Табиғатты табыс көзіне айналдырып отыр
Катонқарағай ауданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан соңғы уақытта айтарлықтай дамып келеді. Ауданның негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Жыл басынан бері өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында біршама табыстарға қол жеткізілді. Сонымен қатар туризм, инфрақұрылым және әлеуметтік қорғау салалары да қарқынды дамуда,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Былтыр үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар үшін Катонқарағай, Шыңғыстай, Аққайнар, Белқарағай, Топқайын, Өрел, Қызылжұлдыз ауылдарынан 16 үй сатылып алынған болатын. Биыл 12 қоспәтерлі үйді сатып алу жоспарлануда.
Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі басым бағыттар – мал, егін, көкөніс, марал, ара өсіру.
Аудан «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда алдыңғы қатарға шықты. Өткен жылы 355 миллион теңгеге 46 жоба қаржыландырылса, осы жылы 448 миллион теңгенің 43 жобасы белгіленіп отыр. Оның ішінде туризм саласындағы 22 жоба (202 миллион теңге), омарта шаруашылығындағы бір жоба (7,2 миллион теңге), ет, сүт, қымыз, бал өнімдерін өңдеу цехтарын ашу бойынша 5 жоба (46 миллион теңге), етті мал және балық шаруашылықтары бойынша 12 жоба (183 миллион теңге), шағын бизнесті дамыту бойынша 3 жоба (9,2 миллион теңге) бар.
Биыл егіс алқаптарының аумағы 2229 гектарға жетті. Дәнді-бұршақты дақылдар 1150 гектар, майлы дақылдар 60 гектар жерге себілген.
Осы ретте атап өтерлігі биылдан бастап Катонқарағай ауылындағы ветеринарлық зертхана ғимараты күрделі жөнделмек.
Ауыл туризмімен айналысатындар көбейді
Бүгінде катондықтардың ауыл туризміне деген қызығушылығы артқан, бұл осы саладағы шағын бизнестің дамуына ықпал етуде. Ауданда мәдени-танымдық, этникалық, экологиялық, спорттық, медициналық туризм түрлері де өркендеп келеді. Жалпы, бұл өңірде 1520 төсек-орындық 66 қонақжай жұмыс істеп тұр.
Катонқарағайды тұрақты дамыту қоры «PKF Hospitality» халықаралық компаниясымен бірге аудан туризмін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуде, оған 36,5 миллион теңге бөліп отыр.
Еліміздегі ең ірі ұлттық парк – Катонқарағай паркінде жалпы ұзындығы 680 шақырым болатын 14 туристік маршрут бар, оның 333 шақырымын салт атпен, 247 шақырымын жаяу, ал 100 шақырымын автокөлікпен жүріп өтуге болады.
Туризмді дамыту үшін жол қажет. Осы салада да біраз жұмыс атқарылуда. «Жол жылына» сәйкес облыстық, аудандық жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы екі есеге ұлғайды. Осыған байланысты көшелер мен жолдар ретке келтіріліп жатыр.
Атап айтсақ, Согорное – Барлық – Ақсу автожолы орташа жөнделеді. Жобаның жалпы құны – 663 миллион теңге, осы жылға 248 миллион теңге бөлінді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Белқарағай ауылына кіреберіс жол орташа жөнделіп жатыр. Жоба құны – 157 миллион теңге. Бүгінге дейін 2 шақырым жол жөнделді, жұмыс жалғасып жатыр.
Аршаты ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуге 157 миллион теңге, Аққайнар ауылындағы Абай көшесін, Шыңғыстай ауылындағы Баекин, Алтай көшелерін орташа жөндеуге 215 миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар Жаңаүлгі – Жамбыл – Берел жолын жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 226 миллион теңге қарастырылған.
Былтыр инвестиция тарту бойынша жоспар ауданда туризм объектілерін дамыту есебінен орындалған болатын. «Топқайын» пантотерапиясын ашуға 275 миллион теңге, «Мұз Тау» эко-қонақ үйін кеңейтуге 1500 миллион теңге, жеке кәсіпкер Т. Мұсабаевқа тиесілі үш қонақ үйді салуға 70,4 миллион теңге қаражат салынған.
Осы жылы инвестиция тарту мақсатында тағы бірнеше туристік жобаны іске асыру жоспарлануда. Мәселен, қонақ үй бизнесінің ірі халықаралық операторы – «Tor're Altay Invest» компаниясы «Welness Resort» шипажайын салатын болады. Бұл ретте келіссөздер жүргізіліп, «QZ Property» компаниясымен меморандумға қол қойылған. Кешен аумағында емхана, СПА-орталық, мейрамхана, теннис алаңдары, серуен аллеялары, автотұрақтар орналасады. Қонақ үйде 218 төсек-орын болады. Кешен жыл бойы жұмыс істеп, белсенді және отбасылық демалысты қалайтындарға қызмет көрсетеді. Жоба құны – 8 миллиард теңге.
Сондай-ақ «Артель» ЖШС модульдік павильондары, мейрамханасы мен кофеханасы бар демалыс базасын салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 250 миллион теңге. Бұл жерде 20-ға жуық жұмыс орны құрылмақ.
Бұдан бөлек Катонқарағай ауылында бесжұлдызды қонақ үй, тау шаңғысы курортын салу, Өрнек ауылын абаттандыру, Катонқарағай ауылындағы әуежайды жаңарту сынды бастамалар қолға алынған.
Аудан орталығын абаттандыру жалғасуда
Ауданда инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Халықты сапалы сумен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» бағдарламасы аясында Катонқарағай, Топқайың ауылдарында су құбырлары мен құрылыстары жаңартыла бастады. Катонқарағай ауылындағы су құбырларын жөндеудің жалпы құны – 4 миллиард теңге. Жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталуға тиіс. Былтыр республикалық бюджеттен 250 миллион теңге, осы жылы Ұлттық қордан 2 миллиард теңге бөлінді.
Жылумен қамту жүйесі бойынша Катонқарағай ауылында жалпы құны 2,2 миллиард теңгеге орталық қазандық пен жылу желілері жаңғыртылып жатыр. Бүгінде жұмыстардың 97 пайызы аяқталған.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Белқарағай (34 миллион теңге), Жамбыл (14,5 миллион теңге), Жаңаүлгі ауылдарында (15 миллион теңге) көше шамдары орнатылды. Бұл жобалардың да тұрғындар тұрмысын жайлы етуге ықпал еткені сөзсіз.
Әлеуметтік қорғау саласы туралы айтар болсақ, биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 800 жұмыс орнын (531 тұрақты, 269 уақытша), оның ішінде 193 субсидияланатын жұмыс орнын құру, 20 адамды кәсіпке оқыту жоспарланған. 1 тамыға дейін 389 жұмыс орны құрылды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті 32 отбасы, яғни 173 адам алады, оның ішінде 13 көпбалалы отбасы бар. Ауданда 531 мүмкіндігі шектеулі жан бар, оның 19-ы – балалар. Олар тиісті жәрдемақы алады. Жалғызбасты 81 зейнеткер үйде арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Жалпы аудан бойынша биыл әлеуметтік төлемдермен 952 адам қамтылды, бюджеттен 39 миллион теңге төленді.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына 7 384 000 теңгенің 5 гранты берілді.
Ауданға 39 адамды қоныстандыру жоспарланған, оның 16-сы – өзге аймақтардан қоныс аударушы, 23-і – қандас. Бүгінгі таңда Катонқарағай, Өрел, Аршаты, Белқарағай ауылдарына 5 отбасы көшіп келді.
Білім беру саласы бойынша айтсақ, ауданда 20 мектеп, 3 балабақша, 16 шағын орталық, 2 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.
Ауданда «Қонақжай отбасы» жобасы қарқынды жүзеге асуда. Осы жылы Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Алтай, Глубокое аудандарынан 99 бала қабылданды. Олар 15 күн бойы жергілікті отбасыларда тұрып, қазақ тілін үйренді, өлке тарихымен, табиғатымен танысты.
Ауданда 28 мәдениет мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде 17 клуб, 1 мәдениет үйі, 9 кітапхана және бір Достық үйі бар.
Былтыр Топқайың ауылына клуб салынды (184,8 миллион теңге). Ағымдағы жылы Барлық ауылындағы ауылдық клубқа (38,5 миллион теңге) және медициналық пунктке (172 миллион теңге) жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Катонқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсіп, әртүрлі салаларда оң өзгерістер орын алуда. Ауыл шаруашылығы мен туризмнің дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы аудан болашағының жарқын екенін көрсетеді. Аудан басшылығы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін нақты қадамдар жасап, экономиканы нығайту бағытында жұмыс істеуде.