ХҚКО – тұрғындарға қолайлы жаңа формат
Фото: gov.kz
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласында жаңа өзгерістер орын алып, тұрғындарға қолайлы цифрлық кеңселер ашыла бастады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары заман талабына сай жаңғыртылып, қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығы артты. Өскемен қаласында да жаңа форматтағы осындай орталықтар тиімді жұмыс істеуде.
Әрқайсымыз да күнделікті өмірде төлқұжатты, жеке куәлікті, жеке сәйкестендіру нөмірін, әскери билеттің телнұсқасын, сотталмағандық туралы анықтаманы немесе басқа да құжаттарды алу, оларды апостильдеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу не қайта тіркеу, зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу және тағы да басқа толып жатқан қағаз жұмыстарымен талай рет бетпе-бет келгеніміз анық. Басқа да сан түрлі шауалармен әркім де Халыққа қызмет көрсету орталықтарының табалдырығын біраз тоздыруға мәжбүр болған шығар. Жасыратыны жоқ, адамдар мол жиналатын әрі кезек күтуге тура келетін мұндай мекемелердегі психологиялық ахуал көп жағдайда көңілден шыға бермейді. Осы мәселені шешу үшін, яғни Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жақсарту мақсатында әлемге әйгілі Кайдзен қағидаты басшылыққа алыныпты. Бұл жапон философиясы тиімділікті арттыру мен жұмыс процестерін үздіксіз жетілдіруге бағытталған. Қаладағы барлық ХҚКО-лар осы қағида бойынша құрылып, келушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтарға бөлінген.
Басқа Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жаңа форматтың айырмашылығы сол – келген азаматтың, яғни қызмет алушының жұмысын жеңілдету үшін іші арнайы секторларға бөлінген. Әр сектор жеке-жеке түспен белгіленген. Мәселен, қабылдау аумағы – көгілдір, жылдамдық аумағы – сары, дайын құжаттарды беру аумағы – жасыл, әлеуметтік қызметтер көрсету аумағы – тоқсары, құжаттама – қызыл, ал күлгін түспен заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікті тіркеу сияқты қызметтер көрсетілетін дәстүрлі операциялық зал аумағы белгіленді. Тағы бір атап өтерлігі, алатын қызметіңіз неғұрлым жылдамырақ болса, соғұрлым ол сектор шығу есігіне жақын орналасады. Сондай-ақ барлық цифрлық орталықтарда компьютерлік техникалар ауыстырылып, жиһаздар жаңаланды. Бұл қызмет алушылардың қажеттіліктеріне қарай бағытталуын жеңілдетеді. Мәселен:
- Көгілдір аумақ – анықтама беру және өзіне-өзі қызмет көрсету секторы. Мұнда келушілер онлайн қызметтерді өз бетінше ала алады.
- Сары аумақ – жылдам қызмет көрсету секторы. Бұл жерде 5-10 минут ішінде тұрғылықты жер бойынша тіркеу, электронды кілт алу, салық төлеушіні тіркеу сынды қызметтер ұсынылады.
- Жасыл аумақ – дайын құжаттарды беру бөлімі.
- Тоқсары аумақ – әлеуметтік қызметтер көрсету орны. Зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдер бойынша өтініштер осы жерде қабылданады.
- Қызыл аумақ – құжаттау бөлімі. Мұнда төлқұжат немесе жеке куәлік рәсімдеу сияқты көші-қон қызметтері көрсетіледі.
- Күлгін аумақ – заңды тұлғаларды тіркеу, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу сияқты дәстүрлі қызметтерге арналған.
Орталықтардың дизайны мен құрылымы да мұқият ойластырылған: неғұрлым жылдам қызметтер шығу есігіне жақын орналасқан, ал аумақтардағы жаңа компьютерлер мен жиһаздар келушілерге жайлы жағдай жасайды. . Бұл жерде 300-ге жуық қызмет көрсетіледі.
Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді
Автокөлік иелеріне қатысты да бірқатар жаңашылдықтар бар. Енді жүргізуші куәлігін алу үшін үміткерлер теориялық және практикалық емтихандардан жаңа ережелер бойынша өтеді. Теориялық емтихан нәтижелері бейнежазба арқылы тіркеледі, бұл процестің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұрынғыдай емтиханды ұйымдастыру аутсорсингтік компаниялардың құзырында емес, мемлекеттік корпорацияның қарамағына өтті. Сонымен қатар, микроқұлаққаптарды анықтайтын арнайы құрылғылар енгізілді, бұл әділетсіз әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Емтихан қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық процестерді енді мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұрын мұны аутсорсингтік компаниялар жасайтын еді. Бұл жаңашылдық Мамандандырылған ХҚКО-лардағы қызметтің сапасына қатысты тұрғындардан түскен көптеген арыз-шағымдардан соң енгізіліп отыр. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін корпорация тестілеу процесін дербес ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, тестілеудің сапасы ғана емес, қауіпсіздігі де артты.
Айталық, бұрын теориялық тест «Жол қозғалысы ережелері 2.0» жүйесі арқылы жүргізілетін. Ал қазір корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшті. Осының арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі ашық, яғни әділетті өте бастады. Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысы аудио және бейнежазбаға түсірілетінін айта кеткен жөн.
Облыс орталығында бой көтеретін «Супер ХҚКО-да» барлық мемлекеттік органдардың қабылдау бөлмелері болады. Онда ашық әкімдік, құқық қорғау органдарының орталығы, бизнесті дамыту жөніндегі блок орналасады. Мемлекеттік қызметтерді бір-ақ жерден алуға арналған, мемлекетпен өзара іс-әрекет жасаға арналған Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Супер ХҚКО-да мемлекеттік қызметтердің 750-ден астам түрі көрсетіледі және кез келген құжатты рәсімдеуге, қызмет түрі мен кеңес алуға болады.
Өскеменде кезекші ХҚКО-лар да жұмыс істейді. Мысалы:
- Белинский көшесі, 37А мекенжайындағы орталық жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін, сенбіде 13:00-ге дейін ашық.
- Мамандандырылған ХҚКО (Абай даңғылы, 203/2) дүйсенбі-жұма күндері түскі үзіліссіз сағат 9:00-18:00 аралығында, сенбіде 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
Кайдзен – өндіріс процестерін, бизнесті басқару мен өмірдің басқа да салаларын үздіксіз жақсартуға негізделген жапон философиясы. Бұл қағидат әлемде кеңінен танымал және тиімділікті арттыру құралы ретінде қолданылады. ХҚКО-ларды жаңарту – мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Кез келген тұрғын жаңа форматтағы орталықтардың артықшылықтарын пайдаланып, мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы ала алады.