KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Жастар, медицина және ұлт саулығы: мемлекеттің басым бағыттары

Фото: pexels.com

9.12.2024, 18:30 8 Гульжан Мусина

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау мен медицина саласының дамуы арқылы ұлт саулығын нығайту негізгі міндеттердің бірі екенін үнемі атап көрсетеді. Оның айтуынша, дені сау ұлтты қалыптастыру үшін жастардың білім алуына, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және медицина қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру маңызды рөл атқарады.

«Жай күнде алай дейміз, бұлай дейміз, ауырып жан қиналса Құдай дейміз» дегендей, денсаулықтың қадірін көбінесе ауырғанда ғана түсінеміз. Халық даналығындағы «Алпыс адам аттан құласа, әркім ауырған жерін сипалайды» деген сөздің де мағынасы терең. Аурудың түр-түрі бар, оларды санамалап шығу мүмкін емес. Бірақ бір нәрсе анық: адам бар жерде, ауру да қоса жүреді. Бұл табиғаттың айнымас заңы іспетті.

Осы себепті кез келген елді мекендегі ең маңызды нысандардың бірі – ауруханалар мен денсаулық сақтау орталықтары. Олардың сапасы мен қызметінің деңгейі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Ауруханалардағы мамандардың білімділігі мен біліктілігі халықтың денсаулығына ғана емес, олардың жалпы көңіл-күйіне де оң ықпалын тигізеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда медицина саласы жаңа серпін алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарды медицина мамандықтарына тарту және осы саладағы кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Медициналық білім беру мекемелерінің заманауи технологиялармен жабдықталуы, жас мамандардың шетелде тәжірибе алмасуы және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау – саланың болашағы үшін маңызды қадамдар.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізу арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігі артуда. Телемедицина, жасанды интеллект және қашықтықтан кеңес беру сияқты жаңашылдықтар халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының денсаулыққа қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуда.

Жастардың денсаулығы мен медициналық қызмет сапасының жақсаруы – ұлттың болашағына жасалған үлкен инвестиция. Денсаулық сақтау саласындағы реформалар жастардың өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігі мен елдің дамуына қосатын үлесін күшейтеді. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы ұстанымы – ұлт саулығын нығайтып, дені сау әрі білімді ұрпақ тәрбиелеуге негізделген стратегиялық қадам.

Есептегі сырқаттар – бақылауда

Жауырды жаба тоқымай, сөздің шындығын айтар болсақ, кешегі келмеске кеткен Кеңес заманында медицина мамандары өте білікті әрі бірінші кезекте адам денсаулығына деген жауапкершілікке көңіл бөлетін. Сол кездің дәрігерлері алдына келген кез келген жастағы сырқатты толық тексеруден өткізіп, жатқызатынын емханаға жатқызып, ота жасайтынына ота жасап, емдейтінін толығымен емдеп барып бірақ қоя беретін еді ғой... Қазір өйтпейді. Барлығы болмаса да, дәрігерлердің басым көпшілігі ауырған жеріңді ұстап та көрместен, анализдеріңе бір көз жүгіртіп шығады да, үйіп-төгіп дәрі-дәрмек жазып бере салады. Сөйтеді де, сол «қабылдауының» өзіне жоқ дегенде жеті-сегіз мың теңге ақшаңды қағып алады. Ал жазып берген дәрілерді міндетті түрде «пәленше» деген дәріханадан алуың керек. Ол дәрілердің бағасы, айтпаса да түсінікті.

Сонымен не керегі бар, «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дегеннің кебін киіп, амалсыздан әлгі теңдесі жоқ «маманның» жазып берген уыс-уыс дәрісін удай бағаға сатып ап, ішуге мәжбүр боласың.

Еліміздегі дәрігерлер және олардың біліктілігі мен мәдениеті, тәжірибелері, т.б. жағдайларға тағы бір орайы келгенде арнайы тоқтала жатармыз. Бүгінгі сөз етпегіміз Самар аудандық ауруханасының тыныс-тіршілігі және ондағы дәрігерлер ұжымы болатын.

Ертерек қамданып, аурухана ашыла салысымен барсақ та, кісі қарасы көп көрінді. Бірін-бірі жетектеген, мүгедектер арбасын сүйреткен, аяғы сынып балдаққа сүйеніп, қолын сындырып мойнына іліп алғандар дейсіз бе, қысқасы, аурухананың іші толған адам.

Біз барғанда аудандық аурухананың 2017 жылдан бергі бас дәрігері Ерік Зияданов жұмыс барысымен жол жүріп кеткен екен де, көкейіміздегі сауалдарға поликлиника меңгерушісі Индира Байзақова жауап берді.

Индира Қалымқызы Семей медициналық академиясын тәмамдаған соң өзінің туып-өскен жеріне жас маман боп келген екен. Содан бері де 13 жыл өтіп кетіпті. Бүгінгі таңда 11 мыңдай халқы бар Самар аудандық ауруханасында 260 қызметкер халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жатқан көрінеді. Поликлиника меңгерушісінің айтуына қарағанда, мұнда бір дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт, ауылды жерлердегі 11 медпункттен бөлек, 12 терапиялық, 7 педиатрлық, сондай-ақ, хирургиялық және босану бөлімшелері үздіксіз жұмыс істейді екен.

Ауданымыздағы жалпы тұрғындардың денсаулығына тоқталар болсақ, соншалықты дабыл қағарлықтай жағдайда емес, қалыпты. Көпшілік болғасын ауырмай-сырқамай тұрмайды ғой. Ал есептегі сырқаттардың орны да, жөні де бөлек. Ондай адамдар үнемі біздің дәрігерлердің жіті бақылауында. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын сырқаттарға аптасына бір рет үйлеріне барып, хал-жағдайларын біліп, қажетті медициналық көмектерін беріп тұрамыз. Жағдайы нашарлап кеткендері болса, ауруханаға жатқызып емдейміз. Самардың өз басында үш жедел жәрдем автокөлігі болса, округтердегі Құлынжон, Сарыбел, Мариногорка және Палатцы ауылдарының өздерінің жедел жәрдем көліктері бар.

Жедел жәрдем көліктері жоқ ауылдарда жағдай қалай болмақ?

Кез келген ауылдық округте дәрігерлік есепте тұрған адамдар жергілікті дәрігерлердің үнемі бақылауында. Егер аяқ астынан инфаркт, инсульт немесе толғақ қысқан, оқыс жарақат алған секілді фактілер болып жатса, жергілікті дәрігер мамандар дереу алғашқы дәрігерлік көмектерін көрсетіп, қолма-қол 103 номері арқылы жедел жәрдем шақыртады.

Ауылда адам қалмай бара жатыр

Шалғай ауылдарға жедел жәрдеммен барып-келу де оңай бола қоймас, жол мәселесі қалай дегенім ғой?

Аудан орталығынан ең шалғай орналасқан (86 км) Қарақол ауылы. Ол ауыл – Кеңес одағының тұсында үш бірдей Еңбек ері шыққан атақты ауыл. Өкінішке қарай, қаншама жылдан бері көңіл бөлінбей, қараусыз қалған жолдары өте нашар. Палатцы деген ауылға дейін орташа дәрежедегі жол бар. Оның өзі кешегі Кеңес заманында салынса керек, әбден тозығы жеткен. Әрмен қарай жол деген атауы ғана. Енді осындай жолмен өзі сырқаттанып жатқан адамды көлікпен алып жүру қалай болмақ?!

Содан да болар, ол ауылдың тұрғындары соңғы жылдары жаппай көшіп жатыр. Қазір шамамен 50 шақты ғана үй қалған болар. Қыстың боран-шашынды күндері, көктем мен күздің лайсаң кездерінде жолды тазалаған болады. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес екендігі бәрімізге белгілі. Көп жерлерде «Мамандарға зәруміз, жетіспейді» деп жатады. Бұл мәселе сіздерде қалай шешім табуда?

Штаттық кесте бойынша аудандық ауруханада 40 маман жұмыс істеуі керек болса, бүгінгі таңда бұл жерде бар болғаны 25-ақ маман  жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мамандар тапшылығы өте қатты байқалады. Қазір оқу бітірген жастардың көбі ауылды жерлерге барғылары келмейді. Шамалары келгенше, таныс-тамырлары арқылы болса да қалалық жерлерде қалғылары келеді. Әйтпесе, жыл сайын өткізілетін «Мамандар жәрмеңкесіне» де тұрақты қатысып тұрамыз, жоғарғы курс студенттері де практикаға келіп тұрады.

Жас мамандар келіп жатса, жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау болатын шығар?

Әрине, егер жаңадан оқу бітірген жастар ауданға келеміз десе, әкімдік тарапынан жас мамандарды қолдауға арналған арнайы бағдарлама да бар. Ол бағдарламаға сәйкес жас маманға келген бетте 2 млн теңге қаржылай көмек бар және болашақта балабақша, баспанамен қамтамасыз ету жағы да қарастырылған. Алайда соның өзінде ауылды жерге келіп жатқан мамандар жоқтың қасы. Осыдан бірер жыл бұрын 17 жылдық жұмыс өтілі бар хирург келді. Өзі оңтүстік өңірінің азаматы екен. Ол дипломын жаңа ғана алған жас маман болмаса да, жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау, көмек көрсетілді.

Мына ғимараттарыңыз көңілдеріңізден шыға ма, емханада жататын сырқаттар тарапынан «Қыста суық, жазда ыстық» деген секілді шағымдар түспей ме?

Ғимаратымыз жаңа деп те, ескі деп те айта алмаймын. Орташа деуге болады. Осы уақытқа дейін емделушілер тарапынан да, ұжым тарапынан да ондай арыз-шағымдар түскен емес. Дегенмен алдағы уақытта біраз жөндеу жұмыстарын қажет ететіні рас. Ең алдымен жылу батареялары мен суық судың құбырын алмастыру керек шығар.

Айлықтарыңыз қалай, көңілдеріңізден шыға ма, кешіктірмей уақтылы беріп тұра ма?

Айлығымыз жаман емес. Қай жерде болмасын әр қызметкердің жұмыс өтіліне, категориясына, атқарып отырған лауазымына қарай төленеді ғой. «Қанағат қарын тойдырар» демей ме, бұйырғаны бола жатар.

Бос уақыттарыңыз бола ма?

Енді дәрігерлер де адам баласы ғой?! Үнемі болмаса да, ретін тауып мерекелерді ұжым боп атап өтуге тырысамыз. Күз-көктем айларында тайлы-таяғымыз қалмай сенбілікке шығып емханамыздың айналасын ретке келтіріп аламыз. Жылына бір мәрте келетін медиктер күнінде басшымыз Ерік Файзуллаұлының ұйымдастыруымен табиғат аясына шығып әнімізді айтып, биімізді билеп, жақсылап демалып қайтамыз. Осыдан артық не керек?!

Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Еңбектеріңіз жемісті боп, елдің алғысына бөлене беріңіздер!

 Серік Құсанбаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу