Өскемендегі «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында «Туған жер - алтын бесігім!» жобасының аясында Алтай ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Біз бүгінгі «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылған Алтай ауданының жәрмеңкесіне барлығы 30 тоннадан астам ауылшаруашылығы өнімдерін әкелдік. Атап айтар болсақ, жылқы, іріқара, қой және үй құстарының еті, балық, сүттен жасалған өнімдер, тартылған ет, кондитерлік өнімдер, шекілдеуік майы, картоп, сонымен қатар қолдан жасалған тағамдардың түр-түрі бар. Жәрмеңкеге Алтай ауданына қарасты 16 ауылдық округтің барлық шаруа қожалықтары, жеке кәсіп иелері және ауыл тұрғындары белсенді атсалысуда» - дейді Алтай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Архат Ардақұлы.
Қыркүйек айынан басталған аудандар жәрмеңкесі әсіресе Өскемен қаласы тұрғындарының көңілінен шығуда. Олай дейтініміз, саудаға шығарылған кез келген өнімнің бағасы қала базарларындағы бағадан әлдеқайда арзан әрі сапалы.
«Өскемендіктер әбден үйреніп алған екен. Жәрмеңкенің басталғанына бір сағат өткен жоқ, тұтынушылардың қарасы өте мол. Саудаға шығарған өнімдеріміздің бағасы қала базарларындағы бағалардан 15-20 % арзан. Мысалы, сары майдың келісі қалада 6-7 мың теңге болса, біз 4,5-5 мыңнан саудалап тұрмыз. Еттің бағасы да 2 мың мен 2500 теңгенің арасында. Балдың да, пантокрин мен құрттың бағаларында да осындай айырмашылықтар бар» - дейді алтайлық саудагер Сайрангүл Серікболқызы.
Алтайлық өнепаздардың шырқап салған әндерімен әрленіп, қазандай қайнап жатқан жәрмеңкені сырттай бақылап тұрып сатушылардың да, алушылардың да бір-біріне риза боп жатқандарына куә болдық.