KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Глубокое ауданының даму қарқыны

10.12.2024, 19:30 78 Гульжан Мусина

Өткен аптадағы жұмыс сапарының аясында, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесті. Алқалы жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама тыңдалып, көпшілікті толғандырған келелі мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан тұрғындарымен кездесуде 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысының қазақстандықтарға жол тартқан Жолдауында айтылған экономикалық дамудың тоғыз бағыты бойынша мақсат-міндеттер айқындалды. Көпшілікпен бірге алдағы кезеңде атқарылатын кешенді жұмыстың  жоспары пысықталды.

Глубокое ауданы – облыстың  ауылшаруашылығы жақсы дамыған, әрі өндірістік аудандарының бірі. Аталмыш аудан өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Ауданға облыс экономикасын құрайтын ауылшаруашылығы саласының 15%-дан астамы, жеке инвестицияның 11%-ы, құрылыс жұмыстарының 8,6%-ы, өндірістің 4,4%-ы, бөлшек сауда тауар айналымының 3,6%-ы, сондай-ақ, тұрғын үйді пайдалануға берудің 3,3% үлесі тиесілі. Сонымен қатар, бұл жердегі табиғи ресурстардың көптігі, өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндік береді. Бүгінде бюджеті 17,2 млрд. теңгені құраса, соның 55%-дан астамы меншікті табысының көрсеткіші. Яғни бұл айтарлықтай жақсы нәтиже деп есептеледі. Алдағы уақытта Глубокое ауданын дамытуға бюджет қаржысынан 28 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Бұдан бөлек, аудан экономикасын әртараптандыруға 91 млрд. теңге жеке инвестиция тартылып, 1/3 мөлшерінде жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Осыған байланысты аудан басшылығына, жауапты облыстық басқарма мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп, жеке инвестиция тарту жұмыстарын күшейту бойынша тапсырма берілді.

Бүгінде өкімет пен әкімдерге Президенттің 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау міндеті жүктелген. Елдің тұрақты дамуының кепілі ретінде, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту – басты міндет. Осы орайда аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін туризмге айрықша көңіл бөлінуде. Облыс орталығына іргелес жатқан ауданның территориясында көпшілікке жақсы таныс «Алтай Альпісі», «Нұртау» тау-шаңғы кешендері, Таулы Үлбідегі «Конный двор», сондай-ақ, «Изумрудный» емдеп-сауықтыру орны сияқты тағы да басқа көптеген демалыс орындары шоғырланғанын атап өткен жөн. Жыл қорытындысы бойынша, биыл ауданға 38 мыңға жуық турист келген. Бұл өңірге келген барлық демалушылардың 20%-ын құрайды. Осы орайда глэмпинг алаңдары мен қонақ үйлер салу арқылы 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтамасыз ететін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Сонымен қатар ұлттық парктер аумақтарындағы инфрақұрылымды жақсартуға арналған қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы, туризмді дамыту көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты екені белгілі. Бұл ретте, демалушылардың әуе көлігімен келуі үшін бар жағдай жасалуда. Осыған орай, Өскемен әуежайы халықаралық стандартқа сай, бірыңғай талапқа келтірілмек. Бұған қоса, жолдар жөнделеді. Бұл ретте, демалушыларға жол бойында қызмет көрсетудің түрлерін кеңейту маңызды делінді. Сондай-ақ, туристер сапалы сервиспен қамтамасыз етілуі шарт.

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, биыл Глубокое ауданындағы жол торабын ретке келтіруге мемлекет тарапынан 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, ауданға қарасты 22 шақырымдай жол ағымдағы жөндеуден өткен. Ал республикалық маңызға ие «Өскемен-Риддер» бағытындағы автомобиль трассасының орташа жөндеу жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталмақ. 2025 жылы «Өскемен-Тарханка-Топиха-Черемшанка» бағытындағы жол жөнделіп басталады деп күтілуде. Аталмыш бағыттағы тас жол пайдалануға берілсе, облыс орталығынан Риддерге дейінгі аралық 42 км-ге қысқарады. Бұл өз кезегінде, өңірдегі туризмнің қарыштап дамуына да тың серпін бермек.

Жалпы, Глубокое ауданы ауылшаруашылығы жақсы дамыған, табиғи өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын аудандардың бірі.

– Глубокое ауданы облыстағы сүт өндіруші, әрі сүт жеткізуші бірегей аудан. Соңғы 10 айдағы көрсеткіш бойынша, облыс көлемінде 195 мың тонна сүт өндірілсе, соның 35 мың тоннасы Глубокое ауданына тиесілі. Бұл шамамен 18%-дық көрсеткіш. Жергілікті сүт қаладағы сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі. Тағы да атап өтерлік жайт, бұл жерде сапалы сүт өнімдерін шығаратын «Восток-Молоко» ЖШС-і орналасқан. Аталмыш кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3600 тоннаны құрайды, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Яғни облыс көлемінде импортқа тәуелділік деңгейін төмендету үшін, отандық өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта, экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту бағдарламасын іске қосудың қажеттілігі туындайтыны мәлімделді. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша, өткен жылы глубокоелық 12 кәсіпкердің жобасы 140 млн теңгеге қаржыландырылған. Жақында 284 млн теңгеге тағы 50 жобаны несиелендіруге қатысты жауапты комиссияның түпкілікті шешімі жарияланады.

Ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша, Белоусовка мен Тәжірибе алаңы (Опытное поле) ауылдарында, жоба құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын, 300 орынға арналған екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Прапорщиково ауылында да дәл осындай, 300 орындық мектеп салу жоспарда бар. Өткен жылы 45 млн теңгеге  үш білім беру нысаны жөнделсе, биыл 90 млн теңгеге 7 білім беру мекемесі заманауи қалыпқа келтірілген. Сондай-ақ, 30 млн теңгеге жаңа модификацияланған 3 кабинет сатып алынған. Бүгінде  аудан бойынша үш жасқа дейінгі 60-қа жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен. Осыған байланысты Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашиновқа туындаған мәселені мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы шешу жолында іскерлік келіссөздер жүргізу міндеті жүктелді.

Денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мемлекеттік бағдардама бойынша, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер ұдайы негізде Израиль, Түркия, Ресей, Германия сынды медицинасы озық елдерге оқуға жіберіледі. Жергілікті емдеу мекемелерін қажетті медициналық жабдықтармен қамтуға қомақты қаржы бөлінген. Мәселен, келесі жылы аудан орталығындағы аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге 18 млн теңге жұмсалады. Биыл маусым айында Прапорщиково ауылында жаңадан бой көтерген дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілген. Сол сияқты Верх-Березовка, Бобровка мен Секисовка ауылдарында да дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары басталыпты. Сонымен қатар Уварово ауылында жаңа фельдшерлік амбулаториялық пункт, ал Белокаменкада медициналық пункт салу жоспарланған. Жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыруға 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлу қарастырылған. Жергілікті тұрғындар ауылдық жерлердегі медициналық мекемелерді модернизациялауға арналған жобаның тиімділігін айтып, осындай бір реттік шараны ары қарай созу жөніндегі ұсыныс-тілектерін жеткізді. Айтуларынша, аудандағы медициналық мекемелер әлі де жеткіліксіз.

Қазіргі уақытта Глубокое ауданына 6 дәрігер, 12 мұғалім керек екен. Атап өтелік, өңірлерге келетін жас мамандарды мемлекеттік қолдау шарасы ретінде, еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейінен 100 есе көп (8,5 млн теңге) мөлшерімен бір реттік төлемақы төленеді. Осылайша, өткен жылы ауданға 4 жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 педиатр келіпті. Сонымен қоса «Бірқабатты Шығыс» жобасының шеңберінде, облыстың аудан-қалаларында тұрғызылған  үйлердің кем дегенде 20%-ы, медицина мен білім беру саласының қызметкерлеріне деп бөлінеді. Бұл әсіресе, ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала мамандарына деген тапшылықты жою үшін қолға алынған. Аудандағы көпбалалы және әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасыларға жыл соңына дейін 74 пәтердің кілті табысталады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында, Белоусовкада 105 орынға арналған мәдениет үйі салынбақ. Ал Черемшанкадағы мәдениет үйін жөндеу жұмыстары, келесі жылы жобалық-сметалық құжаттар дайын болып, жергілікті бюджеттен керекті қаражат бөлінген соң басталады.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша, бүгінде 2,2 млрд. теңгеге 3 жоба іске асырылуда. Бұл Бобровка, Кіші Оба мен Степное ауылдарындағы су құбыры желілерін реконструкциялау жұмыстары. Сонымен қатар тұрғындар саны аз делінетін Калинино, Каменный карьер, Таулы Үлбі сияқты 11 елді мекенде суды тазартатын блокты-модульдік станциялар жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, аудан халқының 97,2%-ы Интернет желісіне қосылған. Осы уақытқа дейін сегіз елді мекен тұрғындарынан ғаламтор байланысының нашарлығына байланысты шағымдар түскен екен. Бүгінде бұл проблеманы шешу бойынша, мобильді операторлармен бірлескен негізде тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы тұрғыда ауданға қарасты жолдың бойында да мобильді байланыстың жоғалмай, Интернеттің ұстауына жауапты сала өкілдері де жақын арада іске кіріспек.

              Арайлым Нығметоллақызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу