Шығыс Қазақстан көктемгі су тасқынына қалай дайындалып жатыр?
Фото: Медет Жәдігерұлының жеке мұрағатынан
«Қыстың қамын жазда ойла» деген халық даналығын көктемгі су тасқынына дайындықта ұстану маңызды. Себебі, мұздың ағып, қардың тау беткейлерінен жылдам еріп, жазық далада тасқынға айналуы басталғанда, қол қусырып қарап отыруға уақыт болмайды. Мұндай жағдайда алдын алу шаралары мен нақты іс-қимылдар ауадай қажет, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Көктемдегі қардың тез еруі, жер бетіндегі ылғалдың артуы, су тасқынынан болатын қауіптің негізгі факторларының бірі болып табылады. Яғни, табиғи апаттардың алдын алу үшін олардың басталуын күтіп, амалсыздан әрекет етуге болмайды, дайындықты ерте бастау қажет.
Ертіс бассейні инспекциясының жетекшісі Медет Жәдігерұлы 2024 жылғы көктемгі су тасқынының қорытындыларын шығара отырып, Қазақстанның биылғы көктемінде болғандай ауқымды су тасқынын соңғы жүз жылда Ұлы дала тұрғындары көрмегенін айтты.
Батыс Қазақстанда болған оқиға сөзбен айту қиын. Адам шығыны болмағаны қуанарлық жағдай, бірақ халыққа және мемлекетке келтірілген залалы зор болды. Алайда, Шығыс Қазақстандағы Ертіс бассейнінің бойында алдын алу жұмыстарын дұрыс жүргізудің арқасында, аймақта батыс өңірдегідей жағдай болмады.
Айтуынша, кейбір күтпеген жағдайлар да болған. Мысалы, қаңтар айында Зайсан ауданында ұзақ мерзімді жылымық кезінде таулардағы қар еріп, оны ағызып әкеткен су көшкіндері бір ауыл көшесін басып қалған. Риддерде Громотуха өзеніндегі мұз кептелісі салдарынан су тасып, қала маңындағы саяжай жерлердің бір бөлігін су басқан. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша сот ісі жүргізілуде.
Алдын алу жұмыстары
Сондықтан көктемгі су тасқыны аяқтала салысымен, Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде Ертіс алабында су тасқынына дайындық жоспары бекітілді. Бұл жоспар бірнеше маңызды бағытты қамтиды: жағалауды қорғау және тереңдету жұмыстары, көпірлер мен жолдардың тазалануы, бұзылған немесе шайылып кеткен өткелдерді қайта салу, сондай-ақ су тасқынына ұшырайтын елді мекендерде бөгеттер мен су шаруашылығы құрылыстарын салу.
Медет Жәдігерұлының айтуынша, барлық жоспарланған жұмыстар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Кейбір нысандар бойынша жұмыстар аяқталды, қалғандары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.
Шығыс Қазақстан облысындағы барлық қала мен аудандарда су тасқынын болдырмау үшін жоспарланған жұмыстардың ауқымы үлкен.
2025 жылғы су тасқынына дайындық аясында 2024 жылы 13 аудан бойынша 55 алдын алу шарасы жоспарланған. Оның 24-і облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, 31 шара аудандық бюджеттер есебінен жүзеге асырылуда.
Мысалы, Өскеменде жаз бойы Мұстафа Шоқай көшесінде арық жүйесін салды. Риддерде 31 қарашаға дейін Белая Уба өзенінің жағалауын нығайту және тереңдету жұмыстары аяқталуы керек, себебі көпірдің шайылып кету қаупі бар. Глубокое ауданында Глубочанка өзенінің арнасы мен Безымянный жотасының арнасы тереңдетіліп, түзетіледі. Зайсан ауданында Кендірлік өзенінің арнасы кеңейтіліп, бөгеттер жөнделуде.
Барлық өңірде 22 өзен арнасы бойынша тереңдету, тазалау және түзету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 8 қорғаушы бөгет жөнделіп, 4 қорғаушы вал салынуда.
2024 жылға Шығыс Қазақстан облысының су тасқынына дайындық жұмыстарына шамамен 763 миллион теңге бөлінді.
Медет Жәдігерұлы Ертіс бассейні инспекциясының жетекшісі ретінде Ертіс және оның салаларында орналасқан барлық гидротехникалық құрылғылардың биылғы су тасқыны кезінде жақсы жұмыс істегенін және ешқандай авариялық жағдай болмағанын ерекше атап өтті.