«Дорпер дегенімізге жеткізді»
Аяужан Утеулинова
«Қой - байлық, жылқы - сәндік» деген халқымыз Шопан ата түлігін ерекше бағалап, баққанын қазір де көріп отырмыз. Жайылымның тарлығына, шөптің жетпей жатуына, оның жүні мен терісін жайына қалдырып, безіп кеткенімізге қарамастан қой өсіріп, отардан отар өргізіп жатқандар азайған жоқ.
Бір қойдың құны бір миллионға жетеді
Қойдың еті мен жүнін, терісін бұрыңғыдай өңдеп, ұқсататындай, ең болмаса одан шәркей, шұлық шығаратындай жағдайға жетсек, ауылдағыларға, шаруашылықтарға ұсақ мал шаш етектен кіріс әкелер ме еді!? Қой етіне шетелден сұраныс арта түскен тұста етті қойдың тұқымын көбейтіп, оны бағуға ынталандыру, өсіру де мал шаруашылығының өркендеуіне бастайтын бір төте жол болмақ.
Сол жолды салып, елде жоқ етті бағыттағы ерекше қойдың тұқымын бағып отырған Глубокое ауданындағы «Виситаев Р.Д» қожалығы. 2021 жылдан бастап бұл шаруашылық оңтүстік африкалық асыл тұқымды дорпер қой тұқымын өсіріп жатыр.
Қазір мұнда 50 бастан астам дорпер тұқымды саулық мал бар. Шаруашылық иесі қойлардың біздің облыстың климаттық жағдайына жақсы бейімделіп алғанын айтады. Африкалық селекционерлер өсіріп шығарған бұл қойдың тұқымын кезінде Алматы облысы жақтан сатып әкелген екен.
«Виситаев Р.Д» қожалығы өсімтал дорпер тұқымының төлін жыл сайын сатып, біраз бөлігін етке өткізуде.
Сала мамандары болса, Қазақстанда, оның ішінде Шығыс Қазақстанда дорпер қой тұқымын өсіру болашағы зор және табысты кәсіп болмақ деп есептейді.
Дорпер тұқымды қойларының өнімділігі жоғары әрі біздің жақтың климаттық жағдайына төзімді болғанымен, қой өсірушілер дорпер асыл тұқымды қойын өсіруге әзірге қызығушылық танытпай отырған көрінеді. Гәптің бәрі бағасында, қойдың қымбаттығында болып отыр екен. Төрт айлық таза қанды қозылардың бағасы шамамен 100 мың теңге және одан жоғары. Саулық қойдың бағасы 300 мың теңгенің үстінде. Қойдың салмағы 90-140 келіге дейін жетеді.
- Сонымен қатар мұндай асыл тұқымды мал басын көбейтуге таза тұқымды дорпер қошқарларын сатушылардың аздығы да әсер етіп отыр. Дегенмен, осы шаруашылықтың қошқарлары жыл сайын өз облысымызға, көршілес облыстарға сатылып жатыр. Саулық қойлар екі жылда үш рет төлдейді, әр қойға орта есеппен екі қозыдан келеді. Бұл малдың еті ғана емес, терілері де әлемдегі ең сапалы, жақсы тері саналады, қалың, тығыз. Оларды жоғары сапалы былғары киімдер мен былғары қолғаптарды өндіруде қолданады. Алдағы уақытта шаруашылық осы дорпер тұқымын көбейтпекші, - дейді Глубокое ауданы ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Мұхит Тұрашпаев.
Көбейтсе, көбейтетіндей. Себебі, «дорпер дегенімізге жеткізді» дейді қожалықтағылар.
- Бұл қой тұқымына күніне үш келідей құрама жем кетеді, қыста екі келіден астам шөп беріледі. Жаз бойы жайлауда, қара күзге дейін далада жайылады. Дорпер қойларын Алматыдан, Павлодардан сатып әкелдік. Қараша айларында Алматы облысынан тағы да дорпер қойларын сатып әкелуді жоспарлап отырмыз. Бұл қой тұқымы біздің жақта өсіруге аса қолайлы екенін көріп отырмыз, қозылары тез жетіледі, оның үстіне салмақты тез қосатын, етті мал, еті өте дәмді. Бізде алты айлық дорпердің бағасы құжатсыз 350 мың теңгеден, ал құжаттарымен 500 мың теңгеден 1 000 000 теңгеге дейін барады. Бұлар соған тұрады! – деп тізіп берді бізге африкалық қой тұқымының барлық қасиеттерін «Виситаев Р.Д» ШҚ мал шаруашылығы фермасының басқарушысы Алексей Гончарев.
Веселовканың бағына біткен
Веселовкадағы шаруашылықта дорпер қойларынан өзге «Романов» асыл тұқымды қойлары, гемпшир, меринос асыл тұқымды қойлары өсіріліп жатыр. Қожалық иесі асыл тұқымды малдардың жартысын сатып ақшаға айналдырса, енді бір бөлігі таза етке сойылады, қалғаны өсіп-өнуге қалдырылады.
Негізінен егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Виситаев Р.Д» қожалығы үш-төрт жылдан бері осылайша мал шаруашылығына ойысып, асыл тұқымды қой басын көбейтуде.
Егіні жайқалып, өрісі малға толып келе жатқан ауылдағы ірі қожалықтың алға басып, өркендеуі Веселовка ауылы халқының тұрмыс жағдайына да игі ықпалын тигізеді.
Қой өсіруден қай аудан алда?
Қазақстанда биылғы жылдың басында шаруашылықтардың барлық санатындағы қойлардың саны 19,7 млн басты құраған екен. Статистикалық мәліметке сәйкес, үстіміздегі жылдың 1-ші маусымындағы жағдай бойынша облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарындағы қойлардың саны 621 мың бас немесе 89% болған (Қазақстандағы жалпы қой санының 2,5% құраған). Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қой басы 11%-қа кеміген.
Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттар бойынша, бүгінгі күні облыста асыл тұқымды қойлардың үш түрі өсіріліп жатыр, олардың саны 31 мың бастан асқан. Асыл тұқымды қойлардың жалпы табын басындағы үлесі 6,3 пайызды құрап отыр.
Облыс өңіріндегі қой шаруашылығымен айналысушы негізгі аудандардың ішінен қой саны жағынан Тарбағатай ауданы көш бастап тұр. Зайсан - 74 мың бас немесе 11,9%, Күршім - 107,4 мың бас немесе 17,2%, Тарбағатай - 129 мың бас немесе 21%, Ұлан - 120 мың бас немесе 19,3%, Марқакөл - 52 мың бас немесе 8,4%. Бұл аудандарда негізінен қазақтың құйрықты қылшық жүнді, жартылай қылшық жүнді және биязы жүнді қойлары өсіріліп жатыр.
Елімізде қой, ірі қара малдарының өнімділігін арттыру мақсатында асыл тұқымды мал басын өсіріп жатқан шаруашылықтарға субсидия беріліп келеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес қойлардың асыл тұқымды аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізген облыстағы қой шаруашылығымен айналысушы шаруашылықтарға 2023 жылы 56 млн теңге (14,2 мың асыл тұқымды аналық басқа), тауарлық аналық бастарға - 57 млн теңге (35,0 мың тауарлы аналық басқа), тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды, отандық асыл тұқымды жас төлдерді сатып алған шаруашылықтарға 78 млн теңге (5,2 мың бас қошқарлармен жас аналық төлдер) субсидия берілген.
Биыл қой шаруашылығын дамыту мақсатында қожалықтарға субсидия түрінде 154 миллион теңге бөлінген екен.
Жалпы облыс көлемінде қой шаруашылығының республикалық палатасында тіркелген таза асыл тұқымды қойлардың саны – 47,2 мың бас. Бұл шаруашылықтардың барлық санаттарындағы қойларға шаққандағы асыл тұқымды қойдың үлес салмағы 8% екенін көрсетеді.
Мұның ішінде:
29,5 мың бас асыл тұқымды қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойлары;
10 мың бас асыл тұқымды қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді;
4 мың бас асыл тұқымды қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді «Байыс» типті қойлары;
3,7 мың бас асыл тұқымды қазақтың биязы жүнді қойлары бар.
«Қой - байлық, жылқы - сәндік» дедік қой сөз басында. Байлықты қойыңызшы, 90-шы жылдары қой байлық емес, шайлық болып, өндіріссіз, жұмыссыз, еңбекақысыз қалып, зейнетақысын сарғайып күткен талай қазақтың бала-шағасын осы ақ, қара қой асырады емес пе? Қой саудагерлердің сатқан майына, қант, шайына су тегін болып айырбасталғанын көрдік. Киім-кешекті де осы қойдың арқасында сатып алмаса, қайтер еді ауыл жұрты, олардың мектептегі, қаладағы балалары ше?
Мал баққанға бітеді. Бірақ сол малды бағатын адам жоқтың қасында екенін айтады тағы ауылдағы шағын қожалық иелері. Ақша табуға талпынғандар табылғанымен, қой бағудың жайын білетіндер де қалмай барады деседі. Ірі қара мен жылқы сияқты бір уақ өріске қоя бере салмай, соңынан еріп жүретін қойды бағуды қиынсынатын көрінеді және...
Бұл күнде қой шаруашылығын дамытуға орай беріліп жатқан субсидиялар өз иесін тауып, Үкімет деңгейінде жасалып жатқан жоспарлар, анда-санда мінберлерден айтылып қалып жатқан қой басын арттыру туралы қызу әңгімелер сөз жүзінде қалмаса, қой шаруашылығының ауған жүгі қайтадан қалпына келер.
Дорпер туралы дерек:
Дорпер қойы жүнінің түсі ақ немесе денесі ақ түсті, басы мен мойны қара болады. Дорпер жүнсіз қой тұқымдарына жатады, олардың жүндері қысқа, тік, тегіс. Кейде қатты және тікірейіп тұратын жүн арқасында, бүйірлерінде және мойнында өседі. Дорпер қойларын қырқудың қажеті жоқ, жүні көктемде түлейді.
Ісек қойлардың салмағы 85-107 кг, саулықтардың салмағы - 55-65 кг. Туған кезде қозылардың салмағы 2-3,5 кг, ал бір айлық кезінде салмағы 12-25 кг болады. Қозылардың өсімі тәулігіне 450-730 граммды құрайды. Еті бірқалыпты таралған, сүйек пен бұлшықет талшықтары арасындағы май қабатының қалыңдығы аз.