Абайдың ақын шәкірттері: Мұхтар Әуезов романының идеялық астары
Фото: vestisemey.kz
Абай мектебі идеясы жазушының 1944 жылы жазған «Абай» сценариінде де барынша айшықты түрде бедерленген. «Абай шәкірттерінің шығармашылық бәсекесі, олардың ортақ көзқарастары, өзара бауырмалдық сезімдері ұлы ақынның гуманистік идеяларынан бастау алып жатқандығы жан-жақты ашып берілген. Мысалы, ақынның арнайы тапсырмалар беріп, жазылған шығармаларды біріге талдауы, қызықты тақырыптарды бөлісу шарттары, т. б.».
Ұлы шығарманы жазуда әр сөзін бақылауға алған сол кездің сынына қырағы жазушы аса бір сақтықпен қарады десек, көлемді туындыда «Абайдың ақын шәкірттері» деген тіркес атымен жоқ. Орнына «Абайдың жас достары», «Абай жанындағы өнерлі жастар» дегенді қолданады.
Әсілі, Абайдың ақындық құдіреті өз ортасына әсер етумен құнды. Абай дара тұрғанмен өнер іздеген, өлең іздеген ықыласты жандарды маңына үйірді. Ақын шәкірттер – Абай құдіретін аспандата, асқақтата түсетін құбылыс. Амал не, жазушы ұлы ақынның осы бір өлең өнеріндегі ұстаздық қарекетін ашып көрсете алмады. Роман Абай шәкірттерінсіз дүниеге келді. Ұлы туындыға баға бере келіп академик З.Ахметов былай дейді: «Тарихи тақырыпта жазылған көркем шығарманы бағалағанда әдебиеттің теориясы тұрғысынан қарасақ үш түрлі көркемдік уақыт мөлшерін есте тұту шарт болды. Бірінші, эпопеяда бейнеленген Абай заманы – тарихи уақыт, екінші, эпопеяның жазылған уақыты – М.Әуезов заманы, үшінші – бүгінгі оқырмандардың, сын айтушылардың заманы солардың позициясын, дүниетанымын, көзқарасын белгілейтін уақыт мөлшері». Демек, эпопеяны талдауда, әсіресе, ақын шәкірттердің бейнесін сөз қылғанда шығарманың жазылған уақытымен санасып, сол заман танымын, әсіресе, көркем дүниеге қойған талабын ескерген жөн.
Басқасын былай қойғанда Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті, әрі туысы Шәкәрімсіз Абай туралы роман жазу – жоқтан бар жасаумен бара-бар еді. Шұбар – Шәкәрім – Дәрмен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған айласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал, саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осылай амалдауға тура келді. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өскенбайдың өр тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады». Әйтсе де, Әуезовтің сомдағаны бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – тағы да қайталаймыз, Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны. Академик Рымғали Нұрғалиұлының пікіріне назар аударайық: «Дәрмен – қазақ тіліне «Ләйлі – Мәжнүн» дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға ат салысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характерлеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарының авторын, көп ән шығарған композиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен»,- дейді. Ұлы туындыны талдаған шақта барлық жағымды кейіпкерлер сияқты Дәрмен бейнесі де, Қодардан қалған жетім, кедей табының өкілі ретінде ғана қарастырылып, оның Абай жанындағы шәкірт – ақын келбетін зерттеушілер екінші сатыға қалдыра бергені белгілі. Романда Шұбар мен Дәрмен Абай алдында «Еңлік-Кебек» поэмасын жазуға талас қылады. Дәрменнің өнері асып, ұстаз сынынан сүрінбей өтіп, поэма жазу бәйгесін жеңіп алады. Әуезов Шәкәрімнің «Еңлік-Кебекті» жазғандығын тайға таңба басқандай беріп отыр. Ал, жазушының тақырыпқа ақындардың талас қылғанын суреттеуі – Мағауияның да «Еңлік-Кебек» оқиғасына поэма жазғандығын меңзегені. Романның соңында Дәрменді Абайдың ақындық аманатын арқалап, ұлы ақынның сөзін жалғастырушы, дәстүрін ұстанушы биігінен көреміз. Дәрмен образы – Әуезов романда айта алмай кеткен Абайдың ақын шәкірттерінің жиынтық бейнесі. Ғалым М.Базарбаев Дәрмен образына тоқтала келіп: «...Романның эпилогында Дәрменнің Абай зиратының басына келіп: «Өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата, тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» деп берген антында да көп мағына, терең астар бар»,- деген пікірі сұңғыла жазушының негізгі ой астарын дөп басқан.
Көкбай мен Шәкәрім бейнелері романда осылайша еріксіз бұрмаланып бейнеленсе, Әріп ақын шығарманың бір-ақ тұсында, Базаралының айдаудан қайтқан шағында кездестіреміз. Көркем туындыда Абай шәкірті ретінде көрінбесе де, Әуезов Әріптің нағыз бірбеткей, турашыл ақындық кесек келбетін оқырман алдына тартады. Абай мен Әріп арасына «Біржан-Сара айтысы» сына ғып, «Әріп Абайды ұстаз көрмеген» деген дақпыртты желеулетушілер әлі де баршылық. Алайда, Әріптің Абай мектебінің талантты шәкірті екендігін алғаш рет осы М.Әуезов айтқандығын зердеде ұстағанымыз жөн. Романда Абайдың ақын балалары Мағауия, Ақылбай, Тұрағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйгерімнің көңіл-күйіне ғана қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Тұрағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі»,- деген сорақы сын Тұрағұлдың атын «Абай жолынан» мүлдем сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда ұлы жазушының дәуірнамалық туындысында ең негізгі тақырыпқа айналатын, айналуға тиіс болған Абайдың ақындық мектебі тоталитарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Ең бастысы Абай бейнесі арқылы ұлы эпопеяны дүниеге әкелу үшін Әуезов көп тарихи тұлғалармен қатар Абай шәкірттерін де құрбандыққа шалды. Шәкәрім, Көкбай, Әріп ақындарды кеңестік саясат қажетсінген межеден ғана көрсете алды. Сөйтсе де, жазушы өз шеберлігін саяси сынның қылбұрауына тосқауыл ете білді. Романда Абайдың ақындық мектебі туралы сөз болмағанымен, шығармаға үңілсеңіз ақындық мектеп идеясы бар. Бұдан кеңестік идеологияның Абай мектебіне деген қарсылығы тек ғылыми еңбектерге ғана емес, М.Әуезовтің көркем шығармасына да қаншалықты қасірет әкелгенін байқауға болады.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбын сөз еткенде біз төмендегідей түйінді мәселелерге баса назар аударуымыз керек. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді»,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Абай шәкірттерінің негізгі зерттеушісі Қ.Мұхамедханұлы 1951, 1959 жылдары қорғаған диссертацияларында Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет, соларға қосымша Халиолла, Кәкітай, Мұхамеджан, Бейсембай, Баймағамбет, Мұқа, Әлмағамбет, Әубәкір сияқты өнерпаздар бар барлығы он үш адамды жатқызады. Шәкәрім мен Тұрағұлдың ол кезде «халық жауы» боп үлгерген кезі, ал Көкбайды шәкірттер қатарына қосқаны, ең үлкен «саяси қателік» болып, соңы үлкен дауға айналғаны белгілі. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі «Абайдың ақын шәкірттері» кітабына Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Бұл кітабына Шәкәрім енбегенмен, «Абай мұрагерлері» еңбегінде Абай шәкірттері ретінде зерттелген. Сонда, ұзын-саны – он бес шәкірт. Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды. Ғ.Сералиев деген «Қазақ халқының данышпан ақыны» деген мақаласында: «Оның (Абайдың Е.Б.) школасынан қанаттанған: ақын Ажар, Кемпірбай, Мәшһүр-Жүсіп, Шортанбай, Жүсіпбек қожа, кең даланы күңіреткен әнші Әсет, Біржан сал, ақын, домбырашы, скрипкашы, музыкант Ақылбай, гармоншы, скрипкашы Әбдірахман (Абайдың баласы) – міне, бәрі де Абайдың шәкірттері»,- деп мүлде қиыс кетеді. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса, бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары – Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары – Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған»,- деген пікірінде жалпылық басым. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір. Көріп отырғандай ақыны ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген.
Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші - Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші - Біткенбай, ертегіші – Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай, Құду сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды сияқты. Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен. Бір ғана Шәкәрімді алайық. Жас кезінде кездік соғуды үйренгеніне қатты көңіл бөлсе, музыкаға ебі барын байқап, Керей руынан атақты домбырашы Біткенбайды алғызады, орыстың мергеніне таныстырып, аңшылықтың қыр-сырын, инженер орысқа ертіп жер өлшеуді үйретсе, орысша білетін Нүрпейісті қолында ұстап, Шәкәрімге тіл сындыртады. «Абай жазу еңбегімен қатар қазақтың қол өнеріне де көңілін бөлді, халықтың ою-үлгі, ағаштан, сүйектен әшекейлеп жасаған төсек, ыдыс-аяқ, күмістен сырға, білезік, жүзік соғу жұмыстарына да көптеген үлгі-өнегені өз еліне таратуға себепкер болды»,- деген Ә.Жиреншин ақынның кавказдықтардан алтын-күміске өрнек салуды ауылдағы ұстаға үйреттіргенін, Қарқаралы жақтың ертоқымын ұнатып, шеберіне сондай ер жасатқанын жазады.
Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне, осындай нақты анықтамалық қалыпқа сия бермейтін мәселелерді ескере отырып Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інісі – Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Әйтсе де, кейінгілеріне Абай тақырып беріп, үлкен шығармалар жазғызып үлгермеді. Өйткені Әубәкір 23 жасында, Әрхам 19 жасында Абайдан айырылып қалды. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да – Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Барлық ақын-шәкірттің саны – он үш. Бәлкім бұл тізімге біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындарды атадық. «Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек. Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында ұстазбен күнделікті байланыста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары. Өткен ғасырдың 50-жылдары «өз ауылының ақындарын жинап, мектеп қалыптастыруға бола ма?» деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді. Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды. Десек те, бұларды Абайдың қасында үнемі болды дей алмаймыз. Ұстазға кеп өлеңін сынатып, яғни сынақ тапсырып, қажетті тапсырмасын алып ауылына қайтатын бүгінгі күннің қашықтан оқитын студенті сияқты. Сол себептен ұстазбен арадағы байланысының сәл өзгешелігіне орай бұл ақындардың кей зерттеушілер тарапынан «екінші топқа» жатқызылуы сондықтан. Бірақ, бұл ақындық деңгейге қатысты жіліктеу емес-тін.
Енді бүгінге дейін ғалымдар мен зерттеушілердің Абайдың ақын шәкірті деп таныған кейбір әдебиет өкілдерін не себепті Абайдың тікелей тәрбиесін көрген деген ақын шәкірттердің қатарына қоспағанымызды түсіндіре кетейік. 50-жылдары Қ.Мұхамедханұлы ақын шәкірт ретінде атаған Кәкітай Ысқақұлы – Абайдың ең жақын туысы ғана емес, өнерлі шәкірті, бірақ ақын болмаған адам. Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында «Тілім, саған айтайын» және «Көзімнің нұрысыз» деп басталатын екі өлеңді Кәкітайдың атынан жариялаған. «Абай жолындағы» ақын шәкірттердің жарыса өлең құрағанда Кәкітайдың төрттік жырды:
Бірің тоңып,бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның, -
деп түйетіні бар. Осы көркем шығармадағы бір ауыз сөзден басқа Кәкітайды ақын дегізетін басқа шығарма өкінішке орай бізге жетпеген. Кәкітаймен қатты араласқан Ә.Бөкейханұлы да Кәкітай туралы мақаласында «Кәкітай ақын еді» демейді. Әрине, табан астында бір-екі ауыз өлең шығарып айту сол кездегі қазақтың екінің біріне тән, ал Абай қасында жүрген Кәкітай өлеңнен мүлде алыс болды дей алмаймыз. Кәкітайдың ұлы Әрхам былай дейді: «1919 жылы Совет өкіметінен қашқан «колчактың» әскерлері Кәкітайдың кілетіндегі 3 абдыра жиған кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалын өртеп жіберді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды». Кәкітайдың Абайға қылған еңбегі өлшеусіз. Әйтсе де, Абай шәкірттерінің бәрін зорлап ақын қылуды ғылым көтермейді. Кәкітайдың Әбішке жазған екі хат-өлеңін есепке алып, Абайдың ақын шәкірті деуге келе ме? Кәкітай – Абайдың тәрбиесінде болған ең жақын адамы, оның абайтануға қосқан үлесі де мол. Ақынның жоғалуға шақ қалған өлеңдерін жинап, ғылыми мәнді алғы сөзімен Петербордан бастырып шығаруы Кәкітайды абайтану ғылымының негізін салушы етеді. Одан артық бағаның Кәкітайға керегі жоқ. Қ.Мұхамедханұлы атаған Әлмағанбет Қапсәләмұлы – ақын емес, ерте әкесі өліп, Абайдың қолында өскен, кейін бірнеше музыкалық аспаптарда ойнайтын әнші, музыкант, «Абайдың әншісі» деген атаққа ие болған адам. Сол себепті ақын ретінде кейінгі кітабына Қайым Әлмағанбетті енгізбеген.
Бауыржан Ердембеков
филология ғылымдарының докторы,
профессор