«Балық берме, қармақ бер» деген нақыл сөзді басшылыққа алған Шығыс Қазақстандағы «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдап, олардың әл-ауқатын арттыру бағытында табысты жұмыс істеуде.
Алғашында ерікті аналар тобы ретінде құрылған бірлестік бүгінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларында белсенділік танытуда.
2022 жылдың ақпан айында заңды түрде тіркелген «Jan Ana» бірлестігі аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына қолдау көрсетіп, әйелдерді еңбекке баулу мен өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесетін түрлі тегін курстар ұйымдастырып келеді.
Бұл бірлестік тек мұқтаж жандарға көмек көрсетумен шектелмей, олардың өз қабілеттерін дамытуына, қоғамның белсенді мүшесі болуына мүмкіндік жасайды. «Jan Ana» әйелдер қауымын өз күшіне сенуге шақырып, қоғамда өз орнын табуға серпін береді.
Құрылған күннен бастап аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына жан-жақты көмек көрсетіп жүрген «Jan Ana» бірлестігі 2022 жылдың ақпан айында заңды түрде тіркелді.
Қоғамдық бірлестіктің мақсаты – қоғамдағы көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған аналарға, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға арналған тегін психологиялық, құқықтық негіздегі көмек көрсету.
- Жалпы қоғам дамуына әйел адамдардың қосар үлесі зор екені белгілі. Біздің бірлестік сол себепті де аналардың конституциялық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және оларды қорғау, белсенділіктерін арттыру, яғни үйде отырған көпбалалы аналарды еңбекке баулып, мемлекеттік іс-шаралараға белсенді араластыруды көздейді, - дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.
Бүгінде 23 адамнан құралған жұмыс тобын басқарып, бірлестіктің жүйелі жұмысына ұйытқы болып отырған Гүлжамал Қаржауқызының - тағдырың талай соққысына бой бермей, жетістікке ұмтыла білген мықты жан. Өзі де әкесінен ерте айырылып, көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол көпбалалы, жалғызбасты аналардың тағдырын жақсы түсінетінін айтады. Белгілі бір себептермен 2011 жылы Гүлжамал төсекке таңылады. Өз бетінше қозғалудан қалған кезде ол өзіне серт берген екен.
- Егер аяққа тұрсам аналар мәселесін көтеремін, қолымнан келгенше көмек көрсетемін. Осы уақытқа дейін алған біліміммен, өмірден алған тәжірибеммен осы салада бөлісейін» деп өз-өзіме уәде бердім. Бұл ой бір мезетте ойға келіп, іске асырылған тірлік емес. Мен өзім де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әкемнен ерте айырылып, жалғызбасты анам алты баланы өсіріп жеткізді. Ол кезде қазіргідей мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейтін. Барды да, жоқты да көріп өскеннен кейін ойымда өзім сияқты көпбалалы отбасылар шыққаннан балалардың тағдыры, жағдайы қалып қалған болуы керек. Мен ем қабылдап жүрген 2019 жылы Астана қаласында қайғылы жағдай орын алды. Барлығы біледі, бір үйдің 5 қызы өрттен қаза болды. Мен оқиға орнына барып, барлығын өз көзіммен көрдім. Осылайша, Өскемен қаласына келіп, бірден көпбалалы аналар тобын құрып, іске кірісіп кеттім. Барлық мәселелерді жинақтап, қала әкімдігіне бардым. Содан бастап екі жыл бойы аналардың мәселесіне мән беріп, жаныма көпбалалы 7 ананы ертіп, жұмыс тобын құрдық. Бүгінде 5 жылдың көлемі болды. 2022 жылы ақпан айында ресми тіркеуден өтіп, «JAN ANA» қоғамдық бірлестігі болып жұмыс істеп келеміз, - дейді ол.
Жоғарыда атап өткеніміздей көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көптеген көмек беріліп жатады. Десе де, елімізде өз баспанасына қолы жете алмай, пәтерден-пәтерге сандалып жүрген отбасылар әлі де көп екенін жасыра алмаймыз. Осы орайда «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі мемлекеттен беріліп жатқан әлеуметтік баспаналар мәселесін де көтеріп жүргенін айта кеткен жөн. Бүгінде олардың септігімен Шығыстағы 15 отбасы баспаналы болған.
- Біз қоғамдық бірлестік болып заңды түрде тіркелгеннен кейін «Asar-Ume» қайырымдылық қорының басшылары келіп, жұмысымызбен танысып, маған осы облыс бойынша «Asar-Ume» қайырымдылық қорының модераторы болуға ұсыныс жасады. Біздің атқарып жатқан жұмыс пен қайырымдылық қорының жұмысы тығыз байланысты болғандықтан ұсынысты қуана қабылдадым. Осылайша, бүгінгі күнге дейін 15 отбасы өз баспанасына ие болды. Ол жұмыс әлі де жалғасын табады, - дейді Гүлжамал Бершімбекова.
Бірлестік биыл «Қазақстан Халық партиясының» бастамасымен баспана мәселесіне қатысты жиын өткізіп, көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігін көтерді.
- Біріншіден, әлеуметтік баспанаға кезекке тұрған отбасыларға берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасы өте тиімсіз. Ол дәл қазір кезекте тұрған отбасылардың 5-10 пайызын ғана қамти алады. Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен баспанаға кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет субсидиялау бағдарламасы шықты. Оның да тиімді және тиімсіз тұстарын қарастырдық. Одан кейінгі үшінші мәселе – «Отбасы банктің» бағдарламаларында екінші санаттағы үйлерді алып тастаған. Аналардың жағдайын мәжілісте отырғандардың құлағына жеткізуге тырыстық. Алдағы уақытта сонда талқыланады деген үмітім бар, - дейді бірлестік жетекшісі.
«Jan Ana» тек отбасылардың баспаналы болуына емес, олардың ары қарай аяққа тұрып кетуіне де қол ұшын созып келеді. Мәселен, аналардың қаржылық сауаттылығын арттырып, форумдарға қатысып, түрлі марапатқа ие болып жатса, кейбірі бірлестіктің жұмыс тобында қоғам игілігі үшін тегін жұмыс істеп жүр.
Қоғамда жалпы әйел адамның алар орны ерекше десек, оның ішінде көпбалалы аналардың еңбегі орасан зор. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті» тербеткен нәзік жандылар кез келген жұмысты тыңғылықты атқара алатынына кімнің болса да көз жеткен. Бүгінде 23 адамнан құралған жұмыс тобы облыстағы көпбалалы, жалғызбасты аналарға тігін, шаштараз курстарын тегін оқытып, аяққа тұруға көмектеседі.
- «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі құрылғаннан кейін бірден аналарды тігінге үйретуді қолға алдық. Себебі кәсіптің бұл түрін кез келген әйел адам игеріп кете алады. Тек оларды демеп, үйретіп жіберу керек. Мәселен, өткен 2023 жылы облыс бойынша 12 ана тігін курсын тәмәмдап, бүгінде өз үйінде, балаларының жанында отырып, жұмыстарын жүргізуде. Қазір аудандарда, облыс орталықтарындағы мектептерде оқушыларға арналған заманауи ұлттық киімдерді тігуге тапсырыс қабылдап жатырмыз. Ал, шаштараз курсын 12-ге жуық ана оқып, кейбірі бүгінгі таңда өз кәсібін ашып үлгерді, - дейді ол.
Қоғамның игілігін өз отбасымен, жұмысымен қатар қойған қыз-келіншектер түрлі мерекелерден, қайырымдылық іс-шараларынан да қалыс қалмайды. Кез келген мемлекеттік мерекеге атсалысып, белсене қатысады. Қолынан келгенше гуманитарлық көмек көрсетуге де барын салатын көрінеді. Мәселен, Түркиядағы жойқын жер сілкінісі кезінде зардап шеккен халыққа өз қолдарынан шыққан 100 көрпе мен 100 жастық жіберсе, көрші Абай облысындағы орман өрт кезінде азық-түлік пен 100 келіден астам ет жинап, тілсіз жаумен алысып жүрген батырларға тамақ әзірлеп, көмек ұсынған.
- Айтулы іс-шаралардан құр қалмауға тырысамыз. Әдетте, іс-шаралардың басы осы жайма шуақ көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күнінен басталады. Одан кейін аналар ерікті тобы болғандықтан қалалық мектептер арасында «Қыз – ұлт болашағы» атты қыз сыны байқауын, облыстық байқау, отбасылық саясатты дамыту, оның ішінде ене мен келін арасында түсіністікті қалыптастыру аясында «Көреген ене, ибалы келін» атты сайыстар өткіземіз. Балалар күніне арналған мерекені де ұмыт қалдырмай, қаладағы саябақтарда атап өтеміз. Түрлі көрмелерге өз туындыларымызды ұсынамыз. Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күніне де қызу дайындық жүргізіп жатырмыз, - деп атап өтті Гүлмира Бершімбекова.
Наурыз мерекесі қарсаңында қоғамдық бірлестік мүшелері екі бірдей киіз үй тігіп, 500 литр наурыз көже мен 5000-ға жуық бауырсақ таратпақ. Сонымен қатар шаhар тұрғындарына дайындаған тосын сыйлары да жоқ емес.
- Бір киіз үйде Ұлыстың ұлы күніне арналған салт-дәстүрлер көрсетілсе, екінші киіз үйде қазақи нақыштағы туындыларымыздан көрме ұйымдастырамыз. Сол отыз қанатты ақ сарайлардың ортасында ерекше бір композиция болады. Бірақ ол әзірге құпия. Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғындарда тосын сый ретінде ұсынбақпыз, - дейді бірлестік жетекшісі.
Бірлестік жетекшісінің басты мақсаты - мүмкіндік аясын кеңейтіп, ағымдағы жылы Риддер қаласы мен Самар ауданында «JAN ANA» қоғамдық бірлестігінің филиалдарын ашу.
- Қоғамда өзімнің титтейде болсын үлесімді қосып жатқаныма шын жүректен қуанамын. Біз жұмыс бастаған уақытта өз шешімін жылдар бойы таппай келе жатқан мәселелердің шешілуіне түрткі болдық. Одан кейінгі жылдары аналарымызда еңбекке баулуға мүмкіндік алдық. Осылайша қоғамның көзқарасын да біртіндеп өзгертіп келеміз, - дейді Гүлмира Қаржауқызы.