KZ
Өскемен
-19°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
526.11 542.31 4.76

«Сипап сеземін әлемді...»

14.12.2024, 17:30 39 Гульжан Мусина

Бұл күні ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы өздерінің тұрақты оқырмандарына «Жан жылуы» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Біраз жыл бұрын зағип және көзі нашар көретін жандар қоғамның көлеңкеде қалған бөлшегі іспеттес еді. Қазір бұл азаматтардың қаладағы қозғалысын жеңілдету үшін түрлі жағдайлар жасалуда.

– Қаламыздағы зағип және көзі нашар көретін азаматтардың қоғамға бейімделуін жеңілдету мақсатында біраз жұмыстар жүргізілді. Осы уақытқа дейін 17 дыбыстық бағдаршамдар орнатылды. Жыл басында біз «Кедергісіз Өскемен» атты кешенді жоспар құрдық. Бұл да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала көшелері мен ғимарат ішіндегі қатынасын жеңілдетуге бағытталған, – деп атап өтті Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Камшат Баубекова.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ақпараттық порталының ресми сайтынан алған ақпаратқа сүйенсек, Өскемен қаласы бойынша 418 нысан зағип және көзі нашар адамдар үшін бейімделген. Оның ішіне дәріхана, емхана, кітапхана, банк, әуежай, автобекет сынды маңызды мекемелер кіреді.

Жарықсыз жандардың жарқын әлемі

Жанарындағы жарық сөнгенімен, жүзінің оты әлі де жарқырап тұрған жандар баршылық. Солардың бірі Гүлбану Күзекпаева –  ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының маманы. Бүгінде ол мүмкіндігі шектеулі балаларға дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, зағип оқырмандарға Брайль әліпбиімен әріп танытып жүрген ұстаз.

Шыр етіп дүние есігін ашқанда әлемнің жарығын көрмеу бір басқа, жүре жанарыңнан айырылу бір басқа. Гүлбану Амангелдіқызы жанарынан 23 жасында айырылды. Оның тағдыр тауқыметіне мойымауы көпке үлгі боларлық.

Ел қатарлы өмір сүріп, бір қызы мен ұлын дүниеге әкелген жас Гүлбанудың бойын белгісіз бір дерт басып, қос жанары қараңғыны ғана көрсетіп қалады. Бұл жалғыз Гүлбану Күзекпаеваның ғана емес, оның жанұясының, жақындарының сынағы еді.

– Жарық дүниені көрмей қалу деген оңай емес. Мен күйзеліске ұшырадым. Айналаңды, жақындарыңды көрмей қалу деген қиын. Қолымда екі кішкентай балам ғана мені мына өмірге байлады. Жақындарым жылы сөзбен қолдау көрсетсе де, ол сөздері жүрегіме кірмеді. Өзімді қараңғы түнекте жалғыз қалғандай сезіндім. Өз үйімнің босағасына соғылып қалғанымда, өксіп тұрып жылағаным әлі есімде, – деді  Гүлбану Амангелдіқызы.

Жанарынан айырылуы былай тұрсын, бойын дерт шалғанда ол аяғын басып жүре алмайтындай ауыр хәлге түсті. Содан екі жыл қатарынан талай ауруханалардың табалдырығын тоздырып, түрлі оңалтулардан өтіп жүріп, аяғына тұрды. Кейін жанарының жартысын, яғни қапталынан көре алатындай қалыпқа келтірді.

– 1998 жылы жақындарым теледидардағы жарнама жолағынан зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапхана туралы оқыды. Менің үйіме жақын екен. Ертеңінде осы кітапханаға келдім. Осы жерде менің өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Мен өзімді, өзімнің хәлімді қабылдадым. Брайль әліпбиін үйрендім, – деп атап өтті Гүлбану Күзекпаева. – Балаларым таңертең мектепке барарда мені қолтықтап кітапханаға әкеліп, сабақтарына кетеді. Мен кітапхана ашылғанша осы жердің ауласында отыратынмын. 

Гүлбану Амангелдіқызының кітапхана табалдырығын алғаш аттағаннан бері 25 жылдан асты. Осы аралықта ол өзін жаңа қырынан ашып, дамытып үлгерді. Бір кездері Гүлбану ханым ән де айтты, республикалық деңгейдегі дойбы жарыстарына да қатысты. Өзі дойбы мен Брайль әліпбиін қаншама адамға үйретті. Бұл оның жеке жеңісі. Оның жақындарымен жүріп өткен даңғыл жолы.

Жыл басынан бері кітапханада Анна Залещук деген маман істеп келеді. Ол да осы жерге келіп, өзінің жан жарасын ұмытты. 2016 жылы кітапханаға оқырман болып келген Анна қазір кітапхананың бала оқырмандарына ертегі оқумен айналысады.

Анна Геннадьевна туғанынан зағип. Қос жанары анасының құрсағынан шыққанда-ақ қараңғылыққа тұнып тұрды. 17 жасында ол алғаш рет Брайль баспасымен кітап оқуды үйренді.  Тұрмысқа шықты, дүниеге сау бала әкелді. 20 жылдай бірге отасқан жарымен жолдары екіге бөлінген кезде, оған өміріндегі өзгерістерді өткеру қиынға соқты. Сол кезде ол, кітапханаға оқырман болып келіп, өзінің ақындық, жазушылық қабілеттерін дамыта түсті.

– Өзімнің бірнеше ертегімді жазып қойдым. Әзірге кітапханаға келген балаларға оқып жүрмін. Болашақта жазғандарым бір кітап болып басылып шықса ғой деп армандаймын, – деді Анна Залещук.

Анна Геннадьевна балалармен жұмыс істеудің өзі демалыс дейді. Себебі балалардың еркелігі де, ойнағаны да, күлгені де – риясыз.

Әр оқырман іздегенін табады

Кітапхананың басты ерекшелігі мен жетістігі – өздерінің баспа құралдарымен оқырмандардың сұранысына қарай кітапты Брайль әріптерімен басып шығара алуы. Кітапханашы Денис Ишунин Брайль қарпін меңгерген, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Ол өз қолымен зағип оқырмандарға қазақстандық авторлармен, әлемдік әдебиетпен танысуға мүмкіндік беріп жүр.  Брайль әріптерімен кітап басып шығару тифлокешен арқылы жүзеге асырылады. Осы тифлокешеннің арқасында кітапханадағы кітаптар қоры үнемі толықтырылып отыр.

Кітапхана "Көшпенділер" трилогиясын да, "Абай жолы" поэмасын да Брайль қаріптеріне түсіріп қойған. Бұдан бөлек, Фариза Оңғарсынованың, Қалқаман Сариннің, Оралхан Бөкейдің, Жамбыл Жабаевтың, Ұлықбек Есдәулеттің, Сәбит Мұқановтың, Жұмекен Нәжімеденовтің және көптеген ақын-жазушыларымыздың, өңірімізден шыққан дарынды авторлардың кітаптары "Бір ел – бір кітап" бағдарламасы аясында жарық көріп, зағип оқырмандарға ұсынылды.

– Брайль баспасымен көп кітап басып шығару мүмкін емес. Себебі кітаптың парақтары Ресей елінен тапсырыспен алынады. Тифлокешен алынған жылдан бері біз 260 дана кітапты Брайль әріптерімен басып шығардық. Биыл жоспарланған 13 кітаптың бүгінгі таңда 12-сін басып шығардық, – деп қосты кітапхана директоры Бекайым Қасымханқызы. 

Кітапханада абонемент, оқу залы, фонотека бөлімі, қорды толықтыру бөлімі сияқты бағыттар бар. Сондай-ақ кітапхананың ерекше оқырмандары үшін тифлокеңістік залы құрылған.

Көзі көрмейтін адамдар айналасында болып жатқан жағдайды көбінде тыңдау арқылы түсінеді. Сондықтан кітапхананың фонетика бөлімі оқырмандар үшін өте маңызды.

Фонетика бөлімінде әдеби, фантастикалық, медициналық, дамытушы, бизнесті үйрететін аудио кітаптар бар. Сонымен қатар, бұл залда релаксация, психологиялық жаттығулар бойынша сабақтарға арналған лаунж-алаң ашылды. Ол демалу, музыка тыңдау және тифлокомментарийлермен фильмдер көру орнына айналды.

Зағип және нашар көретін оқырмандар тифлофлешплейер арқылы  аудиокітаптар тыңдай алады.   Фонотека залы қазақ және орыс тілдерінде әртүрлі тақырыптағы аудиокітаптар жинағын ұсынады.

Биыл кітапханада зағиптар мен нашар көретіндерге арналған  арнайы бейімделген теннис үстелі орналасқан "Шоудаун" жеке кабинеті ашылды. Сонымен қатар, Өскемен қаласының "Ерекше бала" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған киізбен жұмыс істеу бойынша шығармашылық бұрыш (жүннен бұйымдар, кәдесыйлар, панельдер дайындау) жасалды.

 Ақерке Рағызбаева

Фото: Махаббат Ахметжанова

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу