KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 3 м/с, В
524.66 550.21 5.09

«Ауыл аманаты» аясындағы шығысқазақстандық жоба үздіктер қатарында аталды

Бүгін, 15:00 65 Төлеуғазы Жансая

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасында өткен республикалық «Үздік шаруашылық» байқауының қорытындысы жарияланды. Байқау нәтижесінде ауылдық жерлердегі үздік аграрлық емес жоба ретінде Шығыс Қазақстан облысының Ново-Ульбинка ауылынан Жанна Абуғали жеңімпаз атанды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Nomad.su порталына сілтеме жасап.

Байқауға Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстан халқының шамамен 40%-ы ауылдық жерлерде тұратынын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Жоба нақты нәтижелерге қол жеткізіп, ел игілігіне қызмет етуде. Биыл біз жоба қатысушылары арасында үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді анықтау мақсатында арнайы байқау ұйымдастырдық. Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халқымыздың жоғалып кетпеуі үшін ең алдымен ауылды сақтауымыз керек. Ауыл – біздің бесігіміз, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің қайнар көзі. Оны сақтау – өткенімізге, бүгінімізге және болашағымызға қамқорлық жасау, – деді партия төрағасы.

"Ауыл аманаты" бағдарламасын Шығыс Қазақстанда жүзеге асыру бойынша сенім білдірілген агент ретінде анықталған «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ресми өкілінің мәліметінше, кәсіпкер Жанна Абуғали 2023 жылдың қыркүйек айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылып, демалыс үйін ашқан. Шығыс өңірінде 2023 жылы тұңғыш рет жүзеге асырылған бағдарлама аясында 1,5 млрд теңгеден астам қаражат 1 айдай уақытта игеріліп, 213 жоба қаржыландырылған болатын. Қаражаттың 80 пайызы мал шаруашылығына берілсе, биыл басым бағыттар туризм, жол бойындағы сервис пен өнімді өңдеу болып отыр. Былтырғы жобалар арасында туризм бағытында жеңілдікпен несие алған аталмыш кәсіпкер Жанна Абуғали бүгінгі таңда елдің түкпір-түкпірінен келген 250-ден астам өтінімнің ішінен үздік деп танылған 30 жоба қатарына еніп отыр.

 

Естеріңізге сала кетейік, биыл күзде Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан өңіріне келіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысқан болатын. Сапар барысында ол ашылған нысандар мен шаруа қожалықтарын аралап, жоба қатысушыларының еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да жуықта арнайы іссапармен келіп, өңірдегі кәсіпкерлердің өнімдер көрмесін тамашалап, олардың жұмыстарына оң баға берген болатын.

 

«Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғаннан бері еліміз бойынша шамамен 16 мың ауыл тұрғыны жеңілдетілген 2,5%-дық шағын несие алып, өз кәсібін ашты. Бұл 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бағдарлама ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға нысаналы түрде септігін тигізуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу