KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Штиль, көмір және шығарындылар: Өскемен ауасының ластануына әсер ететін факторлар (Видео)

29.11.2024, 12:50 150 Төлеуғазы Жансая

 

28 қараша күні кешкі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Экология департаментінің мамандары Өскемен қаласының Мирный елді мекеніндегі жеке секторында ауа сапасын өлшеді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Кешкі рейд нәтижесінде жеке секторда күкіртсутегі, көміртек және көмірқышқыл газының шекті нормадан асқаны анықталды.  

– Біз Мирный елді мекенінде тұрмыз. Бұл аумақтың басым бөлігі жеке сектордан тұрады және үйлер көмірмен жылытылады. Қаламыздың ауасына жағымсыз әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жеке үйлерде қолданылатын пешпен жылыту, – деді ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тауырбеков.  

Оның айтуынша, басты мәселелердің бірі – көмірдің сапасыз түрін қолдану. Бұл ауаға көмір шаңының таралуына және көміртек пен көмірқышқыл газы концентрациясының артуына әкеледі.  

Қаланың орналасуы да маңызды рөл атқарады. Өскемен ойпатта орналасқандықтан, ауа айналымы тіпті қолайлы ауа райында да шектеулі. «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, алдағы күндері де желсіз ауа райы сақталады. Нәтижесінде, ауа қабаттарының жоғарғы және жер бетіне жақын деңгейлеріндегі температура айырмашылығы ауа ағынының қалыпты айналуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты зиянды заттардың жоғары концентрациясы ауада сақталуда.  

Кешкі уақытта мамандар қаланың өнеркәсіп аймағындағы ауаны да тексерді. Кейбір кәсіпорындарда желсіз күндері зиянды заттардың нормадан асуы байқалса, басқаларында ондай жағдай анықталған жоқ. Мысалы, «Казцинк» ЖШС аумағында зиянды заттардың мөлшерден асуы тіркелмеді. Бұл кәсіпорынның экологиялық нормаларды сақтайтынын дәлелдейді. Егер заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, штиль кезінде ауада ластаушы заттардың ізі міндетті түрде анықталатын еді.  

Экологтар ауа ластануының тек кәсіпорындардың шығарындыларына ғана емес, сонымен қатар қаланың бүкіл тыныс-тіршілігіне байланысты екенін атап өтті. Автокөліктердің түтіні, жеке сектор мен шағын қазандықтарда көмір жағу, сондай-ақ экологиялық нормаларды сақтамайтын кәсіпорындар – осылардың барлығы қолайсыз метеожағдайлар кезінде экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу