KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 3 м/с, В
526.81 542.72 5.16

Тіс емдеу неге қымбат?

Фото: vitadentplus.ru

13.12.2024, 09:30 58 Гульжан Мусина

Еліміздегі стоматологиялық қызметтің құны жыл сайын қымбаттайды. Тіпті тісті емдету мен салдыру былай тұрсын, жұлдыру бағасы өткен жылғымен салыстырғанда жеті пайызға өскен. Алда-жалда тісіңіз ауырып, стоматологиялық орталыққа барсаңыз, бір тісті емдеу үшін кемі 38 мың, ал жұлдыратын болсаңыз 10-40 мың теңгеңізді шығындауға дайын болыңыз.

Тіс емдеу құны неге қымбат? Оған басты себептіс емдеу барысында қолданылатын барлық құрал-жабдық пен материалдың шетелден әкелінуі дейді мамандар. Мысалы тісті алмастыратын имплантаттар Оңтүстік Корея, Германия, Италия сынды мемлекеттерден алынса, пломбалық материалдар да шетелдікі. Тіпті жансыздандыратын екпенің өзін АҚШ-тан алып отырмыз. Ал оның бір ампуласының  орташа құны – 14 мың теңге. Түптеп келгенде мұның бәрі стоматологиялық қызмет құнының шарықтауына әкеліп соғатыны айдан анық. Өзімізде жоба күйінде тұрған титан имплантаттарын өндіру іске асырылса, баға айтарлықтай төмендер ме еді? Кім білсін? Дегенмен бұл алдағы уақытта шешілетін мәселелердің бірі ғой…

Шетелден сатып алуға сан миллион қаржы жұмсалып жатқан сол имплантаттар Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жасалады. Алдағы уақытта бұл жоба патенттеліп, стоматологиялық емханалар мен ауруханаларда қолданысқа енгізілмек.

Бүгінде әлем халқының төрт миллиардқа жуығының тісі сау емес. Оның ішінде 90 пайызы тісжегімен (кариес) ауырады. Ресми дерек көздері осылай дейді. Ең қызығы сол, жапондар мен америкалықтар, сондай-ақ еуропалықтар стоматологтың қызметіне сирек жүгінеді екен. Өйткені бұл мемлекеттердегі барлық ауруханада кез келген аурудың алдын алу мақсатында арнайы шаралар жүргізіледі. Бұл соның жемісі. Ал көршілес Өзбекстанда стоматологиялық қызмет құны бізге қарағанда әлдеқайда төмен.  Мысалы, Ташкентте бір тісжегіні емдеудің орташа құны – 30 сом, біздің ақшамен 1335 теңге. Пломба салу 890, ақыл тісті жұлдырту 3115, тісті алмастыратын имплантатты орнату 77 мың теңгеден басталады. Ал бізде имплантация жасау үшін кемінде 100 мың теңге қажет. Сондай-ақ Ташкентте тіс дәрігерлерінің қабылдауына жазылған зейнеткерлер мен студенттерге 10 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар кейінгі кезде Жапонияға барып, тіс емдететін жандар көбейген. Өйткені онда пациенттерге барлық жағдай жасалған. Тіпті, бұл елде «Тіс саулығы – ұлт саулығы 80-20» деп аталатын ұзақ мерзімді бағдарлама да қабылданғаны мәлім. Бағдарлама бойынша әрбір 80 жастағы қарияның 20 тісі болуы керек деген ұстаным басшылыққа алынады. Ал бізде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тісін тегін емдетуге болады. Қызметтің бұл түрі Өскемендегі балаларға арналған стоматологиялық емханада көрсетіледі. Сондай-ақ елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жүкті келіншектерге жеңілдік жасалады.

Өскемендегі стоматологиялық емханаларда бір тісжегіні емдеудің орташа құны 14500 теңгеден басталады. Рентген 15000 теңге, тіс емдеу мен пломба салудың орташа құны 10-40 мың теңгенің аралығы. Ал тіс ұлпасының қабынуынан (пульпит) арылуға кемінде 40-55 мың теңге қажет. Брекет салдыру 240 мың теңгеден басталады.

– Тісжегі, одан кейін – тіс ұлпасының қабынуы , тіс түбірінің қабынуы (периодонтит), қызыл иек тіндерінің қабынуы (парадонтоз) сынды аурулар жиі кездеседі. Бұл дерт барлық жастағы адамдарға ортақ. Тіс түбіріне ірің түссе, оны дереу жұлып тастау керек. Әйтпесе іріңді ошақ жүрекке, бүйрекке әсер етіп, басқа дерттерді қоздырады. Ағзаның қорғаныш қабілетін әлсіретеді. Тісжегінің өзі – созылмалы індеттің көзі. Тісжегіге ұшырағанда жүрек-тамыр жүйесінің аурулары, құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйелерінің, эндокриндік жүйелер патологиясы және тағы басқа да сырқаттар күшейеді, – деді өскемендік стоматолог Юлия Павловна.

Тісін несиеге жөндейтіндер көбейді

Елімізде екі мыңға жуық жеке стоматологиялық емхана жұмыс істейді. Оның 80 пайызы қалада, 20 пайызы ауыл-аймақтарда орналасқан. Осыдан-ақ шалғайдағы елді мекендерде тіс емдеу орталықтарының тапшы екенін аңғаруға болады. Ал күн сайын бірнеше науқасты қабылдайтын ауылдағы бір-екі маманның барлық адамды бір мезетте қарауға уақыты жетпейтіні айдан анық. Соның салдарынан ауылдағы ағайын қалаға сабылып, ем іздейді. Шамасы жеткен жандар тістерін жөндету үшін қолдағы барын береді. Ал емдеу құнын қалтасы көтермейтін науқастар амалдың жоқтығынан кері қайтуға мәжбүр. Солардың бірі – Айдын Рахымжанов. Оның айтуынша, оған орташа есеппен екі тісін емдету үшін 450 мың теңге қажет. Ал мұндай сомадағы қаражатты төлеуге қарапайым күзетшінің шамасы жете ме?

– Бір тісті жұлдыруға, сондай-ақ имплант салдыруға кемінде 220 мың теңге керек. Ал ауырсынуды басатын екпе мен тісті жансыздандыруға арналған кіп-кішкентай ғана ампуланы сатып алу үшін 20-25 мың теңге қажет. Шыны керек, мұндай қомақты соманы біз сияқты ауылда тұратын ағайынның қалтасы көтермейді, – деді ол.

Бүгінде елімізде несие рәсімдеп, не болмаса ақысын бөліп төлеу арқылы тіс емдеу қолға алынды. Мұның тиімділігін көріп отырған жандар да табылды арамыздан. Солардың бірі – Камила Қинаятова.

– Айлығы шайлығынан аспайтын біз сияқты жандар үшін бұл өте тиімді тәсіл. Жеке басым, стоматологиялық қызметті алу үшін 700 мың теңге көлемінде несие рәсімдедім. Оны екі жыл бойы бөліп, төлейтін боламын. Ең бастысы, денсаулық қой, қалғаны табыла жатар, – деді ол.

Енді зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдетуге алу үшін дәрігерлік-консультациялық комиссия қортындысы қажет. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев мәлім еткен еді.

– Тіс емдеуге арналған жинақталған зейнетақы төлемдерін алу үшін енді дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытындысын алу қажет. Аталмыщ комиссия өтініш беруші ұсынған мына құжаттарды тексереді: емдеуге дейін және кейін рентген сәулелерінің нәтижелері, емдеу жоспары, өтініш беруші таңдаған стоматология лицензиясы. Содан кейін дәрігерлік-консультациялық комиссия құрамына кіретін тіс дәрігері белгіленген нысан бойынша қорытынды шығарады, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ата-анаға баласының тісін емдеу үшін зейнетақы жинақтарын жұмсауға болады.

Бес жыл кепілдік береді

Өскемендегі бірнеше стоматологиялық емханаға бас сұққанымызда, ондағы мамандардың дені тісті несиеге жөндейтін науқастардың қатары артқанын айтты. Өйткені бұл клиент үшін тиімді. Ал келесі кейіпкеріміз Татьяна Николенко болса, тісін емдету үшін өзбекстандық стоматологтардың көмегіне жүгініпті. Оның айтуынша, көршілес мемлекеттегі  дәрігерлер әр науқастың тісін жөндеп берген соң оған бес жыл кепілдік береді екен. Егер осы уақыт аралығында пациент қайта ауыратын болса, ондағы мамандар барлық емді қайтадан тегін жасайды. Тіпті барып-қайту шығынына дейін өтейді екен. Бұл бір жағдай ғана. Егер сол қолжетімді бағаны өзімізде ұсынса, халық сонау жаққа сабылмай-ақ қояр еді ғой…

Бүгінде Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы медициналық университеттерде стоматолог мамандар даярланады. Алайда соған қарамастан мемлекеттік мекемелерде кадр тапшылығы сезілуде. Өйткені жас мамандардың дені жеке стоматологиялық емханаларда жұмыс істеуге құлықты. Өйткені онда жалақы жоғары. Басты себеп сол. Отандық мамандар осы олқылықтың орнын толтыру үшін стоматологтардың біліктілігін жетілдіріп, мемлекеттік тіс емханаларының санын арттыруды көздеп отыр. Мұндағы басты мақсат – халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтерді ұсыну.

– Стоматологтарға сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, жыл сайын еліміздегі медициналық университеттерде қаншама тіс дәрігері оқу бітіріп шықса да, кей өңірлерде кадр тапшылығы сезілуде, – деді Бірыңғай Қазақстан стоматологтары қауымдастығының президенті (EKAS), медицина ғылымдарының докторы, IDA Дүниежүзілік стоматология академиясының академигі Сәуле Есембаева.

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында бірқатар игі іс атқарылуда. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Десе де, стоматологиялық қызмет құнының қымбаттауы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді.

 Ажар Мұратқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу