KZ
Өскемен
-19°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
526.11 542.31 4.76

«Қожа - сотқар емес, жүрегі кіршіксіз таза бала»

14.12.2024, 20:00 36 Гульжан Мусина

Альфа-ұрпақтың өкілдері бас кейіпкерді осылай қабылдайды

Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханада көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына жүз жыл толуына орай  «Шындықты шығармасына шырақ еткен» атты көрме өтіп жатыр. Көрмеге жиналған оқушылар қаламгердің танымал шығармасы «Менің атым Қожа» повесін талдап, пікірлерін ортаға салды.  Альфа-ұрпақтың өкілдері шығарманың бас кейіпкері, өздерімен құрбы Қожаның іс-әрекеті туралы не ойлайтынын біздің тілшіміз біліп қайтты.

Көрмеге жазушы Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары, ол кісі туралы мақалалар мен сұхбаттар  жарияланған журналдар мен газеттер, отбасы мүшелері мен актерлердің мерзімді баспасөздегі сұхбаттары қойылыпты. Оқушыларды, әсіресе, фильмнің ең қызықты жерлері бейнеленген кадрлар көрмесі қызықтырды. Пікірталас басталмас бұрын кітапхана қызметкері Дильназ Әнуарбек классик жазушының өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, сұрақ-жауап арқылы балаларды әңгімеге тартып отырды. Кітап кейіпкері Қожамен түйдей құрдас оқушылар қазір мектеп бағдарламасында осы  туындыны өтіп жатыр екен. Оқушылар шығарманы оқу әрі фильмін көру арасында қандай айырмашылық барын, оқиғаны қалай қабылдайтындарын ортаға салды. Танымал шығарманы ата-аналарының естелігі арқылы естіп-білген жас өркендердің назары, әрине, киносын көруге ауыпты, шығармамен танысуды содан бастаған.

– «Бір Ел – бір Кітап» акциясы аясында бүкіл елімізде оқу үшін таңдалып алған «Менің атым Қожа»  шығармасын екі-үш бала ғана оқыпты, басым бөлігі фильм арқылы таныс. Біз, әрине, жас оқырмандарымызға Қожамен бірінші кезекте кітап арқылы танысыңыздар, сосын кинотуындыны көріңіздер деген ой тастадық. Жуықта облыста театрлардың республикалық фестивалі өткені мәлім. Сол кезде осы туынды бірнеше күн бойы облыстық театрымызда сахналанды. Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжар арнайы келгенін білеміз. Балалардың кейбіреуі осы қойылымды да тамашалапты, соған риза болдық, – дейді Дильназ Әнуарбек.

Балалардың көбін ең алдымен  Қожаның рөлінде ойнаған Нұрлан Санжардың қазір қандай болғаны, неге басқа рөлдерге түспегені, кино әлеміндегі жолын неге жалғастырмағаны қызықтырды.

– Бір сұхбаттан естіген едім, ол кісі киноға түсем деп бір сыныптан екіншісіне өте алмай, сабақ үлгерімі нашарлаған соң, басқа киноларға түсуден бас тартыпты. Алайда Нұрлан Санжар барлығымыздың есімізде  сүйікті кейіпкеріміз – қара Қожа болып қала береді, – деп түсіндірді Дильназ Әнуарбек.

Жазушының өмірбаянымен танысып, біраз дүниеге қанық болғаннан кейін, «Менің атым Қожа» шығармасы туралы пікір алмасқан оқушылар ынталандыру ойынына қатысты. Сұрақ қойылып, жауаптар алынды. Қожаның шын есімі кім?  Қожа қай мұғалімнің сөмкесіне бақа салды? Пушкиннің шығармасын мәнерлеп оқыған Қожаның сыныптасы кім? 

Балалардың жауабын тыңдап отырып, Қожаның іс-әрекетіне бүгінгі құрбылары түсіністікпен қарайтынын естідік.

Олар үшін Қожа сотқар бала емес, оның балалықпен істеп қойған оғаш қылықтары бар шығар, бірақ оның кіршіксіз ақ көңілін бәрі де байқаған.  Алайда бүгінгі  Альфа-ұрпақтың өкілдері үшін мұғалімнің сөмкесіне бақа салу өрескелдеу көрінеді. Оқушылар Қожаның сыныптасы Жанарға деген қарым-қатынасын балалық махаббат деп түсінеді.  Қара Қожаның бірдеңеге соқтығып жүретінін бала жүректерімен қабылдайды. Қыздардың бантигін түртіп ойнау, ұлдармен төбелесе кету сияқты ұсақ тентектіктер өз бастарында да кездеседі.

– Бір жағынан ойлаймын, Бердібек Соқпақбаев бала жанын түсінетін нәзік психолог, ол балаға қалай жеткізу керектігін, баламен қалай сырласу керектігін жақсы білген жазушы. Шығармашылығы негізінен балалар әдебиетіне арналған. Жазу стилі бөлек, оқырманға берері, айтары мол, балаларға бай мұрасын қалдырып кетті. Біз оқушыларға спорт тақырыбына қызығушылық танытқан қаламгердің «Жекпе-жек» кітабын оқуға кеңес береміз, – деп қосты кітапхана қызметкері.

Қазақ киноиндустриясының классикасына айналған керемет фильмнің саундтрегі «Саржайлау» әнінің шығу тарихы мен авторы, белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев туралы мағлұмат алған  оқушылар кездесу соңында осы әнді караокемен шырқады.

– Көрме апта аяғына дейін созылады. Бүгін №3 мектептің бесінші сынып оқушылары келіп, көрмемен танысып кетті.  Қазір басқа білім ошақтарынан да өтініштер түсіп жатыр. №12 аралас мектептен келеміз деді. Бізде ақпараттар екі тілде дайындалған, сол себепті келем деушілердің барлығын қуана қарсы аламыз, – деп қорытты Дильназ Әнуарбек. 

Қожаның рөлін сомдаған актер, сценарист Нұрлан Санжардың Шығыс топырағында бірнеше жыл тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Нұрлан Санжар 1974 жылы Өскемен педагогикалық институтын тәмамдап, Катонқарағай ауданында жұмыс істеген. Естеліктерінде ауылда қанша еңбектенсе де, әлденеден жалығып, шаршау деген болмағанын айтады. Кейін 1982 жылы Мәскеу қаласындағы ВГИК-тің сценарий факультетін бітірген. Өзі Алматыда өмірге келсе де, ата-анасы Ақтөбе облысының тумалары.

Айна Ескенқызы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу