Қарттар үйі қамқорлық па, әлде қоғамның қасіреті ме?
Фото: pexels.com
Бүгінгі таңда еліміздің қай өңірінде болмасын «Қарттар үйі» деп аталатын мемлекеттік мекемелер баршылық. «Қарттар үйі» кешегі Кеңес заманында да болған, қазіргі күні де бар және болашақта да бола беретіндігіне еш күмәніміз жоқ.
Алайда ата-анасын ардақтап, аялап өткен қазақ қоғамы үшін «Қарттар үйі» деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиетіні айдай ақиқат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел арасында: «Пәленше деген жердегі «Қарттар үйінде» бірнеше қазақтың қариясы да бар көрінеді. Бұл дегенің, қазақ ұлтының атына кір келтіретін масқара ғой. Ата-анасын интернатқа өткізіп тастаған балалары қандай тасбауыр еді?!» деп айдаладағы біреулердің әрекетіне үйде отырып-ақ күйіп-пісетіндер де болған.
Бұрын ондай мекемелер облыс орталықтарында ғана болса, қазір ауданнан да кездестіруге болады. Ертеректе ол мекемедегілердің қатарынан қазақ қарияларын сирек кездестірген болсақ, қазіргі күні олардың да саны жыл санап арта түскен. Сосын, былайғы жұрттың да ондай-ондай әрекеттерге пәлен-түген деп әлдекімдер үшін намысы қоза бермейтін болған.
Тіршілікте табысқан таңғажайып тағдырлар
Таяуда Самар ауданының орталығындағы «Қарттар үйі» интернатында болғанымызда біз «намыстанып» жүрген сол интернаттағы жандардың барлығы, шынымен де балалары интернатқа өткізіп тастаған бірыңғай «тастанды», «бейшара», «жетім» адамдар емес екендігіне, ол жерде қанша жан болса, сонша тағдыр тіршілік етіп жатқандығына, ол мекемеде жасы келген адамдарды қойып, денсаулығы нашар жастардың да амалсыздан жататындығына көз жеткізіп қайттық.
Мекеме басшысы Бауыржан Қалымжанұлы демалыста болғандықтан біздің сауалдарымызға сол мекемеде 28 жылдан бері диетсестра (ас мәзірін бақылаушы маман) болып қызмет етіп келе жатқан Әдиша Садықова жауап берді.
– Менің негізгі міндетім, осында жатқан адамдардың күнделікті төрт мезгіл ішетін ас-ауқатының мәзірін әзірлеп, дәм-тұзын айырып, мөлшерін, санитарлық тазалығын, т.б. қадағалау. Бұл мекеменің қарамағында «І, ІІ және ІІІ корпус» деп аталатын үш нысан бар. Осы үш корпуста шамамен 130-ға жуық адам ем алып, демалып, мемлекет тарапынан күтім көріп жатыр.
Мұндағы жандардың барлығын «Жастары жеткен қарттар» деп қабылдауға болмайды. Дегенмен, басым көпшілігі жастары егде тартқан қарт адамдар.
Самардағы «Қарттар үйінің» айта кетер бір ерекшелігі, мұнда күтімге зәру тек аудан тұрғындары ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстан облысына қарасты барлық аудандардың адамдары арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша ем алып, демалып, мемлекет қамқорлығын сезінуде.
– Бір адамның күнделікті шығыны қанша болады?
– Мен өзім қадағалайтын тамақ мәзірін ғана айта аламын. Айталық, бір адамның күндік асына 1 мың 232 теңге бөлінген. Қалған медициналық ем-домдары, мәдени-спорттық жабдықтары, массаж, т.б. шығындардың анық-қанығын бухгалтериядан сұрап білуіңізге болады.
– Бүгінгі қымбатшылық қысқан заманда 1 мың 232 теңге аз емес пе?
– Әзірге жетіп-артылады десем, артық айтқаным емес. Тамақтарымыз нәрлі әрі аспаздарымыз дәмді әзірлейді.
Интернаттағы 130 адамның шамамен 25-і қазақ болса, қалғандары орыс, неміс, украин, т.б. ұлт өкілдері екен. Біз болған № І корпустағы жатын бөлмелер екі-үш адамға арналыпты. Дойбы, шахмат ойнап, теледидар көретін бөлмелері, спортпен шұғылданам дегендерге спорттық жабдықтар қарастырылған. Апта сайын моншаларын жағып, шаштаразды шақыртып, төсек-орындарын да жаңалап тұратын көрінеді.
Айтпақшы, бұл жерде тағдырдың жазуымен бір-бірімен тіл табысып, бас құрап жатқан «жас отбасылар» да бар екен. Ондайлар аса көп болмаса да, бізді екі отбасымен таныстырды. Олар әрине, әкімшіліктің келісім-рұқсатымен өздеріне бөлінген екі кісілік жеке бөлмелерде тұрып жатыр.
Тұрғындардың күнделікті төрт мезгіл берілетін ас мәзірінен бөлек, жеке ас бөлмелері де бар. Онда электр плиткасынан бастап, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, ыдыс-аяқ, т.б. қажетті заттардың бәрі қарастырылған. Әркім өзі қалаған уақытында шай қойып ішуіне болады.
Ғимараттың ауласындағы жайқалған бау-бақшаны көріп қайран қалдық. Кәдімгі жеке үйлердің бақшалығында өсетін қияр, қызанақ, көксарымсақ, баклажан дейсіз бе, бәрі жайқалып өсіп тұр. Мұны жайқалтып отырғандар осы мекемеде тұрып жатқан ерлі-зайыпты екі отбасы екен.
Қалтқысыз қызмет – міндетіміз!
Шағын бақшаларының арам шөбін жұлып, түбін түптеп, суарып жүрген отағасын әңгімеге тартқанбыз.
– Адамнан ауру қалса да, әдет қалмайды екен, – дейді қолына кетпен ұстаған бақшалық егесі. Бұл жерді сонау ерте көктемнен бастап қашап, бораздалап, арығын шығарып, егіп, күтіп-баптаймыз. Содан қара күзге дейін осы жерден шықпаймыз. Су айдап тентіремейміз, су тартылған. Күтіп-баптасақ әжептәуір өнім алуға болады. Жаз бойы жегенін қасымыздағы адамдармен бөлісіп жеп, артылғанын үш-төрт банка болса да тұздап қойып, қызығын қыста көреміз. «Бұл жерден алған өнімді саудаға шығарып, пайда тапсақ» деген ойдан аулақпыз. Бұл біздің жаз бойғы ермегіміз, қала берді қимыл-қозғалыс денсаулыққа пайдалы демей ме?! – деген бағбан биылдыққа енді ғана өсіп-өнген бірнеше қиярды өз қолымен үзіп ап, «дәмін татып көріңіздер» деп қолымызға ұстатты.
– Әдиша Жұмағалиқызы, бұл жерге облысымыздың түкпір-түкпірінен келіп жатады екен. Соңдарынан іздеп келетін туыс-туған, бала-шағалары бола ма?
– Әрине, бұл жерде тұрып жатқан жандардың барлығын мүлдем іздеушісі, туыс-туған, бала-шағалары жоқ деуге болмайды. Әсіресе жаз мезгілінде шалғай аудандардан болсын арнайы іздеп кеп, біраз уақытқа алып кетіп жататындар да бар. Ондайларға тәртіп бойынша өтініш жазғызып, қай уақытқа дейін болатындықтарын тіркеп қоямыз. Себебі, кім, қайда, қанша уақытқа кеткендігін біліп отыруымыз керек.
– «Өмір бар жерде, өлім де бар» дейді ғой, бұл жерде қайтыс болған жандарды қалай, қайтіп соңғы сапарға аттандырады?
– Иә, біздің мекемеде жастары кеп қалған адамдар көп болғандықтан өлім-жітім болмай тұрмайды. Ондай жағдайда ешкімнің ұлтына қарамай, бірден әу баста интернатқа әкеп өткізген адамдарға хабар береміз. Олардың қайсыбіреулері, көбінесе қазақтар өзіміз жерлейміз деп мәйітті алып кетеді. Ал ондай туыс-туғандары жоқ адамдарды ұстанған діндерінің жөн-жосығымен жерлеп, мұсылманша жетісі мен қырық күндігін, тоғыз күндігін өткізіп береміз.
– Ондай қызметтер үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылған ба?
– Әрине, қарастырылған. Сосын, мұндағы адамдардың өздері де пенсияларынан «Әне-міне боп кетсем, қажетіме жаратар!» деп тиын-тебендерін іркіп жүреді.
– Сіздердің мекемелеріңізге адамдарды қай жастан бастап қабылдайды?
– Бұл жерде сіздің сұрамағыңыз, қарт адамдардың жас мөлшері ғой?!
– Дәл солай.
– Біздің мекеме тек қарттарға арналмаған. Мұнда 18 жастан бастап І, ІІ топтағы мүгедектерді де қабылдап, қамқорлыққа алады. Айталық, біздің үш корпусымыздың біреуі сол мүгедек, яғни, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарға арналған. Үш корпусымыздың да қызметкерлері мен күтушілері өз қарамағындағы адамдарға өте жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді. Жасы келген, оның үстіне ауру-сырқау адамдар болғасын олардың барлық қыңқыл-сыңқылдарына көніп, шамамыз келгенше мейірімге бөлеп, қабақтарына кірбің түсірмеуге тырысамыз. Интернаттағы адамдардың да жастары әралуан. Ең жасы үлкен апамыз биыл 101 жасқа толды.
Екінші корпуста мүгедектер жатады. Мүгедектіктің де түр-түрі болады ғой. Біреудің көзі көрмесе, біреулердің құлағы естімейді. Өздігінен жүріп-тұра алмайтындар, дәретін астынан алып жатқандар қаншама?! Солардың барлығына қалтқысыз қызмет көрсету – біздің міндетіміз!
Пенсия демекші, осы жерде былайғы жұрт біле бермейтін (айтпаса, біз де білмес едік) бір мәселе бар екен. Біздер ойлаймыз ғой, «Қарттарымыз мемлекет қамқорлығында, ол жерде барлығы су тегін» деп. Тіптен де олай емес екен. Ол жерде ем алып, демалып, қысқасы, қамқорлық көріп жатқан кез келген адам ай сайынғы зейнетақысының 30 пайызын ғана өз керегіне жаратып, қалған 70 пайызын өзі тұрып жатқан мекеменің есепшотына аударып отыратын көрінеді.
– Аударылған қаражатқа күнделікті пайдаланатын санитарлық-гигиеналық заттардан бастап, тіс пастасы, щеткалар, сабын, порошок, сақал қыратын станок, үтік, шәйнек, қалам-қағаз, т.б. толып жатқан, сол жерге қажетті дүниелер алынады, – дейді.
Біз әңгімеге тартқан, сырт көзге қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүргендей көрінетін әр адамның сөзінен тағдырына деген әлдебір өкініш, көзінен мұнарлы мұң байқадық...
Бұл – заңдылық та болар?! Өйткені бір кездері басында баспанасы, бауырында бала-шағасы, білдей қызметі болған, қол-аяғы сап-сау адамның күндердің бір күнінде, атауының өзі құлаққа түрпідей тиетін интернаттық өмірге кіріптар боп жатуы кімді болсын өкіндірері, қынжылтары сөзсіз.
Атам қазақ «Өз үйім – өлең төсегім!» дегенді жайдан-жай айта салмаған болар.
Үлде мен бүлдеге оранып, құс төсекте жатсаң да, өз үйіңдей қайдан болсын...
Серік Құсанбаев