KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

Жаңарған шақырымдар - ел игілігіне

14.12.2024, 19:30 29 Гульжан Мусина

Осы уақытқа дейін облыс тұрғындары тарапынан сын көтермейтін жолдардың сапасына қатысты көптеген  арыз-шағымдар айтылып келді. Ойдым-ойдым жолдардың жөндеу көрмегеніне талай жылдың жүзі болғаны рас. Экономиканың күретамыры саналатын,  алыс-берісті, барыс-келісті жандандырып, бизнестің белсенділігін арттыратын жолдың жағдайын барынша жақсартуды көздеген облыс басшылығы биыл өңірдегі жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшерін екі есеге дейін ұлғайтуды ұйғарып, 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялаған еді. Сол «Жол жылынан» жұрттың күткен үміті ақталып келеді.

Айтарлығы, жол жөндеу «Жол жылымен» аяқталып қалмақ емес. Облыстың жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл аймақта  (жөнделетін барлық жолдар мен олардың аяқталу мерзімі нақтылы көрсетілген)  бес жылдық жоспар жасалынды.

«Жол жылы» деп жарияланған 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайып,  қаржыландыру 31,5 млрд. теңгеге (2023 ж. – 20,4 млрд. теңге) дейін жеткізілді. Жыл аясында облыстық маңыздағы 222 км, аудандық маңызға ие 378 км жол, барлығы 600 км жол ( 31,5 млрд. теңгеге) жөнделіп, көшелер ретке келтіріледі. Дәл бүгінгі күнге дейін оның 420 км жөнделіп бітті.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, соның ішінде биыл облыстағы жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд.теңге бөлінді (республикалық бюджеттен  – 2,3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 0,7 ).

Қазіргі күні Өскемен қаласының Сәтпаев пен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Алматы тас жолына шығатын Жібек Жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту аяқталды.

Облыс орталығындағы Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылының тұсында Ертіс көпірінен түсуде айрық жолдар салу, сондай-ақ Виноградов көшесінің тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған жолдардағы орташа жөндеу жұмыстары негізінен елді мекендер мен туристік аймақтарға (1,1 тыс. км.)  жақын жатқан жолдарда жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» аясында және аудандардың өз қаражаты есебінен де біраз жол қалпына келтірілуде. Биыл ауылдардың ішіндегі көше жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды қолға алынды.

Ағымдағы жылы облысымыздағы елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 600 км жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 110 жоба іске асырылып жатыр. Олардың  11 – өтпелі (11%), 99 - жаңа жоба.

Облыстық маңызы бар жолдарда 15 нысан, 6-ы ауыспалы,  9-ы жаңа нысан іске асырылуда. Олар: «Шілікті –Зайсан» (0-12) автомобиль жолының 12 шақырымы, «Ақжар-Омбы-Майқапшағай» (106-124 км) жолының 18 шақырымы, «Үлкен Нарын –Күршім» (23-38 км) жолының 15 шақырымы.

30 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталуда: «Васильевка-Бозанбай» жолының 15 шақырымы (Сібе көлдеріне апаратын), «Күршім-Қалжыр» 15 шақырымы (91-106 км).

100 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде: «Өскемен-Тарғын-Самар» жолының 12 шақырымы (133-145 км), «Шілікті-Ақжар» жолының 30 шақырымы (78-93, 93-108 км), «Күршім–Қалжыр-Бурабай» жолының 15 шақырымы, «Октябрь өткелі-Алтайка-Новохайрузовка» жолының 27 шақырымы (км 10-25, 25-36,4), «Новотроицкое ауылына кіреберіс» жолының (км 6-22) 16 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды.

Санынан  бұрын сапасы маңызды

Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелер бойынша 380 шақырым жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 95 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 5 ауыспалы және 90 жаңа жоба.

Жобалар жетерлік, алайда, олардың санынан, ұзындығынан бұрын сапасы маңызды. Себебі, жөнделгенімен, келер жылы ақ қайтадан қиыр-шиыр қалпына түсіп жататын жолдар көп.

– Бар мәселе сапада болып тұр. Келер жылы бұл проблемамен тағы бетпе-бет келмеу үшін биыл жөндеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізу қажет. Жол патрульдерімен тығыз жұмыс істеу керек. Жолдың тозуына көптеген фактор әсер етеді. Оның ішінде сапасыз атқарылған жұмыс, жер бедері мен климат та бар. Жалпы, құрылыс технологияларын өзгерту жайында да ойланатын кез келді. Ал бақылау жұмыстарына құзырлы басқарма мен Ұлттық сапа орталығы ғана емес, қарапайым адамдар да қатыса алады. Бұл іске қоғам белсенділерін тартыңыздар. Кез келген адам жөндеу жұмыстарын қайда және қашан жүргізілетінін білуі үшін басқарманың сайтында жолдардың толық тізімін жариялау қажет, – деп тапсырма берген болатын облыс әкімі Ермек Көшербаев салынған, жөнделген жолдың ұзындығына емес, сапасына назар аудартып.

Салынып, жөнделіп жатқан жолдардың,  құрылыс материалдарының сапасын бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК (бұдан әрі-Ұлттық сапа орталығы) жүзеге асыруда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жол сапасын қадағалауға орай орталық филиалымен 80 млн. теңге сомасына шарт жасасқан.

