24845,8 млн теңге бөлінді.
Қамбар ата түлігін арттырмақ
Мемлекеттік бағдарламалар аймақта, аудандарда мал, егін шаруашылығының өркендеуіне игі ықпалын тигізуде.
Атқарылып жатқан іс-шаралар нәтижесін көрсетуде.
Осының арқасында өткен 9 айда облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 292,3 млрд. теңгені құрап, 112,5 пайызға өскен. Облыста ірі қара саны 403,9 мың басқа жетіп, өткен жылғыдан 115 пайызға артқан. Жылқы басы 240,1 мың бас болып, айтарлықтай көбейген.
«Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бірақ асыл тұқымды жылқының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Яғни 4,2 млн жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Қазақтың төл тұқымдарын көбейткен де маңызды. Мәселен, Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалған.
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек»,- деген болатын жуықта өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сала мамандары алдағы уақытта біздің облыстың мал шаруашылығында да қазақ жылқысының тұқымдарын көбейтуге бетбұрыс жасалатынын айтады.
2024 жылдың өткен 10 айында Күршім ауданында да ірі қара мал басы 37 443 басқа жетіп, жылқы басы артып, мал саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,3 пайызға өскені байқалып отыр.
- Ауданымызда мал шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген шаруа қожалықтары аз емес. Атап айта кетсек: «Жігер» шаруа қожалығының басшысы Асенов Мейрамбек, «Ақшағанов» шаруа қожалығының басшысы Ақшағанов Талғат, «Алдербаев» қожалығының басшысы Алдербаев Қайрат, «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қалдешов Асылбек, «Айзат» шаруа қожалығының басшысы Қожабаев Мұрат, «Ұлан» шаруа қожалығының басшысы Қабдуллин Арғынбек тағы да басқа қожалықтардың иелері еселі еңбек етіп, мал өсіріп, егін салып, өркендеп келеді.
Күршімде бау-бақша өсірумен айналысатын «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Чупенов Марат 7 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қызанақ, қияр өсіріп, өнімдерін аудандағы және облыс орталығындағы сауда орындарында саудалап келеді.
Ауылда мал шаруашылығымен шұғылданам деушілерге мемлекет тарапынан пайызы төмендетілген несие беру сияқты түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп келеді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы іске асырылып жатқан «Кең дала» бағдарламасы аясында егін шаруашылығымен айналысушыларға, «Іскер» бағдарламасымен мал шаруашылығымен айналысушыларға және «Агробизнес» бағдарламасымен негізгі құрал- жабдықтарды сатып алуға (оның ішінде объектілерді жаңғырту, құрылыс-монтаждау жұмыстары) жеңілдікпен несеи берілуде. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап жылдық несиелеу мөлшерлемесі 2,5 пайыздық «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатыр .
«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Күршім ауданы бойынша 32 адам 222,4 млн. теңге несие қаражатын алған. 1 жоба иесі жартылай фабрикатты өнім шығаратын цех ашты, 18 жоба иесі 340 бас ірі қара мал, 9 жоба иесі 145 бас жылқы, 4 жоба иесі 405 бас ұсақ мал сатып алған.
2024 жылға аталған бағдарлама бойынша ауданға 889,7 млн. теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаражатты уақытылы және тиімді игеру мақсатында, аудан тұрғындары мен кәсіпкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бүгінгі күнге дейін 920,0 млн.теңгеге 130 жобаның құжаттары дайындалған. Жобалардың көп бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. 81 жоба мал шаруашылығын дамыту, 1 жоба ауыл шаруашылық техникасын сатып алу, 42 жоба кәсіпкерлікті дамыту, 3 жоба туризм бағытында іске асырылмақ.
Жаңа зауыт, бес сүт фермасы іске қосылмақ
2024 жылы облыстың агоөнеркәсіп кешенінде 44,7 млрд. теңгенің 15 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сүт өндірісі бойынша 5 проектов на 18,6 млрд.теңгеге бес жоба, суғармалы егіншілік бойынша 1,1 млрд. теңгенің бес жобасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 24,5 млрд. теңгенің үш жобасы, астық сақтау қоймасын салуға арналған екі жоба жүзеге іске асырылу үстінде. Биылғы тоғыз айда 2 млрд. теңгенің тоғыз жобасы іске асқан.
Өскемен қаласында «Normal Work» ЖШС нің 21,6 мың тонна астық өңдейтін ұн зауыты пайдалануға берілді.
Суғармалы егіншілікте 1000 гектардан астам алқапты (мал азығындық дақылдар, жүгері, көкөністер, күнбағыс) озық технологиямен суғаратын бес жоба іске асырылды. Ұлан ауданында су үнемдеу технологияларымен жұмыс істейтін үш, Зайсан ауданында тамшылатып суғару технологияларымен суғаруға арналған екі жоба іске асты.
Осы жылдың соңына дейін Өскеменде жылына 50 мың тонна шекілдеуік өңдейтін «ALTAI MAI» зауыты іске қосылмақ.
Сондай ақ биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіндегі жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында облыста бес ірі тауарлы сүт фермасы өз жұмысын бастайды. Бес фермада жылына 35,2 мың тонна сүт өндіріледі.
АО «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы жыл басынан бері облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 8,0 млрд. теңгенің лизингтік қаржысына 419 бірлік техника мен құрал -жабдықтар алған. Шаруашылықтар 3,0 млрд. теңгеге 162 трактор, 3,2 млрд. теңгеге су жаңа, өнімділігі аса жоғары 25 комбайн сатып алып, еңбек көрігін қыздырған.
Астықты аудандарымен, төрт түлікті өңірлерімен айрықшаланатын шығыстың ауыл шаруашылығы әлемдегі ең астықты елге айналған Қазақстан экономикасының алға басуына өз үлестерін осылайша қосып жатыр.
Жанаргүл Көкенайқызы