Күршім жеріндегі құпия тастар
Шығыстағы елді мекендерді асықпай бір аралап, шарлап шыққан жан шежіресі сан ғасырға созылатын, бірнеше тарихи-танымдық еңбекке жүк болатын өлке тарихына жолығары анық. Алайда, олардың көбі осы күнге дейін зерттелмей, жұмбақ күйінде қалып, жоғалып жатыр.
Күршім ауданында тау-тасқа қашалған бірегей көне суреттер шоғыры өте көп кездеседі. Бұл тақтатастар мен жартастарға, үңгірлерге салынған көне дәуір бейнелері тас ғасырынан кейінгі орта ғасырларға дейінгі адамдардың шаруашылығы мен тұрмыс салтынан, жоралғыларынан, дүниетанымдарынан сыр шертеді.
Күршім өңіріндегі жер-су атауларында да ғасырларға жалғасатын терең тарихи деректер жасырынып жатыр.
Күршімдегі Н.Островский атындағы №4 мектептің 9- сынып оқушысы Айқын Бауыржанов Сарыөлең ауылы маңындағы сол қызықты петроглифтерді зерттеп, тасқа қашалған суреттерден ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені, аңды қалай аулағаны, кімге табынғандығы, түрлі тіршілік иелері туралы құпияларды ашуға талпынып жүр.
Айқынның алғашқы ізденістері нәтижесіз де емес. Жуықта Өскеменде өткен «Менің кіші Отаным» атты республикалық байқауда әр облыстан келіп жеңімпаз атанған талантты ұл-қыздармен бірге Күршім ауылындағы Н.Островский атындағы №4 мектептің 9 сынып оқушысы Бауыржанов Айқын «Ерекше жетістікке жеткені үшін» «Дарын» республикалық орталығының арнайы грамотасымен марапатталған болатын.
Өлке тарихын білу – рухани жаңғырудың, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың бір жолы. Күршімдегі тарих пәні ұстаздарының бұл бастамасы облыстағы барлық ауылда қолға алынса, оқушы құштарлығын арттырып қана қоймай, әр ауданның көне тарихи мұраларын түгендеуге септігін тигізер еді.
Маралды мен Қарасеңгірдің жұмбағы
Туған жердің тарихын зерттеуге қызығушылық танытып жүрген Айқын күре жолдан қашық жатқан Доланалы жеріндегі жартастарға алғаш рет (ұстазымен бірге) тұрғындардың бірінің «Нива» көлігіне мініп, мал бағып жүрген ауыл тұрғынының жол бастап апаруымен барыпты. Сол тастардың сырына терең үңіліп, зерттесем деп жүрген ол болашақта тарихшы, өлкетанушы болсам дейді.
Доланалы теліміндегі таңбалы тастардың арасында ежелгі обалардан, қорғандардан қалған тұрақтар, орындар да бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын өлкеміздің тарихи құнды ескерткіштеріне экскурсия жасап шыққан сапарымызда Доланалыға да жолымыз түскен.
Сарыөлең ауылының ұстазы Талаптан Тойбаев құпиясын тауып, сырын ашуға асыққан Доланалы теліміндегі петроглифтер көптігімен қоса, әртүрлі болып келетіндігімен де ерекше көрінеді. Бейне бір тасқа таңба салудан жарыс өткендей ме дерсің, бұл жерде. Бұл жотаның сансыз көп таңбалы тастары Күршім өңірінің бір кішігірім тарихи куәлігі іспетті. Тауешкі, бұғы, жылқылар, түйелер, адамдар, күн бейнесі… Қатар-қатар жатқан тастарға бірінен соң бірін ойып, қашап, шекіп сала берген. Әрі, тастағы таңбалар анық, айқын көрінеді. Дегенмен, бүлініп, бүгінгі ұрпақтың қолымен «таңбаланып» жатқан тастар да табылды. Кеңшар кезінде осы жотаның маңында қырықтық орны болыпты. Осы арадан үш шақырымдай жерде Бесжылдық ауылы тиіп тұр. Айдалада қараусыз жатқан тарихи ескерткішке ғылыми-зерттеу ғана емес, күтім, қамқорлық та керек болып тұрғаны байқалады. Қамқорлыққа алынып, көлік шоқырақтап әрең жүретін қара жолы жөнделсе, Доланалының таңбалы тасы Күршім ауданындағы, облыстағы тағы бір құнды тарихи орын, туристік нысан болатыны сөзсіз.
Доланалыны қоршап, бұл жаққа жол салып, күре жолдың бойынан Доланалыға қарай көрсеткіш, нұсқаушы белгі қойылса, тарихи жәдігерлер жатқан жота кімді де болса қызықтырмай қалмасы аян. Таңбалы тастарға археологиялық құжаттандыру, консервациялық, геологиялық зерттеулер жүргізіліп, картаға түсірілсе, суреттердің жиынтығы, көшірмесі жасалса, Күршім ауданында Ақбауырға жете-қабыл шағын аспан асты мұражайы пайда болар ма еді?.
«Жер – төбесіз, ел – төресіз болмас» деген, Күршім ауданында зерттеуді қажет ететін басқа да тарихи орындар аз емес.
2017 жылы Күршім ауданына жапониялық археолог, Жапонияның Мацуяма қаласындағы Эхимэ мемлекеттік университетіндегі Азия елдерінің ежелгі металлургиялық өндірісі мәдениетін зерттеу институтының директоры Ясуюки Мураками келіп, Маралды өңірінде ежелгі дәуір адамдарының темір мен қоладан жасаған металл өндіру пештері бар болуы мүмкін деген болжам жасап кеткен болатын. Күршімдегі тарихи өлкетану мұражайында тұрған кішкентай ғана түйіршік тасқа көзі түскен жапониялық археолог ғалым тастың құрамында металлургиялық пеш қалдықтарына тән белгілер, ағаш талшықтарының іздері барын, яғни, бұл зат ежелгі дәуірдегі адамдар қоланы, темірді өндіргенде қалған қалдықтар (шлак) деп топшылап, Маралды жақтан ежелгі заманда металл алған алғашқы пештер табылып қалуы мүмкін екенін айтып, өз картасына белгілеп алған.
Сөйтіп, кезінде Маралды өңірінен табылып, күні бүгінге дейін өлкетану мұражайында «метеорит бөлшектері» делініп тұрған қошқыл, сұр түсті ұсақ түйіршік заттар тастан металл алу кезінде қалған қалдықтар болып шыққан.
Дарындыларды қолдайтын кез
Ежелгі заманның қатпарлы қойнауынан сыр сақтаған Күршімнің мұражайындағы түйір-түйір тастардың тарихи құпиясы анықталса, Қарасеңгір мен Ертіс өзені бойындағы, Доланалыдағы, Күршім өлкесіндегі таңбалы тастардың, көне ескерткіштердің сыры ашылса, артта қалған ғасырлардың жұмбақ болып келген тағы бір шежіресі жарыққа шықпақ.
Ол үшін Айқын сияқты туған жер тарихын зерттесем деген талабы таудай ұл, қыздарды қолдап, өзгелерге үлгі етіп, қуаттауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жолы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, керісінше, оларға ел ішіндегі дарындыларды, шынайы қаһармандарды насихаттау қажет екенін айтқаны естеріңізде болар.
Бірнеше жыл бұрын еліміздің осы біртуар азаматы, физика математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевтың «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Ақындықпен, гуманитарлық біліммен ғана алға озып кете алмаймыз», деп күйіне сөйлегені бар тағы да. Өнер, әдебиет, мобилография, ән-би, күй – бәрі керек. Бірақ жаңа технологиялардың дамыған үстіне дамып, зуылдап бара жатқан заманында оларды меңгеру үшін, кенжелеп қалмас үшін осы бағытта қазаққа қамшы басу керек. Ол үшін ғалым ағамыздың таяуда ащы да болса ашып айтқанындай физика, химия, математика, кез келген пән бойынша оза шауып, бәйге алып, жеңімпаз болып жүрген ұл, қыздарды, олардың ұстаздарын дәріптеп, құрмет, қошемет көрсетуіміз керек. Сонда қай пәнді болмасын терең меңгеруге талпынған, білімге, математиканы, техниканы, тарихты білуге, жаратылыстану ғылымдарына құштар оқушылардың, жастардың саны арта түсер ме еді.
Мемлекет басшысы назар аудартқандай дарындыларды демеп, шәкірттерін шыңдап жатқан ұстаздарды да шынайы қолдап, үлгі етіп, саналы ұрпақтың жарқын болашағына, еліміздің болашағына жол ашатын уақыт келді. Біз де бүгінгі мақаламызда туған өлке тарихын зерттеуге бел байлаған күршімдік оқушыны, оның ұстазын қолдап, көпшілікпен таныстыруды жөн көрдік.
Жанаргүл Көкенайқызы