Аудандарда, қалаларда салынып жатқан жолдарды тізбектей кетсек, биыл Өскемен қаласының әкімдігімен 35 шақырым жол жөндеу бойынша 38 жоба  іске асырылуда. 

«Өскемен -Алтай- Үлкен Нарын- Катонқарағай- Рахман қайнарлары» бағытындағы Осинов асуының жолын салу жалғастырылып жатыр. Қазан айының ішінде көптен күткен Бұқтырма су қоймасының үстіне салынып жатқан көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуға қаражат бөлуді тапсырғанда тек күршімдіктер ғана емес, бүкіл өңір халқы сенер- сенбесін білмей, қатты қуанды. Енді міне, «Жол жылында» ғасыр құрылысы мәресіне жетіп, аймақ жұрты абыр-дабыр болып, бір бірінен сүйінші сұрасып, әлеуметтік желілерде қуанышты хабарлар желдей есіп, Күршім халқы тойға қамдануда.

Әдетте, жолдың нашарлығы аудандарда азық-түліктің қымбаттауына, жанармай, көмір бағасының өсуіне себепші болып, халықтың әлеуметтік жағдайына өз әсерін тигізетіні жасырын емес. Сол тозығы жеткен жолдар жөнделіп, жаңарған соң елдің де көзі ашылды. Биыл Самар ауданында  9 жоба, Зайсан ауданында 26 км жөндеу бойынша 5 жоба, Алтай ауданында 14 км жөндеу бойынша 8 жоба іске асырылуда.

Тарбағатай ауданында 54 км жөндеу бойынша 12 жоба, Катонқарағай ауданында 23 км жөндеу бойынша 7 жоба, Күршім ауданында 10 шақырым жөндеу бойынша 9 жоба іске асырылуда.

Глубокое ауданыда 28 шақырым жөндеу бойынша 11 жоба және Шемонаиха ауданында 28 км жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ұлан ауданында 32 шақырым жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында 3 жобадан жүзеге асырылып жатыр.

Шемонаиха қаласындағы Уба өзені арқылы өтетін апатты көпірді қайта жаңарту жобасы әзірленуде. Аталған көпір 1962 жылы салынған, жаңа көпірдің жоба-сметалық құжатын әзірлеуге 194 млн. теңге бөлініп отыр.

Рекордтық көлем

Биыл «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» республикалық тас жолының  60 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріледі.

 «Калбатау-Майқапшағай» тас жолындағы ұзындығы 181 шақырымдық жол бөлігі де биыл пайдалануға берілмек.

2024-2025 жылдарда   17 жол нысанын жөндеуге   37 млдр. Теңге қарастырылып отыр:

- 152 км  «Өскемен – Алтай - Үлкен Нарын - Катон-Қарагай –Рахман қайнарлары» бағытында,

- 105 км  «Өскемен-Риддер- РФ шекарасы» бағытында,

- 24 км  «Омск-Майқапшағай – Қалжыр - Марқакөл» бағытында,

- 18 км  «Өскемен- Семей» бағытында,

- 93 км  «Өскемен - Шемонаиха -  РФ шекарасы» бағытында.

Биыл барлығы 110 км жолға орта жөндеу жүргізіледі, жобалар 2025 толық аяқталады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалының мамандары облыстағы  республикалық маңыздағы 392 км жолдың орта жөндеумен қамтылып отырғаны   рекордтық көлем екенін айтуда. Жоғарыдағы жолдар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып біткен соң облыстағы республикалық маңызға ие сапасыз жолдардың барлығының жағдайы жақсарады.

Жүк көліктеріне бақылау жүргізілмек

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары жолдардың сақталуын қамтамасыз ету жол қозғалысы қауіпсіздігінде маңызды рөл атқаратынын айтады. Салмағы габариттік параметрлерді бұза отырып, кен тасымалдап жатқан жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалысы жол жабындысының құрылымын бұзуға, қауіпсіздікке қауіп төндіретін ақаулардың пайда болуына әкеліп жатыр. Бұзылған жолды қалпына келтіру үшін кем дегенде орташа жөндеу жүргізу қажет екен. Көлік Министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар жолдарда жүк көлік құралдарының салмақтық параметрлерін өлшеудің автоматты жүйесін орнату мәселесі пысықталуда.

Күршім ауданында пайдалы қазбалардың көптеген кен орындары бар. Кен орындарында комбинаттардың болмауына байланысты кен Алтай ауданына, облыстық маңызы бар "Күршім-Қалжыр" (131 км) және "Үлкен Нарын-Күршім" (135 км) автомобиль жолдарымен тасымалданады. 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бұл жолдарға шамамен 5,8 млрд. теңге салынып, 192 км жөнделген.

Аталған жол бағытында салмақтық бақылау кешенін орнатуға 130 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

«Жол жылы» ел арасын жақындатқан бағыттар барынша назарға алынып, бір түлеп қалғаны рас.

ШҚО бойынша автомобиль жолдарының жалпы желісі 5265 км құрайды, оның ішінде: республикалық маңызы бар жолдар - 1238 км, облыстық маңыздағы жолдар - 1587 км, аудандық маңызы жолдар -  2440 км.

 Жанаргүл Көкенайқызы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу