Кітапхана – жасанды интеллект әлеміне жолбасшы
Кезінде алғашқы қызыл отаулардан басталып, халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізген, азаматтардың сауаттылығын ашуға ықпал еткен кітапхана бүгінде тек кітап алып оқитын немесе әдеби-мәдени шаралар өтетін орын ғана емес, жұмысында заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен қолданатын, оқырмандарына жаңа инструменттерді ұсынатын орталыққа айналды. Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана 2000 жылдары келушілердің интернеттік сауатын ашуға көмектессе, бүгінде өз қызметінде өмірімізге енген жасанды интеллекті кеңінен пайдаланып, оқырмандарына да оны қолданудың жолдарын үйретеді.
Кейбіреулер «Жасанды интеллект пен кітапхананың арасында қандай байланыс болуы мүмкін, кітапхана жасанды интеллектсіз де өмір сүре алады ғой?!» деп ойлауы әбден мүмкін. Десек те, жасанды интеллект кітапхана саласына да дендеп еніп келеді. Осы саланың сарапшысы, Ресей Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степановтың пікірінше, кітапханашылар компьютерді ең алғаш қалай үйренсе, жасанды интеллектіні де солай жан-жақты меңгеруі керек. Заманауи технология жаңалықтарын қызметіне енгізген кітапхана ғана оқырманын, әсіресе жастарды өзіне тарта алады. Осылайша, өмір сүруге құштар ұл-қыздарды тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз.
Замнаиу үлгіде дамып келе жатқан Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана келесі жылы жетпіс жылдығын атап өтпек. Осы мерейтой қарсаңына орай ұйымдастырылған «Кітапхана саласындағы Жасанды интеллект» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміздің әр өңірінен келген 80-нен астам кітапхана қызметкері өз саласындағы ЖИ мүмкіндіктерімен танысқан болатын.
Цифрлық технологиялардың өміріміз бен күнделікті өмірімізге қаншалықты берік енгенін ескерсек, компьютерлік сауаттылыққа сүйеніп, дүниежүзілік тордың мүмкіндіктерін меңгеру алысты болжаған әрі дер кезінде жасалған қадамдар болып шыққанын өмір көрсетіп отыр.
ХХІ ғасырды ЖИ-сіз елестету мүмкін емес
Халықаралық деректер корпорациясының вице-президенті Андрей Беклемишевтің айтуынша, нейрондық желілер экономикадағы ғана емес, әлеуметтік сала мен мәдениеттегі мәселелерді шешу үшін де қолданылады. Қазір серіктестік келісімдері негізінде біздің көз алдымызда ғаламдық ақпараттық кітапхана желісі дүниеге келуде.
Мысалы, 2015 жылдан бері жұмыс істейтін Semantic Scholar іздеу жүйесінің жинағында 220 миллионнан астам аннотацияланған библиографиялық жазбалар: мақалалар, тезистер, баяндамалар және басқа да мәтіндер бар. Оның үстіне, егер ғылыми баспалар мен депозитарийлер туралы айтатын болсақ, олар өз деректер базасын бөлісуге дайын - бұл олардың танымдылығын арттырады. Пайдаланушы толық мәтінді талап еткенде, ол бастапқы сайтқа қайта бағытталады.
Конференция ақпараттық технологиялар беретін шексіз мүмкіндіктер идеясын анық көрсетті. Өскемен қалалық кітапханасының ІТ маманы Бекжан Дауылбековтың айтуынша, мекеме биылдан бастап желіге келушілерге қолжетімділікті ашу үшін Telegram арнасында чат-бот іске қосылды. Виртуалды көмекші қызметтерді шарлауға көмектеседі, сұрақтарға жауап қайтарады және ұсыныстар береді. Жалпы, ЖИ негізіндегі бағдарламалық жасақтама қосымшалары үй кітапханашысы рөлінде оқырмандардың қызығушылықтарын қадағалап отырады, жаңа элементтерді ұсынады, оқиғалар мен маңызды деректер туралы хабарлайды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасанды интеллект саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыру, пайдаланушыларды нейрондық желілерді қолдану арқылы анықтау, виртуалды және голографиялық макеттерді біріктіру үшін компьютерлік көру мүмкіндіктері туралы айтылды. Кітапханашылар лекция тыңдап қана қоймай, шеберлік сыныптарына қатысып, жасанды интеллекті қолдану туралы білім көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Профессордың айтуынша, кітапханашылардың бүгінгі басты жұмыстары - қордағы барлық материалдарды цифрлық форматқа ауыстыру. Алайда аудандар мен шалғай ауылдардағы кітапханалардың техникалық мүмкіндігі жете бермейді, оларға сканер, қуатты процессорлар, басқа да жабдықтар қажет.
Кітапханашылар не дейді?
Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаеваның пікірінше, Жасанды зердені қолдану дәл кітапхана жұмысында әзірге кенжелеп тұр. Әркім өз білгенінше қолданып жүр.
Ал, Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәния Серікқызы жасанды зерде туралы бұрыннан ізденіп жүргенін, бұл шараның өте пайдалы болғанын жеткізді. Ол конференция барысында жасанды интеллектті пайдалану бойынша алған білімнің жұмыста пайдаға асатынына сенімді.
Ақсуат орталық аудандық кітапханасының әдіскері, оқырмандар залының аға кітапханашысы Мейрамгүл Тоқанқызы өз жұмыстарында ЖИ қолдануды бұрыннан жоспарлап, ізденіс үстінде жүргендерін айтты.
Бүгінгі күні жаңа технологияның қарыштап дамып, өркен жаюын тоқтату мүмкін емес. Нейрондық желілер өмірдің барлық салаларына енеді, ал кітапханалар осы үдерістер легінен қалмағаны жөн.
Айна Ескенқызы