KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Қарыз төлейтін уақыт келді!

Фото: pexels.com

8.12.2024, 18:30 19 Гульжан Мусина

1 қазаннан бастап коллекторлардың жұмысын айқындайтын «Коллекторлық қызмет туралы» жаңа заң күшіне енді.

Қазақстанда коллекторлық қызмет көрсету 2000 жылдардың басында кредиттік нарықтың өсуі аясында дами бастады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары өз міндеттемелерін орындамайтын қарыз алушылар санының өсуіне тап болды. Осы кезде қажетті қаражатты өндіріп алу үшін банктер үшінші тарап компанияларын тарта бастады. Сол кездері несиеңе уақытылы төлем жасай алмай қалғанда коллектор сіздің ғана емес, жақын туыс-туған, жора-жолдастарыңыздың да мазасын алып, қарызды сұрамшылап, қорқытты. Оларға «әй, дейтін ажа да, қой, дейтін қожа да» болмады. Тек 2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» Заң жобасы қабылданып, қарызды қорқытып, шошытып талап етушілердің жұмысы бір ретке келтірілді.

2017 жылы Қазақстанда агенттіктердің жұмысын нақты реттейтін «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданды. Бұл заң коллекторлық агенттіктерді Ұлттық банкте міндетті түрде тіркеуді енгізді, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтады және борышкерлердің құқықтарын қорғау шараларын белгіледі.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында осы коллекторлық қызметті тағы бір ретке келтіру керектігіне назар аударды. Содан кейін шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы Жолдауын іске асыру үшін Заң жобасы әзірленіп, 2024 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заң коллекторлардың жұмысына өзгерістер енгізіп, борышкердердің жүгін аз болса да жеңілдетті.

Коллектордың қызметі қандай болу керек?

Коллектор берешегін төлемеген тұлғаға хабарласқанда Заң аясында сақтауға міндетті ережелері бар. Яғни әрбір байланыс кезінде коллекторлық агенттіктің атауы, борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын адамның аты-жөні, лауазымын айтып, кредитордың атауы туралы хабармен таныстырып барып, өз жұмысын іске асыруға тиіс.

- «Коллекторлық қызмет туралы» Заң бойынша коллекторлық агенттіктер борышкердің тұрғылықты мекенжайына аптасына үш рет баруға және жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі уақыт аралығында үш реттен асырмай ғана хабарласа алады, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өскемен қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Владимир Зуев.

Егер осы талаптар сақталмаса, сізді қорқытып, психологиялық қысым жасаса, қарызыңыз туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға хабарлау арқылы құпиялылық құқығын бұзса, сіз е-gov (e-otinish) арқылы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, ҚР Прокуратурасына, Полиция және сотқа шағымдана аласыз.

Екі жылға мараторий жарияланды

Қазақстанда 2024 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 1 мамырға дейін құқықтарды беру мораториі жарияланды. Бұл азаматтардың қарыздарын, мысалы, банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан коллекторлық агенттіктерге беруге уақытша тыйым салу.

- 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) беруге заң жүзінде тыйым салынды. Бұл дегеніміз, екі жыл ішінде банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін берешекті қайта құрылымдау және айыпақыны (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссияларды кешіру арқылы барлық реттеу рәсімін жүргізеді. Мораторий проблемалық берешек деңгейін және проблемалық қарыз алушылар санын азайтуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Өскемен қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы.

Мораторий азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуды көздейді. Яғни қаржылық қиындықтарға тап болған адамдарға істі коллекторларға бермей, банктермен немесе микроқаржы ұйымдарымен қарыздарын тікелей шешуге мүмкіндік береді, бұл борышкерлерге қысым жасау қаупін азайтады.

Сонымен қатар осы екі жылда банк борышкерлердің қарызын коллекторларға берудің орнына қаржы ұйымдары қарыз алушыларға қарызды қайта құрылымдау немесе ішінара кешіру нұсқаларын ұсынуға міндетті.

Коллекторлар кредиторға айналғанда...

 Азаматтардың кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге банктік қарыз, микрокредит шартында қарыз алушының тиісті келісімі болған, мерзімі өткен берешек туындаған (тұтынушылық кредит бойынша 90 күннен, ипотекалық кредит бойынша 180 күннен астам) және берешекті реттеу рәсімдерін жүргізген кезде жол беріледі. Нәтижесінде коллекторлық агенттіктер жаңа кредиторларға айналады.

- Бұрын сатып алынған берешегі бойынша коллекторлық агенттіктер берешекті реттеу рәсімін өткізу туралы міндет енгізілген сәттен бастап 20 күн ішінде (ағымдағы жылғы 1 қазан) өз борышкерлерін міндеттемені орындау талаптарын өзгерту туралы тиісті өтініш беру құқығы туралы хабардар етуге міндетті болды. Жаңа қағидаларға сәйкес коллекторлық агенттік банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сатып алған сәттен бастап 30 күн ішінде борышкерге оның міндеттемені орындау талаптарын өзгертуге өтініш беру құқығы туралы хабарлауға міндетті, – деп түсіндірді Владимир Зуев.

Борышкер хабарламаны алғаннан кейін кез келген уақытта міндеттемелерді орындамау себебін, сондай-ақ берешекті реттеудің өз нұсқаларын көрсете отырып, коллекторлық агенттікке тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтінішке міндетті түрде кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелерін орындай алмайтындығын куәландыратын растайтын құжаттар қоса берілуі керек.

- Егер борышкер мәліметтер мен құжаттарды толық көлемде өткізбесе, онда коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады, бұл ретте борышкердің оларды ұсыну мерзімін 5 жұмыс күні деп көрсетеді. Құжаттарды тиісті мерзімде ұсынбау – борышкердің өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз, – деп қосты Владимир Зуев.

Шешім қабылдау кезінде коллекторлық агенттік борышкерлер санаты (мысалы, ресми жұмыссыз, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері), қажетті құжаттар тізбесі және борыш жүктемесін азайту жөніндегі шаралар айқындалатын ішкі құжаттарды басшылыққа алады. Бұл ақпарат коллекторлық агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

- Талап бойынша коллекторлық агенттіктің жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту құқығын көздейді. Бұл талаптар айыппұлдарды, өсімпұлдарды және комиссияларды азайтуды немесе олардың күшін жоюды, борышты және пайыздарды толығымен немесе ішінара кешіруді, негізгі борыш пен пайыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді қамти алады, – деп түсіндірді Өскемен қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы.

Жақсарту талаптарын қолдану кезінде коллекторлық агенттік бұл туралы борышкерге хабарлауға міндетті. Ал борышкер келіспеген жағдайда хабарламаны алған күннен кейін 14 күн ішінде агенттікке өтініш жібере отырып, бас тартуға құқылы.

Коллектордың жүгі ауыр

Коллекторлар кредиттік нарықтың тұрақтылығын қолдауға ықпал ете отырып, Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Алайда олардың қызметіне деген сенімді арттыру үшін құқықтық реттеуді жақсарту, қызметкерлерді оқыту және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарды әлі де жалғастыру керек.

- Мен біраз жыл коллектор болып қызмет істедім. Бұл негізнен банк жүйесіне қатысты жұмыс. Бірақ телефон тұтқасын алмай, берешегін бермей жүрген азаматтарға хабарласу оңай емес. Өйткені әр адамның қаржылық жағдайы әр түрлі болады. Біреулер қарызын төлей алмай қиналып жүрсе, енді бірі төлегісі келмейді. Сондықтан коллектор болу үшін қаржылай сауатты болу, заңнамаларды білу және психологиялық тұрғыдан бекем болуы қажет, – деді қала тұрғыны Асқар.

Несиені уақытылы төлеп, банктердің қара тізіміне түспей, борышкерлер мен несие берушілер арасындағы байланысты жақсарту үшін халық арасында қаржылық сауаттылықты дамыту өте маңызды.

Ақерке Рағызбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу