Катонқарағай ауданындағы Дорпер қой тұқымы
Дорпер – етті бағыттағы жүнсіз қой тұқымы. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – жоғары өнімділіктілігі, күтімінің қарапайымдылығы мен ерекше төзімділігі.
Дорпер тұқымы 1930 жылдары мүйізді Дорсет қойын қара бас парсы қойларымен шағылыстыру нәтижесінде өмірге келген. «Дорпер» атауы - Дорсет және Парсы қойларының ата тегінен алынған.
Дорперлер – кесек, дене бітімі сәл ұзартылған, жамбас және арқа бұлшық еттері жақсы дамыған, жүні сирек, қысқа. Жүні көктем айының соңында және жазда түседі.
Дене бітімі, мойыны және аяқтарының терісі ақ түсті. Басы және мойынның үстіңгі терісі қара түс, сирақтары қысқа, мүйіздері болмайды.
Саулық қойлар 2 жылда 3 рет төлдейді, әр қозыдан орта есеппен 2 қозыдан келеді. Қошқарлардың салмағы 90-140 кг, қой 55-95 кг, бір жасар қошқарлар 85-107 кг, қозылар 55-65 кг-ға жетеді. Қозылар туғанда 2-3,5 кг, бір айлығында 12-25 кг болады.
Қойдың сойғандағы салмағы 50-59% құрайды. Терілер әлемдегі ең жақсы деп саналады, қалың, тығыз. Оларды жоғары сапалы былғары киімдер мен былғары қолғаптарды өндіруде қолданылады.
Бүгінгі таңда қой шаруашылығындағы жетекші селекциялық басымдылық жыл бойы қозы етін өндіру болып саналады. Осыған байланысты жергілікті малдың тұқымдық қасиеттерін жақсарту мақсатында шет елдің танымал тұқымды қойларын әкелу мәселесі тұрды.
Сондықтан облыс әкімі Моңғолия мен Ресей Федерациясында қой шаруашылығының тәжірибесін зерделеп, облыс ішінде тұқымды Дорпер қойларын өсіру жолдарын іздестіру міндетін қойды.
Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы Шығыс Қазақстан облысының қой шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Мәселен, жоспардағы негізгі тармақтардың бірі - Дорпер тұқымды қошқарлармен жергілікті тауарлы саулықтарды қолдан ұрықтандыру арқылы осы тұқымды өсіру болып табылады.
2021 жылдан бастап Глубокое ауданының Веселевка ауылындағы «Виситаев Р. Д.» шаруа қожалығы европалық Дорпер тұқымды қойын өсірумен айналыса бастады. Бүгінгі таңда шаруа қожалығындағы Дорпер қойларының саны 50 бастан асты.
Енді 2023 жылы Катонқарағай ауданының «Қайнар» АШК осы тұқымды өсірумен айналыса бастады, ол «Ғылым қоры» АҚ-ның «Циклді ұрықтандыру әдісімен қойларды өнеркәсіптік негізді қолдана отырып, жыл бойы тоқты етінің үздіксіз өндірісі» жобасы бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша гранттық қаржыландыруды жеңіп алды. Жобаның өтініш берушісі «Мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ҚазҒЗИ» ЖШС-і. Ал, «Қайнар К» АШК грант алушы болды.
Тауарлық аналық мал басын асыл тұқымды Дорпер қошқарларының ұрығымен қолдан ұрықтандыру үшін қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларымен Еділбай тұқымды жергілікті саулықтары пайдаланылды. Жобаны игеру үшін кооператив өз қаражаты есебінен 500 бас қой сатып алды, оның ішінде 2023 жылы 125 бас, 2024 жылы 375 бас.
2023 жылы Дорпер қошқарларының тұқымын пайдалана отырып, алғашқы рет 225 бас саулықтар қолдан ұрықтандырылды (ұрықтар «Асыл Түлік»АҚ-дан сатып алынды).
Қозы етінің үздіксіз өндірісін қамтамасыз ету мақсатында жаз айында 120 бас, 2024 жылдың қараша айында 480 бас жергілікті тауарлы саулық қойлар қолдан ұрықтандырылды. Үстіміздегі жылы туған төлдердің еркек тоқтылары ауданға келген туристерге жергілікті нарық бағасымен сатылды, ал 95 бас ұрғашы тоқтылар отарды қойлардың санын арттыру мақсатында кооперативте қалтырылды.
Тауарлы қойлардың өнімділігін жақсарту және тауарлы қойларға селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін кооператив Армениядан 2025 жылы қосымша 6 жоғары өнімді Бланш тұқымды қошқарларды сатып алуды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта кооперативте жаңадан 13 жұмыс орына ашылды.
Тауарлық саулық қойлардың өнімділігін жақсарту үшін «Қайнар» АШК-і асыл тұқымды шет елдік қошқарлардың ұрықтарын пайдалана отырып селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасы бұл тұқымды тек Катонқарағай және Глубокое аудандарында ғана емес, сонымен қатар Дорпер қойының өсіру аймағын Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Ұлан аудандарында кеңейтуді қажет деп санайды, бұл табиғи жайылымдарды неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және технологиялық инновацияларды, генетиканы, тұқымдық қайта құруды қолдана отырып, келешекте қой шаруашылығы саласын сапалы жақсартуға мүмкіндік беретін болады.