Құнанбай - қазақтың қара сөзіне дес бермеген шешен
Фото: e-history.kz
Құнанбай ел бастаған көсем ғана емес, қара тілдің жүйрігі – шешендігімен кейінгі ұрпақ есінде, тарихта қалды. Құнанбай мен Абай арасындағы байланыс деген тақырып, яғни әкенің балаға деген әсері әлі жеріне жете айтылмай келе жатыр. Тумай жатып түсінде аян боп кірген ИбраҺим-Абайға Құнанбайдың ықыласы ерекше, сенімі зор еді...
Әуел баста оқу-білімге зейін қойған Абайдың атасы Өскенбай би ел ішінде садақа, зекет жиған бір қожаны қолына ұстап қызы Тайбала мен Құнанбайды оқуға береді. Енді тіл сындырып келе жатқанда қожа өз жөнімен кетіп, балаларға оқу есігі жабылады да, тумасынан зерделі Құнанбай өздігімен ізденіп оқып заманының айтулы көзі ашық тұлғаларының бірі болады. Құнанбай есімі кеңестік кезеңде аса қатты зардап шегіп, бұл тақырып соншалықты қиын-құрсауды бастан кешкені белгілі.
«Абай жолы» эпопеясында Құнанбай бейнесі құрбандыққа шалынып қана қойған жоқ, еріксіз бұрмаланып Абайға қарсы сомдалды. Абайды асқақтату үшін «социалистік реализм» талаптарына сай, Құнанбайды жағымсыз етіп бейнелеуге тура келді. Алайда кеңестік жүйенің қысымымен бұрмаланған Құнанбай бейнесінің астарына үңілсеңіз шын өмірдегі Құнанбайды, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, ерекше дарынымен дараланған Құнанбайды ажыратып алуға болар еді. Бұл да бір Әуезов шеберлігінің көркем шығармадағы шеберлігі.
«Абай жолындағы» мына бір үзіндіге ғана көңіл бөліп, қажылық сапарға аттанардағы Құнанбайдың сөзіне құлақ түрейік: «Сендер мені осы сапарға қимайтын сиақтысыңдар. «Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмейміз-ау, кеткені-ау» деп есіркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға мені қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға «әй, өй» деп отырып өлетін бай-бай шал болып өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менің ендігі қалған тірлігімнің мұраты» ,- деген көп жұмыр басты пендеден биік ойлайтын көшелі Құнанбайдың сөзін сол кездегі солақай сын қалай сылып тастамады екен!? Десек те шын Құнанбайдың образын беретін мұндай астарлы дүниелер романда әсте аз.
Осыны байқаған қырағы суреткер Ғ.Мүсірепов: «Мұхтар романында «Құнанбай ылғи орғытып, тұспалдап сөйлейді, өзі айтып, өзі кесіп, басқаларды тек еріксіз мойындатады» деп келді. Бірақ, Мұхтардың осы бағасына лайық сөздер, шешендік тұспалдар Құнанбай сөзінде сонша мол емес. Құнанбай сөздері көбінесе істер ісінің жабайы түрін ғана сипаттай алады... Мен Құнанбай айтар сөздерді әр жерінде өңдей түсу керек дер едім»,- деген мінінде әріптесінің Құнанбай бейнесін тым біржақты етіп алған тұсын дөп басу, өмірдегі Құнанбайға ара түскен жанашырлық бар-тын. Мақала 1943 жылы сталиндік қатаң қалыптың тұсында жазылғандығын ескеріңіз...
Көркем туындысында Құнанбайды бір жақты етіп сомдаған М.Әуезов ғылыми мақалаларында да Құнанбайға қаттылық жасағанын айтпауға болмайды. Бұл жайында кезінде ғалым Т.Жұртбайдың баспасөз бетінде «М.Әуезовтен Құнанбайды арашалаудың қажеттігі неде?», «М.Әуезовті Құнанбайдың алдында ақтаудың қажеті неде?» деген мақалалары қатар жарияланды. Бұған қарсы ғалым Б.Майтановтың (Әуезов пен Құнанбайға ара ағайын қажет пе?) мақаласы жазылып, Т.Жұртбайды Құнанбайдың бейнесін тарихи шындықтан алыстатқаны үшін Әуезовті «кінәлап көрсетуін» сынға алады.
Әуезовтің әр кездегі пікірлеріне ой жүгіртсек, мәселен Әрхам Ысқақовтың «Абай өмірі» деген естелігіне жазған пікірінде автор қатты сыналады: «Ең әуелі Құнанбай басына келсек, бірінші, Құнанбайдың Қодарды өлтіргенін жасырады. Екінші, Борсақтың жерін тартып алғанын атамайды. Үшінші, Құнанбайдың Бөжейді сабағанын, Тоқмамбетке шабуыл жасағанын бүркемелейді. Төртінші, Мұсақұлда, Бөжейдің көшіне шауып, төбелес жасағанын жеңілдетеді. Жігітектің он жеті кісісін айдатқан Құнанбай емес, Тәкежан болады және айдалу себебі жігітектің өз кінәсінен деп баяндалады. Бесінші, Құнанбайдың «орысшылсың» деп кінәлағаны да сиыр құйымшақталып, жоққа сайып кетеді. Сөйтіп, Құнанбай дәріптеледі. Ал шынында Абай өзінің ақындық, азаматтық, тарихтық жаңа жолын тапқанда алысумен тапқан. Сондағы оның алдында тұрған тарихи қайшылықтың ең үлкені құнанбайлықтың жиын бейнесі болатын. Құнанбайдың зорлықшылдығын, көпке істеген қиянатын «оның өзі істеген жоқ, Майбасар істеді» деп жалтару тарихи зерттеуші ойды теріске, жаңсақ жолға салудың ниетінен туған. Сол арқылы Құнанбайды арғы – бергі заманда тобықты ішінде «жарықтық» деп, «қажеке» деп, «мырза» деп дәріптеп келген қаз – қалпы шыға келді. Көп феодалдың, ру басының және соларға атасын дәріптетіп келген Құнанбай тұқымының бергі кездегі атқамінер, жуандарының ауыздарындағы сөздер, ұғым – нанымдар көрінекке шығады. Қысқасы үстем таптық, феодалдық – патриархалдық салт – сана түгелімен Ысқақов аузымен қайталанып отыр (қолжазбаның өзіне жазған нақтылы беттердегі пікірлерге қараңыз)».
Жазушының Құнанбайға қатысты осындай ойлары С.Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясына (Мысалы: Қодардың өлімі туралы Құнанбайды сонша ақтау не қажет), Ә.Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» деген кітабына жазған пікірінде де қылаң береді. Ә.Жиреншиннің кітабына Құнанбайға қатысты төмендегідей сын-ескертпе жасайды: «Абай мен Құнанбай алшақ болмаған деп және Құнанбайдың Меккеге бару сапарын дәріптеу кімге керек? Оны Құнанбайдың аруағына осы күнге дейін тауап қылатын құнанбайлықтардың тоғышар теріс саналы нәсілдерінің сыбағасына беру керек...». Сол заманның қылған қысымы дейсіз бе, әлде эпопеясында сомдалған Құнанбай образына араша түскені ме, қалай болғанда да Әуезов кезінде дәл осы пікірлерді айтты. Бұл арада Әуезовке мін таққымыз жоқ. Тек Құнанбай бейнесінің кеңестік заманда қаншалықты көкпарға тартылғанын мысқалдай ғана мысалдардан ақ көруге болатынын оқырманға сездіру.
Құнанбай бейнесін тану, оған тиесілі бағасын беру елдің тәуелсіздігімен бірге келді. Яғни «Құнанбайды танып алмай Абайды толық білу әбестік» екенін кеш те болса түсіндік.
Сонау ХІХ ғасырдың орта шенінде белгілі поляк халқының зерттеушісі А.Янушкевичтің Құнанбай туралы құнды жазбаларына ХХ ғасырдың соңында ғана баса назар аударып, құндылығына баға бердік. Алғаш баспасөз бетінде Құнанбай туралы пікір білдірген Ә.Бөкейханов пен С. Ғаббасов ұлы ақынның әкесіне оң баға береді. Әсіресе, С. Ғаббасов Құнанбай, Абай, Шәкәрім арқылы жалғасып жатқан құдіретті сабақтастықтың, елге қадірлі болған ерекше ұрпақ жалғастығының жарасымды үлгісін тілге тиек етеді. Әрине, кеңестік кезеңде Құнанбай жайында сөз қозғаған зерттеушілер болды. Шәкәрім, Әрхам, Ахат Шәкәрімұлы т.б. естеліктерді айтпағанда М.Әуезов, Ә.Жиреншин, Ә.Марғұлан, М.Бейсенбаевтар ғылыми-зерттеулерінде арнайы сөз етеді.
«Абай жолына» баға бере отырып, Құнанбай және оның қасындағы Алшынбай сияқты кеңестік кезеңнің «жағымсыз бейнелеріне» бүгінгі күн талабына сай қарай алған бірден-бір ғалым Е.Ысмайлов еді. Сонау 1943 жылы «Құнанбай – Иван Грозный», «Алшынбай ел қамын жеген, ел ағасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам» деген батыл пікірді айтуы – Е.Ысмайловтың көзсіз ерлігі дер едік.
Құнанбайға деген көзқарас түзелмей тұрған ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының басында Ә.Марғұлан Құнанбай туралы алғашқылардың бірі болып мұрағаттық деректерге сүйене отырып тың пікірлер келтіріп, тарихи тұлғаның әділ бағасын береді. «Құнанбайдың бір ерекше жері – білім оқу ісіне сондайлық көңіл бөлген, қазақ балаларын оқытатын көп мектептер, медреселер аштырған. Өз балаларына да сондай білгіш, саналы ойлар үйреткен. Мұның барлығын Қарқаралы, Аякөз, Шыңғыстау, Семей төңірегінде аса жарқын түрде қолданған. Үлкен медреселерді Қарқаралы мен Семейде, Бесқарағайда аштырған»,- деген мұрағат деректеріне сүйенген құнды пікірді алғаш боп Ә.Марғұлан айтқан. Дәл осы сексенінші жылдары Құнанбай өміріне қатысты табанды зерттеу жүргізген мұрағаттанушы М.Бейсенбаев Қазақстанның, Омбының, Петербордың, Мәскеудің, Семей қаласының мұрағаттарындағы құнды деректерді келтіру арқылы Құнанбай Өскенбайұлы туралы мол мәліметтер береді. Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұрағатында сақталған «Дело о разрешение управителю Кучук – Тобуктинской волости Кунанбаю Ускенбаеву строить школы 1845г.» деген құжатқа назар аударсақ, арыздың қысқаша мазмұны төменгідей. Құнанбай 1845 жылы (Абай дүниеге келген жыл) шекара басқармасынан қазақ баларына, соның ішінде өз балаларына мұсылманша және орысша оқытып, білім беру үшін өз ауылынан училище ашуға (салуға) рұқсат беруін және қазақша-орысша сауатты орыс мұғалімін сұраған. Жоғары жақ Құнанбайдың мектеп ашуына қарсылық білдірмегенімен, екі тілді мұғалім таба алмайтынын және ол мұғалімге еңбек ақы төлей алмайтындығын айтып жауап қайтарған. Осыдан кейін Құнанбай 1850 жылы «Ескі там» деген жерге (кейіннен «Бұзылған там» деп те атаған) мектеп ашып, Өскенбайдың асында сыйға келген Ғабидхан деген татардың оқыған жігітін молда етіп ұстайды. Қажының ноғай молдаларды сақтап, елсізде үй салғызып қазақ балаларына хат танытқаны туралы Шәкәрім де өз шежіресінде жазады.
Осы Құнанбай ашқан мектеп-медресенің қанаты кеңге жайылып Абайдың өзі оның балалары, немерелері оқыған қасиетті білім ордасы ғана емес, өнер мен өнегенің ортасына айналды. Ғабидханнан кейін Мұхамедкәрім (кішкене молда), Мүрсейіттер сабақ беріп талай өнерлі адамдарды тәрбиеледі. Бұл туралы С.Қалиұлының «Абай оқыған мектеп», К.Оразалиннің «Ескі там туралы хикая» деген мақалаларында кеңірек айтылған. Бүгінде Құнанбай Өскенбайұлы туралы, оның тарихтағы орнын айқандау мәселесі жаңаша көзқарас тұрғысынан өз дәрежесінде зерттеліп жатқанын баса айту парыз. Бұл тұрғыда Б.Сапаралының «Құнанбай қажы», Т.Жұртбайдың «Құнанбай», тарихшы ғалым Н.Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі» деген еңбектерін ерекше атауға болады.
Құнанбай – қазақтың қара сөзіне дес бермеген шешені. Қара сөздің ділмары, қашанда мақамдап сөйлеген Құнанбайдың артында «қажы айтты» деген өлең-сөз де қалған. Алайда ақындықты қуып, аузынан шыққан толғауларын жинауды мақсат етпеген Құнанбайдың кейінгі ұрпаққа жеткен сөзі тым аз. Мол мұрадан бізге жеткен біраз өлең-сөзі Құнанбайдың ақындық өнерден құр алақан еместігін байқатады. Еліне мектеп ашып, бала оқытады.
Туған халқын қараңғылықтын аман алып қалуды көздеген көрші орыспен тең болуды арман еткен алысты болжай білетін терең ойлы Құнанбай тәрбиесі Абайға, оның адам болып, ақын болып қалыптасуына өте зор әсер етті.
Бауыржан Ердембеков
филология ғылымдарының докторы