Тарбағатай ауданы табысты жобаларды таған етіп отыр
Еліміздің дамуында ауылдың орны бөлек екеніне талас жоқ. Исі қазақтың құт мекеніне айналған ауылдан талай тұлғалар мен таланттар түлеп ұшқан. Қазақы қаймағы бұзылмаған сондай аудандардың бірі – Тарбағатай. Жаңа құрылған ауданның бұл күнде экономикасы дамып, әлеуеті артып келе жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жұрт қалаға сабылмайды енді
Денсаулығы сыр берген жан дертіне дауа, еміне шипа іздеп ауылдан қалаға сабылатын бұрын. Оның үстіне кейінгі жылдары жол жөндеу жұмыстарына байланысты шалғайдағы аудан жұртының облыс орталығына қатынауы да қиындап кеткен. Ұзақ жылдар бойы көпшіліктің жанына батқан Омбы – Майқапшағай жолында науқас түгілі сау адамның көлікпен жүруі қиямет-қайым. Бүгінде ауыл медицинасын дамыту арқылы бұл мәселенің де түйіні шешіле бастағандай. Қалай дейсіз бе? Басы ауырып, балтыры сыздаған ел енді жол азабын тартып қалаға сабылмай, кейбір медициналық қызметті ауданның өзінде-ақ ала беретін болды.
Содан бері ілкімді іс-шаралар дереу қолға алынып, ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті сезіне бастады. Себебі аурухана түгілі стационар да жоқ, ақ халатты жанға зәру шалғайдағы кейбір ауылдарда медициналық мекемелер бой көтеріп, қажетті құралдармен қамтамасыз етіле бастады. Тарбағатай ауданында бұл тұрғыдан қарқынды жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр алты ауылда салынған заманауи медициналық пункт бұл сөзімізге дәлел бола алады.
Ал биыл тағы үш ауылда медициналық пункт салу жоспарланған.
Биыл Тарбағатайда денсаулық сақтау саласындағы төрт жобаны жүзеге асыруға 1 043,9 млн теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 453,9 млн теңгеге аудандық ауруханаға компьютерлік томография (КТ) аппаратын орнату жоспарлануда. Аудан басшысының айтуынша, бұл заманауи қондырғы арқылы медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың аяғында аудандық аурухананың перзентхана бөліміне күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи құрылғылармен жабдықталған болатын. Бұл күнді тарбағатайлықтар ұзақ күтті, рас. Себебі бұған дейін жүкті әйелдерге облыс орталығына баруға тура келетін. Қазір алыс жол жүрмей-ақ соңғы үлгідегі ІІ деңгейлі заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған перзентханада сәбилерін бауырына баса алады. Адам жанының арашашысы саналатын дәрігерлер де алыс-жақын шетелден біліктілігін арттырып келіп жатыр. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Қарайған жұрттың дені сау болса, елдің ертеңі де баянды болмақ.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Қазір аудан бойынша баспана кезегінде 236 адам тұр. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, тұрғын үйі апаттық деп танылғандар және жетім балалар бар. Аудан әкімдігі кезекті қысқарту мақсатында биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 62 баспананың құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді.
Билік өкілдерінің айтуынша, баспана тек аудан орталығында емес, халықтың сұранысына байланысты ауылдарда да салынбақ. Мәселен, Ақжарда – 54, Жаңаауылда – екі, Маңырақта – екі, Қарасу және Байтоғас ауылдарының әрқайсында екі үйден салу көзделген.
Айта кету керек, 2022 жылы ауданда 177,6 млн теңгеге жеті баспана салынса, 2023 жылы бұл көрсеткіш төрт есе өсіп, 27 үй бой көтерген. Ол үйлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға табысталған. Жаңа үйлер заман талабына сай салынған, жылыту пешіне арнайы бөлмесі бар, орталықтандырылған ауызсуға қосылған, кәріз құдығы, жуынатын бөлмесі қарастырылған.
Дамудың бір тетігі – кооператив құру
Жоғарыда мемлекеттің, облыстың дамуында ауылдың рөлі зор екенін атап өткен болатынбыз. Ал шағын ғана ауылдың дамуының айқын көрсеткіші – ауыл шаруашылығы.
Қазір елімізде бұл саланы дамыту жолдары қарастырылып, түрлі мүмкіндіктерге жол ашылуда.
Тарбағатай ауданында негізгі табыс көзі мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бейнетқор шаруа қауымына жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Аудандағы тозығы жеткен «Қандысу» су қоймасының жағдайы көпке мәлім. Егістік алқабында суды үнемді пайдаланудың маңызы зор. Осыны ескерген тарбағатайлықтар су үнемдеу технологиясының тиімділігін көру үшін жаңбырлатып суару құрылғыларын орнатып жатыр.
Биыл «Қызылбұлақ» кооперативі жоңышқа және бидай екпек. Олар гектарынан 20 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ол үшін жаңбырлатып суару әдісін пайдаланбақ, сөйтіп мол өнім алмақ.
Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті дамыту, елдің келешегін ойлау. Түйіндей келе айтарымыз, қазақ ауылға кіндігінен байланған. Ауылдағы қай саланың болмасын дамуы халықтың жағдайын жақсартып, еңсесін тіктей түсері сөзсіз. Тарихы терең, тамырлы өлке Тарбағатайды ары қарай түлете түсу үшін кешенді шаралар әлі де атқарыла береді.