АПВ-на қарсы вакцинаның ертерек салынғаны тиімді
Облыста жасөспірім қыздар арасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау баяу жүріп жатыр. Кейбір мектептерде бір сыныптың ата-аналары толық бас тартқан жағдайлар да кездесіпті.
Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген ақпаратына сүйенсек, облыста 11-13 жастағы 14951 қыз бар екен. Олардың 748-інде тұрақты медициналық қарсы көрсетілім болғандықтан, қалған 14203 жасөспірім қыз екпе алуға тиісті. Бүгінгі таңда вакцина салдырған жасөспірімдердің саны жиырма пайызға да жетпейді. Екпе алған 2570 қыздың 718-і өскемендік жасөспірім. Аудандарға келсек, Зайсан ауданында 560, Ұлан ауданында 257, Тарбағатай ауданында 205 жасөспірім, Күршім және Марқакөл аудандарында 153, Алтай ауданында 148, Шемонаиха ауданында 128, Самар ауданында 107, Глубокое ауданында 104, Риддер қаласында -105, Катонқарағай ауданында 47, Үлкен Нарын ауданында 38 жасөспірім қызға вакцина салынды. Қыздарды және олардың заңды өкілдерін екпе алу үшін мектептерге немесе тіркелген медициналық ұйымдарға шақырады. Екпені ата анасының бірінің немесе баланың заңды өкілінің ерікті ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана салады.
АПВ-ға қарсы вакцинация әлемнің 135 елінде енгізілген
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №11 Қаулысына сәйкес АПВ-ға қарсы екпе алуға 11 жастан бастап 11 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздар жоспарлы екпе алуға, ал 12 жастан бастап 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздар толықтыра жатады.
Қазақстанда АҚШ-та шығарылған АПВ-ға қарсы, квадривалентті, рекомбинантты ( 6,11,16 және 18 АПВ типтеріне қарсы) «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша өңірге барлығы 9696 доза вакцина әкелінген. Вакцина температура режимін сақтай отырып облыстық қоймаға, одан әрі арнайы термоконтейнерлермен медициналық ұйымдарға жеткізілді. Егу кабинеттерінде вакцина тоңазытқышта +2 +8 температурада сақталады.
Онколог мамандардың айтуынша, елімізде 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безінің қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Статистикалық мәліметтер жыл сайын республика бойынша осы кеселдің екі мың жаңа жағдайы тіркелетінін дәлелдейді. 600 науқас осы аурудың салдарынан көз жұмады. Күн сайын бес әйел осы қатерлі ісікке шалдыққанын естиді. Осыдан он, жиырма жылдан кейінгі жағдайды елестетудің өзі қиын. Сол себепті бүкіл әлемде ЖМО алдын алудың ең тиімді жолы ретінде вакцинация таңдап алынған. Вакцинация он жылдан астам уақыт ішінде әлемнің 135 елінің екпе күнтізбесіне енген, оның ішінде Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Норвегия, АҚШ, Швеция, Швейцария сияқты дамыған елдер бар. ТМД -ның бірқатар елдері де, атап айтқанда, Армения, Грузия, Молдова, Туркмения, Қырғызстан, Өзбекстанда да жасөспірім қыздарды жатыр мойны қатерлі ісігінен осы екпені салу арқылы қорғауды тәжірибелеріне енгізген. Қазақстанда бұл тәжірибе алғаш рет 2013-2015 жылдары қанатқақты жоба ретінде іске асырылып, нәтижесінде он жеті мыңнан астам жасөспірім қыз екпе салдырды. Сол екпе алған қыздардың көбісі қазіргі күні ана атанып, дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп отыр.
Облыс орталығындағы №1 қалалық емханаға қаланың он бес мектебі бекітілген. Ата-аналар мен жасөспірім қыздар арасында АПВ-ға қарсы вакцина туралы ақпарат беріп, түсіндіру мақсатында емхананың онколог-дәрігері Гүлнар Жұмағалиева, эпидемиолог маманы Гүлдарай Ахтанова және ұйымдастырылған балалық шақ бөлімшесінің аға медбикесі Лидия Каирлина облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті маманымен сегіз мектепті аралап шығыпты. Қалған жеті білім ордасында салалық департаменттің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Дәрігердің түсіндіруінше, елімізде қолданылатын «Гардасил» вакцинасы тестілеуден өткен, зияны жоқтығы дәлелденген, Қазақстанда лицензия алған препарат. Вакцина екі кезеңде, екіншісі алты айдан кейін салынады. Барлық манипуляциялар ата-анасының көзінше жасалады.
Мамандығы онколог-дәрігер болғандықтан Гүлнар Жүгінісқызы өз тәжірибесінде обырдың асқанған түрімен келген науқастарды да көріпті. Олардың арасында ер-азаматтардың жыныс мүшелерінің қатерлі ісігі де кездескен.
Вакцина ауруды тудыруы мүмкін бе?
Ғалымдар осы вирусқа қарсы иммундаудан кейін аурудың ықтималдығы туралы мифті жоққа шығарады. Өйткені адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ! Вакциналарда вирустың жеке ақуыздары бар, олар ағзаға еніп, иммунитетті белсендіреді. Өз кезегінде иммундық жүйенің жасушалары адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелер шығарады. Вакцина, керісінше, жоғары онкогенді АПВ түрлеріне қарсы бағытталған және жатыр мойны обырының даму қаупін азайтады. Бүгінгі таңда адам папиллома вирусының емі жоқ, одан сақтанудың, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің АПВ инфекциясына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген.
Айна Ескенқызы