Дуальды оқыту: техникалық және кәсіптік білім берудегі жаңа мүмкіндіктер
Фото: pexels.com
Кәсіпорындардың сұраныстарына сай кадр даярлау мәселесі – бүгінгі күні өзекті бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне дуальды оқыту әдісін енгізу – уақыт талабына сай қолға алынған тиімді қадам. Дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алушылар теорияны тәжірибемен ұштастырып, еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімделеді.
Өңірдегі дуальды оқыту әдісінің тиімділігін Өскемен жоғары политехникалық колледжінің түлектері көрсетуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері 19 студент «Согра ЖЭО» ЖШС-де тәжірибеден өтіп, айына 200 мың теңгеден астам еңбекақы алды. Бұл – тек тәжірибе ғана емес, сонымен бірге маман ретінде жұмысқа бейімделудің нақты мүмкіндігі. Тәжірибеден өткен студенттердің 15-і кәсіпорынға жұмысқа орналасты, ал қалған 4 түлек жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда.
Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылып, 2023-2024 жылдары 5 930 орынды құраса, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш 6 630 орынға жетті. Бұл колледждерге қабылданатын жастардың санының артуымен қатар, олардың сапалы білім алып, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман ретінде шығуына ықпал етеді.
Жастардың шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін азайту мақсатында жыл сайын «Білікті маман» жобасы іске асырылады. Бұл жоба арқылы облыстың жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар беріледі. Атап айтқанда, білім беру, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, құрылыс, ветеринария және ауыл шаруашылығы бағыттарында оқуға мүмкіндіктер қарастырылған.
2024-2025 оқу жылына жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 270 грантты құрады. Оның ішінде 220 грант Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарына, ал 50 грант Абай облысының медициналық жоғары оқу орындарына бөлінді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде шетелдік университеттерге кететін мектеп түлектерінің саны 2017 жылы 1800 адам болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 268-ге дейін төмендеді.
Өңірде балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсету шаралары да ерекше назарға алынған. «Мейірім» патронаттық кәсіпорындарының корпоративтік тәлімгерлік акциясы қайта жандандырылып, бүгінгі күні 210 тәрбиеленушінің Отбасы банкіндегі шоттарына 30 миллион теңге аударылды. Бұл – облыстық басқармалар, білім бөлімдері, мектептер мен колледждер ұжымдарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Мұндай қолдау балалардың әлеуметтік бейімделуіне және болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қолға алынған бастамалар өңірдегі кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтеріп, жастардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасауда. Дуальды оқыту, мемлекеттік гранттарды ұлғайту және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне көрсетілген қолдау – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадамдар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың білім мен еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына ықпал ететіні сөзсіз.
Ержан Әбіш