KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Тіл өнері – қазақтың тәрбиелік мектебі

Фото: aimak.com.kz

9.12.2024, 19:30 14 Гульжан Мусина

Қазақ – бала тәрбиесіне ежелден ерекше көңіл бөлген халық. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң досыңдай бағала» деген қағида осыған орай айтылса керек. «Баланы бағып-қағудың ең күрделі кезеңі бес жасқа дейінгі мерзім» деп білген бұрынғылар, ұл бала беске толысымен атқа мінгізіп, сүндетке отырғызып, еңбекке араластыра бастаған көрінеді.

Бес жасқа дейінгі баланың өсіп жетілуіне, оның денінің сау, денесінің ширақ, ақыл-ойының ұшқыр болуына ата-анасы тіпті ағайын-туыстары да мейілінше мүмкіндік жасап, қатаң қадағалап, бақылауда ұстайтын болған. Басқаша айтқанда,  «патшасындай» қараған. Солай етуге ата–анасы ғана емес, мұқым бір тайпалы ел, ауыл-аймақ атсалысқан.

Неге десеңіз, ертеңіне ел боп елеңдеп, әулет боп алаңдап отырған бала өсе келе қол бастайтын батыр болса да, сөз бастайтын шешен, ел басқарған көсем болса да немесе керісінше ел үмітін ақтамаған жігерсіз, ынжық боп ержетсе абыройы да, ұяты мен масқарасы да тәлім-тәрбие берген ата-анасы мен бір рулы елдікі болмақ.

Қазақтың тілі – қылыш, сөзі – сойыл

Ол заманда бүгінгідей үлде мен бүлдеге оранған, қызылды-жасылды түске боялған ясли, балабақша, ол жерде көздің жауын алып үйіліп жататын көп ойыншықтар мен түрлі-түрлі ойын алаңдары, нешелеген тәрбиешілер мен тәлімгерлер, баланың ойлау қабілетін арттыруға арналған методикалық құрал-жабдықтардардың бірі де болмаған.

«Сонда ата-бабаларымыз баланы қалай тәрбиелеген?!» дейсіз ғой. «Қазақ тәрбие-мектебінің» ең басты пәні – тіл өнері болған. Қазақ бір ауыз сөзбен, тұрғанды отырғызып, жатқанды тұрғызған. Еңірегенді уатып, егілгенді жұбата білген. Есеңгірегеннің еңсесін тіктеп, еліргеннің екпінін басқан. Қысқасы, бір ауыз сөзбен «тірілтіп»,  бір ауыз сөзбен  «өлтірген». Осылайша, қазақ деген халықтың; сөзді тыңдау, сөзге тоқтау, сөзде тұру, сөзді ұғып оны қадірлей білу дағдысы, оның салихалы әдебі мен күнделікті әдетіне, ерекше қасиетіне, өзгеше мінез-құлқына айналған.

Қазақ – сөзбен адамның жанын да, тәнін де емдей білген. Қазақ – тілмен тұлға, азамат тәрбиелеп қалыптастырған. Сондықтан да қазақтың тілі – қылыш, сөзі – сойыл болған.

«Болған» деп өткен шақпен сөйлеуіміздің себебі де жоқ емес. Себебі сол – қазір Қазақстан дейтін ұлан-байтақ аумағы бар тәуелсіз мемлекетімізді мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, жергілікті қазақ ұлтының 60-70 пайызы өзара орыс тілінде сөйлесетін дәрежеге жетіп қалды.

Бұл «қасиеттің» өрті, бәлкім дерті десек те болар, әсіресе тілі жаңадан шыққан сәбилерден бастап, солардың атасы мен әжесі атанып жүрген 50-60 жастағы замандастарымызды шарпып отыр. Айталық, еліміздегі орта білім беретін мектептердің 20-30 пайызы ғана таза қазақ тілінде білім беретін болса, қалған орысша және аралас мектептер бастан-аяқ орыс тілінде оқытып жатыр және ең қызығы, қызығы емес, масқарасы – сол аралас мектептерде орысша білім алып жатқан оқушылардың 70 пайызы өзіміздің қазақтың ұлдары мен қыздары екен.

Қазір жасырып-жабары жоқ, аулаға шықсаң да, автобус пен трамвайға мінсең де, дүкенге кірсең де, банкке барсаң да бір-бірімен жаппай орысша сөйлескен елді көресің. Ел болғанда, өзге бір ұлттың өкілдері болса не керегі бар?! Құдай-ау, тілі келсін-келмесін бұрап, орыс тілінің басын жарып, көзін шығарып тұрып бір-бірімен шүлдірлескен қазақтар... Жасы да сол, жасамысы да сол... 

Тіпті, «Қазақ мектебінде білім алып жатыр!» деп бөркіміз даңғарадай боп жүрген жастарымыздың өзі үзіліс кезінде бір-бірімен орысша сөйлесетіндеріне күнделікті куә боп жүрміз. 

 Сонда деймін, өзін қазақпын деп санайтын кез келген саналы адам: «Апыр-ау, осы менің қазақ дейтін ұлтым бар еді-ау?! Оның құлаққа жағымды, маржандай сұлу тілі бар емес пе еді?! Өзімнің сондай сұлу да, шешен тілім тұрғанда өзге бір ұлттың тілінде шүлдірлегенім қай сасқаным?! Бұл дегенің өз ұлтымды ұятқа қалдырып, намысын аяққа таптағаным емес пе?» деп бір сәтке болса да ойланса нетті?! Өкінішке қарай олай деп ойланып-толғанып жүргендерді әзірге көре алмай-ақ келеміз.

Заманында батыр Махамбет, ақын Махамбет хан Жәңгірдің алдында қасқайып тұрып:

- Хан емессің қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын! – деп «Дат!» айтқан, осындай қасиетті де, қастерлі, айбынды да, айдынды тіліміздің ахуалы ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде адам айтса нанғысыз бейшара күйге түседі» деп кім ойлаған?!

Бірақ, біз ойласақ та, ойламасақ та «Қазіргі қазақ тілінің мәселесі жансақтау бөлімінде жатқан ауыр науқастың жағдайымен пара-пар» деп  жүргендер де бар.

Үкілеген үмітің үзілмесін...

Қазақта «Аңдыған жау, алмай қоймас» деген де сөз бар. Мемлекеттік тілдің мұндай мүшкіл хәлге түсуі тәуелсіздік алған 30 жылдағы қазақ тіліне жасалған шабуыл емес. Тарихтан оқып-біліп жүргеніміздей қаймағы бұзылмаған қасиетті қазақ тіліне деген шабуыл, сонау 19-ғасырдың екінші жартысында-ақ басталып кеткен көрінеді. «Сол шабуылдың бір пұшпағы Абайдың да жүрегіне жебедей қадалған» дейді білетіндер. Бір ғасырға жуық үздіксіз жалғасқан сол шабуыл қазақ халқы өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылға дейін жалғасты.

Бабаларымыз «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» деген.  Қазақтың тіліне жасалған ұзақ жылғы шабуылдан, яғни, батпандап кірген аурудан біздер тәуелсіздігімізді алғаннан кейін мысқалдап болса да арылуымыз керек еді. Біз өйте алмадық. Ешқандай қарекет, ешқандай қарсылық болмағасын аурудың да меңдеп алар әдеті емес пе?!

Дегенмен, «Үмітсіз – шайтан» дегенді айтқан да біздің бабаларымыз болатын. Сондықтан, өз тілінен, өз ұлтынан, оның салт-дәстүрі мен тарихынан күн санап жерініп бара жатқан өз қандастарымыздың ой-санасы мен мақсат-мүддесін, таным-түсінігін өз ұлтына қарай, яғни, қазақылыққа бұруға әлі де болса мүмкіндік бар секілді. Ол үшін ең алдымен қазақ тілінің, қазақ ұлтының ертеңіне үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін мемлекеттік бағдарлама жасалуы тиіс.

Сосын, әр қазақ отбасы барлық жауапкершілікті балабақша мен мектепке немесе білім алып жатқан оқу орындарына артып қоймай, бала тәрбиесін тал бесіктен, яғни, өсіп жатқан ұясынан бастауы керек. Сонда ғана біз салт-санасы сақталған, тілі мен діні өркендеген, әдебиеті мен мәдениеті жойылмаған, тарихы тереңдерден бастау алатын іргелі ел болып қала аламыз.

Осыдан бір ғасыр бұрын қайран Мұқаң (М.Әуезов) «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» дегенді жайдан-жай айта салмаған секілді.

Ұстаздық еткен жалықпас...

Десек дағы, біз «Барды-бар, жоқты-жоқ!» деп айтуымыз керек. «Қазақ тіліне мүлдем көңіл бөлінбей қалды, елімізде мемлекеттік тілімізге деген сұраныс, мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ!» деп орынсыз байбалам салуға да болмайды. Неге десеңіз, облыс орталығы Өскеменнің өзінде бір емес, бірнеше тіл үйрету орталықтары ашылып, бүгінгі таңда қазақ тілін үйренуге ниет білдірген жандар сол орталықтардан ешқандай ақы-пұлсыз тіл үйрену курстарына барып жүрген көрінеді.

Осыған орай Өскемендегі О.Бөкей атындағы кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованы әңгімеге тартқанбыз.

- Осыдан екі жыл бұрын О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада «Кел, сөйлесейік!» деп аталатын қазақ тілін үйрету клубы ашылған болатын. Клубтың мақсаты – кез келген тілүйренушіге күнделікті тіршілікте қазақ тілінде емін-еркін сөйлей алуды үйрету, – дейді кітапхана директоры.

- Тіл үйрету сабақтары қандай тәсілмен жүргізіледі және оның жүргізушісі кім?

- Клубтың тіл үйретудегі ерекшелігі – қағаз-қалам алып тіл грамматикасын үйрету емес, күнделікті ауызекі сөйлесу мәнеріне машықтандыру. Бұл тәсілдің әсерлі әрі нәтижелі болуына клуб жетекшісі Шушаникова Надежда Александрқызының қазақ тілін еркін меңгерудегі мол тәжірибесі себеп болды.

- Сабақтарға қандайда бір оқулықтар немесе әдістемелік әдебиеттер пайдаланыла ма?

- Сабақтарды өткізу үшін университеттердің ерікті студенттері тартылды. Клубта өтетін сабақтар ешқандай оқулықсыз, грамматиканы үйретпей-ақ, баға да, балл да берілмей еркін форматта өткізіледі. Сабақ тақырыптары күнделікті отбасында, достардың арасында, жұмыста болып жататын оқиғалар мен денсаулыққа қатысты, сондай-ақ, соңғы жаңалықтар жайлы өрбитін әңгімелерді қамтиды. Сөз арасында белгілі ақындардың өлеңдерін жаттап айту, халықтың мақал-мәтелдерін қолдану, күнделікті тұрмыста қолданылатын ауызекі әңгімелерді есте сақтап қалуға, айтпақ ойыңды анық жеткізуге, халықтың мәдениеті мен әдебиетін жетік білуге көп септігін тигізеді. Бұл орайда тіл үйрету әдістемесінің негізін қалаушы Қанат Тасыбековтың «Ситуативный казахский. Мир казахов» деп аталатын оқулығы сабақтарды жүргізуде ерекше үлес қосуда.

- Тіл үйрету курстары кітапханадан басқа да жерлерде бар ма, олар қалай жұмыс істеп жатыр?

- Бүгінгі күні кітапхана жүйесінің барлық 13 филиалында, атап айтсақ, Аблакетка, Согра, Защита, Прохладная, КШТ, Меновное шағын аудандарында, сондай-ақ, Севастопольская 16/1, Металлургов 13, Горького 54 мекен жайларында және де ТЭЦ, ГЭС, Водоканал сынды қала  мекемелерінде, Жұлдыз мектебі мен ТНП, «Альшемали» сауда орталықтарында «Кел сөйлесейік!» клубының бөлімшелері ақысыз жұмыс істеп жатыр.

- Бүгінгі таңда тіл үйрену курстарына қанша адам қызығушылық танытып отыр?

- Клуб мүшелері алған білімдерін қала кітапханалары ұйымдастыратын «Наурыз мейрамы», «Республика күні», «Қазақстан Халықтарының бірлігі», «Тілдер күні» секілді мерекелерге арналған конкурстарда көпшілікке паш етеді. Қазіргі күні қазақ тілін үйрену курстарында 600 адам тіркелген болса, солардың 450-і сабаққа тұрақты қатысушылар боп есептеледі.

- Мемлекеттік тілді бұқараға насихаттап, үйрету бағытында болашақ жоспарларыңыз қандай?

- Ең әуелі қазіргі жұмыс істеп жатқан филиал жұмыстарын тоқтатпай әрмен қарай жан-жақты жетілдір е беру. Жаз айларында саябақтар мен Арбатта қазақ тілін үйретуді «Қазақша білесің бе?», «Мобильный казахский – Tez-Tap»,  «Қазақша караоке», «Қазақша КВЕСТ: «Мой Казахстан», «Флеш-моб» деген тақырыптармен ойын-сауық түрінде ұйымдастырмақ ойымыз бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әлемде бұрын болған, қазір жер бетінен жойылып кеткен ұлттар қаншама?! «Ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан байтақ даласы, тамыры тереңдерге кеткен тарихы бар қазақ ұлты ешқашан да жоғалған ұлттар қатарын толықтырмайды!» деп сенейік.

 Серік Құсанбаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу