Салымы қызық салықтар
Салық – бұл мемлекет азаматтарынан, кәсіпкерлерден немесе ұйымдардан алынатын міндетті төлем.
Салық – қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру және мемлекеттің негізгі функцияларын қамтамасыз ету үшін қажет. Яғни салық қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті қаржылық негіз болып табылады. Салықтан түскен салымды денсаулық сақтау, білім беру, жолдар мен инфрақұрылымды салу және жөндеу, құқық қорғау және қауіпсіздік қызметтерін қаржыландыру үшін, мемлекет бюджетті толтырып, экономиканы реттеу үшін, әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламалар жүзеге асыру (мысалы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер) үшін, үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысын қамтамасыз ету үшін қолданады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда корпорациялық табыс, жеке табыс салығы, қосылған құнға салынатын салық, акциздер, жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері, экспортқа шығарылатын шикі мұнайға салынатын рента салығы, әлеуметтік және жер салығы, көлік құралдарына салынатын салық, мүлік салығы бар.
Пакетке салық салынады
Экологтар полиэтилен пакеттерін қолдануға қарсы. Бүгінгі күні көптеген елдер полиэтилен өнімдерін қолдануға шектеу қойса, ал кейбір елдерде тіпті тыйым салынған. Дания, Германия, Ирландия, АҚШ, Танзания, Австралия, Англия, Латвия, Финляндия, Қытай, Италия, Үндістан полиэтиленді пакеттермен күресіп жатқан елдердің қатарында. Осы жолда Ирландия 2002 жылы, ал Кения 2017 экологиялық қалдықтарды азайту үшін бір рет қана қолданылатын полиэтилен пакеттеріне салық енгізді.
Көміртегі салығы енгізіле ме?
Көміртегі салығы – бұл көмір, мұнай, газ және т. б. кіретін қазба отындарын жағу үшін төлем. Әлемнің көптеген елдері экологиялық емес ресурстарды аз пайдалануды және оның қолданысын түбегейлі жоюды көздейді.
Шығарындыларды мемлекетпен реттеуде Еуроодақ елдерінің тәжірибесі көп. Сондықтан олар 2005 жылы көміртегі салығын енгізді. Климаттың өзгеруімен күресу үшін енгізілген салықты көптеген елдер төлейді. Оның ішінде Еуропа елдері, Үндістан, Қытай мен Канада сияқты елдер бар.
2021 жылы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Қазақстанда көміртегі салығын енгізу жоспарда бар екені айтылды.
Сиырдан шыққан желге салық салынады
Сиырдан шыққан жел үшін салық төлеу керек. Эстонияда қорадағы сиырдың шығарған желіне салық салынады. Бұл салық түрі 2008 жылы енгізілді. Атмосфераны ластайтын ірі кәсіпорындардың саны аз болғандықтан, ел билігі мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға «Экологиялық» алым салу туралы шешім қабылдады. Неге экологиялық десеңіз? Шыққан желдің құрамында метан болады. Эстония парламентшілері метанды ауаны негізгі ластаушы заттар ретінде танып, атмосфераға метан шығарушы ретінде сиырларға салық салуды жөн санаған. Бір қызығы, шошқаларға, жылқыларға және басқа жануарларға салық салынбайды. Эстонияға ұқсас салықты енгізуді Жаңа Зеландияда 2003 жылы талқылаған. Бірақ фермерлердің наразылығына тап болып, бұл идеядан бас тартты.
Күн салығымен қазынасын қампитып отыр
Жерорта теңізінің батысындағы аралдар Балеар аралдары деп аталады. 2000 жылдардың басында Балеар аралдарында күн салығы енгізілді. Бұл салық Архипелагқа келген барлық туристке салынады. Ибица, Майорка, Менорка және басқа аралдардың танымал курорттарына келетін жиһанкездер күннің шуағында өткізген әр күндері үшін бір еуро төлеуі керек. Күн салығы арқылы жиналған қаражатты жергілікті билік туристік инфрақұрылымды жақсартуға, жағажайлар мен жағалау аймақтарын қоқыстардан тазартуға және жергілікті экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге жұмсайды. Айта кету керек, 2012 жылы Балеар аралдарына 10,4 миллион шетелдік турист келді. Сондықтан күн салығынан түсетін табыс мемлекет үшін маңызды табысқа айналды.
Кәуәп пісірсең, салық төлейсің
Төрт миллионға жуық тұрғыны бар Бельгиядағы Валлония аймағының үкіметі жаһандық жылынумен ерекше түрде күресуге шешім қабылдап, 2007 жылдың сәуірінен бастап кәуәпқа салық салатын болды. Мұндай бастаманы жергілікті экологтар қолдады. Олардың мәліметтері бойынша гриль жасау кезінде атмосфераға орта есеппен 50-ден 100 г-ға дейін көмірқышқыл газы шығарылады. Бұл өз кезегінде климаттық өзгерістердің себебі болып табылады. Ауласында кәуәп пісіріп, демалғысы келген Валлония тұрғындары 20 еуро салық төлейді және мұны гриль пісіргішті әр қолданған сайын жасау керек. Алым төлеуден жалтару мүмкін емес. Өйткені биліктегілер салық Заңының сақталуын жылу көзін анықтайтын дрондарды ұшыру арқылы бақылайды.
Татуировка және пирсинг салығы не үшін керек?
Американдық Арканзас штатының тұрғындары татуировка немесе пирсинг жасамас бұрын жеті рет ойлап, бір рет кесіп барып шешім қабылдайды. Өйткені штатта 2005 жылдан бері денеге салынған әрбір татуировка мен әрбір пункция үшін 6% қосымша салық төлеуді талап етеді.
Жергілікті билік денеге инемен жазу жазу арқылы АИТВ, гепатит немесе туберкулез сияқты қауіпті ауруларды жұқтыру қаупінің артатынын ескеріп, емі жоқ індетпен күресу үшін осындай салық түрін енгізді. Салыққа қарамастан АҚШ-та татуировка салғызғысы келетіндердің саны азаймаған. 25 пен 34 жас аралығындағы американдықтардың үштен бірінде татуировка бар.
Венецияда көлеңке үшін салық төленеді
1993 жылы Венеция билігі салықты тек материалдық объектілерден ғана емес, оның көлеңкесіне де салуды шешті. Осылайша, муниципалды жерге көлеңкесі түсетін дүкендердің, мейрамханалар мен кафелердің иелері ерекше салық төлеуге міндеттелді. Салық төлегісі келмеген кәсіпкерлердің біразы өз ғимараттарының сыртын өзгертті. Венецияда шуақты күндерге қарағанда ала бұлтты күндер көбірек болады. Бірақ көлеңке салығы ауа райының құбылмалылығын ескермейді.
Жаңбырдың суына салық салынады
Германияда тұрғындардың басым бөлігі жаңбыр суына салық төлейді. Жылына шамамен төлем мөлшері 150-190 еуроны құрайды. Бұл теңгеге шаққанда 100 мың теңгенің айналасында.
Бұл негізінен коммуналдық алым болып есептеледі. Көбіне мұны жауын-шашын зиян келтіруі мүмкін аймақтардағы жеке секторлардың немесе көпқабатты тұрғын үйдің иелері төлейді. Өйткені жауған су бірден жерге сіңіп кете алмайды, ал асфальтты жерлерде, тіпті, мүмкін емес. Сол себепті де бұл суды кәрізбен ағызады. Тұрғындар осы үшін қомақты ақша төлейді.
Төлемнің мөлшерін азайтудың бір ғана жолы бар. Ол – жеке үйіңізге жаңбыр суын жинақтайтын арнайы цистерналар орнату, терең шұңқыр қазу. Осылайша, жиналған суды аулаңыздағы өсімдіктерді суаруға құюға болады. Болмаса, үй шаруашылығындағы жуатын заттарыңызға жаратасыз.
Дәл осы салықты Қазақстан үкіметі де енгізу үшін талқылаулар жүргізді. Биыл мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері Су кодексінің жобасы аясында жаңбыр суына тариф енгізуді талап етті. Әзірге жұмыс тобы жаңбыр суын есепке алу керек пе, жоқ па деген мәселені талқылап жатыр. Ал жаңбыр үшін халық ақша төлеуі керек деген сұрақ көпшіліктің таңданысын туғызуда.
Есірткіге салық салу – табыстың таптырмас көзі
АҚШ билігі заңсыз есірткі заттарының көмегімен елдің салық бюджетін толықтыруды көздеп отыр.
2005 жылы Теннеси штатында психотроптық заттарға салық белгіленді. Марихуана, кокаин, экстази және басқа да есірткі заттар салық салу бабына жататын заттардың тізіміне енгізілді. Саудагерлер бұл салықты жасырын түрде төлей алады. Ал қамауға алынған жағдайда төлеген салықтары сот кезінде жеңілдік құқығына кепілдік береді.
Сондай-ақ 2013 жылдың ақпан айының басында американдық демократиялық конгрессмендер бүкіл елде марихуананы қылмыссыздандыру туралы бастаманы көтерген екен. Қазір Америка штататтарының 40%-ында есірткіге рұқсат берілген. Осылайша, заң шығарушылар Вашингтонға жаңа салықтар енгізу арқылы есірткіден ақша табуды ұсынады. Олардың есептеулері бойынша, бір унция үшін 50 доллар акциздік алымдар жыл сайын қазынаға шамамен 20 млрд. доллар табыс әкеле алады.
Ақерке Рағызбаева